Шымкент қаласында 950-ден астам білім ұясы бар. Онда білім алатын оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануда түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істейді. Жуырда ғана ашылған жаңа Оқушылар сарайы шәкірттерді қабылдап, 6 бағыт бойынша үйірмелер жұмысын бастап кетті.
Шаһарда оқушылардың саламатты өмір салтын ұстанып, білімі мен шығармашылығын шыңдайтын тағы бір Оқушылар сарайының құрылысы сәуірді басталған болатын. Жалпы сыйымдылығы 500 орынды құрайтын нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Ғимарат Тұран шағынауданында бой көтерді. Жаңа Оқушылар сарайы 3 қабаттан, 3 блоктан тұрады. Мұнда 7-18 жас аралығындағы оқушылар өз қарым-қабілетіне қарай үйірмелерге жазыла алады.
Жаңа нысанның жобасында 35 орынға арналған асхана және 81 көлікке көлік тұрағы қарастырылған. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарының 10 пайызға жуықғы орындалды. Нысанның құрылысын 2024 жылы аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда.
Тұран ауданы — Шымкент қаласы құрамындағы әкімшілік бірлік. 2022 жылы 7 шілдеде құрылды. Ауданның аумағы 36,3 мың га (қала аумағының 32%), халық саны – 220,7 мың адамды құрайды.
Ауданға 16 елдімекен мен тұрғын алабы кіреді. Даңғылдар мен көшелер саны 533 болса, тұрғын үйлер саны 39 883. Ал әлеуметтік нысандар бойынша 25 мектеп, 18 балабақша, 6 колледж, 6 денсаулық мекемесі, 5 саябақ болады.
Шымкент қаласындағы бесінші ауданға атау беру туралы қала әкімі аппаратының басшысы Г. Мауленкулов баяндаған болатын. Ол қоғамдық тыңдау өткізіліп, жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық» атаулары мен Ш.Қалдаяқов, А.Асқаров, Ж.Тәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс пікірлер түскенін, көпшілік «Тұран» атауын қолдағанын, одан бөлек жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың ұсынымдары да ескерілгенін атап өткен болатын. Нәтижесінде сессия отырысында ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары бір ауыздан қолдаған еді.