Шымкентте азаматтарды жұмыспен қамту шаралары қарқынды. Алайда, еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік сала мамандарының тапшылығы байқалады. Қазіргі таңда жұмыс берушілерден автомобиль жөндеу –дәнекерлеушісі, байланыс желілерінің электриктері, жол-құрылыс көлігінің машинисі, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлерге сұраныс өте көп.
Халықты жұмыспен қамтумен қатар, отандық өндірісті дамытуға үлкен қолдау ретінде жыл сайын қысқа мерзімді кәсіптік оқыту ұйымдастырылуда. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жұмыссыздарды кәсіптік оқуға жолдау биыл қыркүйек айында басталады.
Бұл туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың инстаграмм әлеуметтік желі парақшасындағы тікелей эфирі барысында мәлім болды. Басқарма басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, кәсіптік оқытудың шарттарымен таныстырып өтті.
-Жұмыс берушілерден түскен өтінішке сәйкес биыл 1500 азаматты оқу ұйымдарында түрлі мамандықтар бойынша оқыту жоспарланған. Кәсіптік оқыту мерзімі 3 ай. Ай сайын 20948 теңге шәкіртақы мен 2 АЕК, яғни 6900 теңгеден бір реттік материалды көмек төленеді. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде 10 жұмыс күні ішінде мәлімдеген жұмыс орнына кемінде 6 ай мерзімге жұмысқа орналастыруға міндетті,-дейді Балмаржан Полатқызы.
Жыл басынан «Гаухар», «Shymkent temir», «Beskuduktas», «Кондитерская «ПИОНЕР», «KARLSKRONS LC AB» , «ПожТехМонтаж-СБ», «New Resources Consulting», «Ай Сервис Транс» және «Хадиша Отель» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Самұрық инвест», «Бал Текстиль», «Айдын-energy», «AZALA Textil» сынды 74 ірі кәсіпорындардан 32 мамандық бойынша оқу ұйымдарында кәсіптік оқытудан өткен жұмыс күшіне өтінім түскен.
Сондай-ақ жұмыс беруші компаниялардың өтініші бойынша 760 адамды жұмыс орындарында кәсіптік оқыту жоспарланып отыр.
Оқу аяқталған соң бітіруші кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналасады. Жұмыс орындарында оқытып, өздеріне жұмысқа қабылдауға ниетті 34 компаниядан 40-тан астам мамандыққа өтінім түскен. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту онлайн платформа арқылы да жүзеге асырылады. https://skills.enbek.kz/ сайты арқылы бүгінгі таңға 2 жарым мыңнан астам азамат онлайн білім алған.
Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет. Жалпы, былтырғы жылы Шымкентте кәсіптік оқыту бағдарламасы бойынша 2134 адам қамтылған.