Бүгін Шымкент қаласы әкімінің қатысуымен өткен инвестициялық штаб жиынында жаңа жобалар мен өзекті мәселелер қаралды. Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестициялардың биылғы жылдың 7 айында орындалу барысы және алдағы 8 айға жоспары түзілді.
Сонымен бүгінгі отырыста 7 жоба мақұлданды деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Айта айтқанда, әр түрлі тұрмыстық салада тұтынатын гидравликалық және резеңке шлангілер шығаратын зауыт құрылысы, құрылыс саласында қолданылатын эмульсиялық бояулар өндіретін зауыт, пластикалық құбырлар шығаратын зауыт, металл және профильді үй шатырларын өндіру цехының құрылысы, жиһаз зауыты «Жұлдыз» индустриалдық аймағында жүзеге асады. Алтыншы жоба ауыл шаруашылығындағы түйіршіктелген мал азығын өндіретін цех құрылысы «Бозарық» индустриалды аймағынан орын алады.
«Жұлдыз» индустриалдық аймағының жалпы аумағы 306 гектар.
Сонымен қатар, отандық аяқ киім фабрикасының құрылысы «Оңтүстік» индустриалдық аймағында тіркелетін болды. Кәсіпорын қазір құжат рәсімдеу сатысында. Мұрат Дүйсенбекұлы жиын барысында жобалардың жыл соңына дейінгі көрсеткіштерінің өз деңгейінде сапалы орындалуына көңіл бөлуді тапсырды.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде шаралар қабылдау туралы нақты тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы «Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын. …жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деп атап өткен болатын.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі