Биыл Шымкентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17300 орындық 12 мектеп салынуда. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев құрылыста отандық өнімдерді қолдануды басты назарға алуды тапсырған болатын. Осыған орай, кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іс атқарып жатқан тапсырыс берушілер мен бас мердігерлер, дизайнерлердің отандық тауар өндірушілермен кездесуі өтті. Жиынға қалалық құрылыс және білім бөлімінің басшылары да қатысып, өз ұсыныстарын білдірді.
–Бүгінгі таңда мердігер мекемелер анықталып, келесі жылы пайдалануға берілетін мектептердің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, 2024 жылы үшінші мегаполисте 10700 орындық 6 мектептің құрылысы басталмақ. Қазіргі уақытта бас мердігер компаниялар «Ақ ордасы», «Арт құрылыс», «Оңтүстік құрылыс», «Отау строй» құрылыс компаниялары анықталды. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында Президент тапсырмасына орай отандық құрылыс материалдары, жабдықтар мен жиһаздар сатып алынады. Әлеуетті жеткізушілерге жоғары талаптар қойылады, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі, сондай-ақ «СТ-KZ» тауардың шығу тегі мен сертификатының болуы маңызды. Әлбетте сапалы өнім өндірушілер Шымкентте көп деп ойлаймын. Бұл кәсіпкерлер арасында бәсекелестікті арттырып, сапаны жақсартуға кепіл деп білемін,– деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Сәбира Адамбекова.