Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда.
Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет.
Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті.
«Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады.
Сол үшін біз шикізатқа тәуелді болудан біртіндеп арылуымыз қажет. Бұл жұмыс табанды түрде жүргізілуге тиіс. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізде халықтың өмір сүру ұзақтығы да артып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас.
Тұрғындардың үштен бірі – жастар.
«Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз», — деді Мемлекет басшысы.