Дария ҚОЖАМЖАРОВА, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректоры:
–Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басты бағыты «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын іске асыру. Президенттің кезекті Жолдауы Білім күнімен сәйкес келуі кездейсоқтық емес. Өйткені адами капиталды дамытудың бірден бір қайнар көзі – ғылым мен білім. Кезекті Жолдау білім беру жүйесінің барлық қызметкерлерінің назарын аударды.
Мемлекет басшысының биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы саяси-экономикалық маңызы бар тапсырмаларға толы, күрмеуі қиын бірқатар мәселелерді қамтыған. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа экономикалық бағдарында «Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік» ұстанымдарының Жолдаудың негізгі басым қағидат екендігіне назар аударды. Оның өзінде әрбір бастама мен жобаның, жоспардың нақтылана отырып, небәрі үш жыл ішінде жүзеге асырылуы да маңызды екендігін көрсетіп берді. Қазіргі уақытта белең алып отырған саяси және экологиялық сын-қатерлерде ел экономикасының өндіруші мемлекеттен өңдеуші мемлекетке айналуының қажеттігі ел қауіпсіздігінің басты бір белгісі екендігін атап өтті.
Президент өз Жолауында ғылым мен білім саласында озық технологияларды пайдалана отырып, ірі кәсіпорындармен, компаниялармен бірге ғылымның жетістіктерін өңірдің экономикасын дамытуға бағыттауды тапсырды.