Бүгін Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданына қарасты Қабанбай батыр көшесі №13 тұрғын үй, Пазылбеков көшесі №5, 7 үй, Айбергенов көшесі №1, 5, 5а мекен жайларына балалар ойын алаңшалары тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Су жаңа ойын алаңындағы балалар ойынын қыздыратын әткеншектер мен сырғанақтар бүлдіршіндерді шаттыққа кенелтіп, көпшіліктің де көңілін серпілтті.
Қазіргі уақытта жоспарланған 39 ауланың 24 ауласында балалар ойын алаңын орнату жұмыстары аяқталып, 15 аулада құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жалғасуда.
Сонымен қатар ауданда бүгінде 106 ашық спорт алаңы бар. 2023 жылы 2 ашық спорт алаңын салу жоспарланып, іске асырылды. Береке шағын ауданында және Жангелдин көшесі №14 үй ауласында бүгін ашық спорт алаңы да ойын алаңшаларымен бірге қолданысқа берілгенін айта кетейік.
Жалпы соңғы 3 жыл ішінде аудан аумағында 42 спорт алаңының құрылысы бой көтеріп, Әл-Фараби ауданы тұрғындарының қуанышына айналды.
Алдағы уақытта жаңа ойын алаңшалары мен спорт алаңын күтіп ұстау – тұрғындардың қолында.
Әл-Фараби ауданы Шымкенттің халқы ең тығыз орналасқан тарихи орталық ауданы саналады. Мұнда қаланың маңызды білім, әкімшілік, тарихи, мәдени және ойын-сауық орталықтары орналасқан.
Аудан территориясында 2 мемлекеттік жоғары оқу орындары, қалалық және аудандық әкімдіктер, Шымкент көне қалажұрты, “Ескі қала”, филармония, А.С.Пушкин атындағы кітапхана, “Қиял әлемі” саябағы, “Тәуелсіздік” саябағы, “Кең баба” этносаябағы, Әл-Фараби және Ордабасы алаңдары, ОӘД, «MEGA Shymkent» ОСО, 5 жұлдызды «Rixos» қонақүйі, Қошқар ата өзені жағалауы орналасқан.
Сондай-ақ, ауданда қаладағы алғыз темір жол вокзалы, 20 ұлттық мәдени орталықтары және 15 діни бірлестіктер, 18 өндіріс ошақтары, 30 мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар орналасқан.
Әл-Фараби ауданында Шымкенттің ірі магистралдары қиылысады. Шығыстан батысқа қарай Тәуке хан даңғылы, Түркістан көшесі, Ғ.Ильяев, Т.Рысқұлов көшелері, оңтүстіктен солтүстікке қарай Д.Қонаев даңғылы, А.Байтұрсынов, Қазыбек би, көшелері көсіліп жатыр.
Аудан аумағынан Еңбекші мен Әл-Фараби аудандарының шекарасынан бастау алатын Қошқар ата өзені ағып өтеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі