Өңірімізде халықтың негізгі күші ауыл шаруашылығы саласы мен сауда саласын жетік меңгерген. Бүгінге дейін халықтың негізгі күнкөріс көзі болып саналып келді. Соңғы жылдары туризм саласы қосылып келеді. Облыс орталығымызда өндіріс дамып, индустрияландыру қарқын алып келеді. Мақсатқа жету үшін шаһарда индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар құрылған болатын.
Түркістан осы кезге дейін бизнестің, сауданың Отаны атануға жақын тұр. Тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһарға Түркістан өңірімен шектесіп жатқан көршілес облыстардың бірнеше аймағының тұрғындары келіп сауда-саттық жасап жүр.
Түркістан облысының диқаншылары тапқан дүниесін базарға шығарып, жан бағып жүр. Базарда алыс-беріс көбейсе, бағаның да төмен болатыны белгілі. Осы орайда Түркістанның даңқы қай кезде де өзінің арзаншылығымен шыққан. Жұрт киім-кешектің, төрт түлік малдың Түркістанда арзан екенін бұрыннан біледі. Сондықтан өзіміздегі және Қызылорда облысының тұрғындары мал алу немесе сату үшін Түркістанға базаршылайды.
2013 жылы Түркістанда 40 гектар аумаққа индустриалды аймақ құрылады. Былтыр 200 гектар жер қосымша резервке алынып, жалпы аумағы 240 гектарға жетеді. Мұнда 877 жұмыс орнын ашу, 6,851,4 млрд. теңгеге 20 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңға дейін 6 жоба қолға алынды. Олар – «Түркістан Трасса», «Әзірет Жол Құрылыс», «Kadiris», «GrandMiks», «Стройсервис-ХХІ» және «Cordial» ЖШС мен жеке кәсіпкерлік нысандарының жобалары. Аталмыш компаниялар құрылыс материалдарын шығарумен, үй мен кеңселік жиһаздар өндірумен айналысады.
Сондай-ақ, 1,01 млрд. теңге болатын осы 6 жобаның арқасында 283 тұрақты жұмыс орнын ашылды. Ендігі кезекте биыл 948,4 млн. теңгеге 4 жобаны іске қосып, 194 адамды тұрақты жұмысқа орналастыру көзделуде. Бұл 4 жобаға «GrandMiks» жеке кәсіпкерлік объектісінің ламинат, «Мирас ДАМУ ЛТД» ЖШС-нің темір-бетон, шыны-пластикалық арматура, «Айбек ЛТД» ЖШС-нің бөгеу плиталары, темір-бетон бұйымдары және «Нұрлы НазАй» компаниясының көпфункционалды POS-терминалдардың ұсақ серияларының өндірістері жатады.