Шымкент қаласында қазіргі таңда 381 796 жас бар. Бұл қала тұрғындарының 32 пайызын құрайды. Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Кеуенова шаһарда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы жайында баяндады.
Жастар саясатын үйлестіру мақсатында Жастар ресурстық орталығы жастардың бастамаларына жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Қаланың әр аумағындағы жастарды сүйемелдеу үшін 4 ауданда жастарға арналған орталық ашылған. Мөлдір Тұрсынбекқызының айтуынша, 2024 жылы жаңадан құрылған Тұран ауданында да Жастар ресурстық орталығын ашу жоспарланып отыр.
Бүгінде аудандық орталықтардың жұмысы 5 бағытқа негізделген. Олар – жастарға қызмет көрсету, дарынды жастардың шығармашылығын қолдау, коворкинг орталығы, шағын кітапхана және психологиялық кеңес беру бағыттары. Осылардың шеңберіндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін биыл жылдық жоспар бекітіліп, 360 мыңға жуық жасты қамту көзделген.
–Ең алдымен сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 625 іс-шара ұйымдастырылып, 99 мыңға жуық жас қамтылды. Салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық рухта тәрбие беруде «25 қазан – Республика күнін» орай «Жас жауынгер» әскери-патриоттық сайысы ұйымдастырылды. «Машат-Арасан» демалыс аймағында өткен әскери жарысқа қаламыздағы 12 мектептен 120 оқушы қатысты. Ал, қала мектептеріндегі спорт залдар мен спорттық алаңшалар базасын тиімді пайдалану, жаппай саламатты өмір салтын насихаттау бойынша 352 іс-шара өткізіліп, оған 34 498 жас қатысты. Сонымен қатар, биыл 8 200 жұмыссыз жасты тұрақты жұмыс орындарымен қамту жоспарланып отыр, – деді Мөлдір Тұрсынбекқызы.
NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу үшін жұмыссыз жүрген 29 807 жастың тізімі жасақталған екен. Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған мобильді топ «Жастар практикасы», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша қала базарларында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Бүгінде жастар арасында ең өзекті мәселе – нашақорлық пен лудомания. Жастар ресурстық орталығы Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасы мамандарымен бірлесе есірткі жарнамасының алдын алу мақсатында «STOP: Есірткіге жол жоқ» акциясын қолға алып, сауда нүктелерінде, саябақтарда түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында нашақорлықтың зияны туралы кездесулер өткізіліп, оған 3600-ге жуық жас қамтылған.
«Шымкент келбеті»