Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел аумағынан үдере ауған этнос өкілдерінің көші бүгінде айтарлықтай азайды. Баянды болашағын Қазақстанмен байланыстыратын азаматтардың саны артты.
Мемлекеттік тілге қатысты этнос өкілдерінің көзқарасы өзгеріп, ұл-қызын қазақ тілінде оқытатын мектептерге беретіндер көбейді. Кеңестік кезеңде қазақша сөйлей алмайтын буынның бүгінгі ұрпағы қазақ тілін оқып-үйренуге кірісті. Сондай-ақ, елдегі барлық этностардың ана тілі мен мәдениетін және салт-дәстүрін сақтап, ұстануға қолайлы жағдай жасалды.
Еліміздің өзге өңірлері жайлы айта алмаймын. Бірақ Шымкентте мемлекеттік тілдің қолданылу аясы айтарлықтай жақсарды.
Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 32 жыл болды. Осы уақыт аралығында этносаралық татулықты тұғырынан түсірмеу бағытына ауқымды жұмыстар атқарылды. Ел аумағында тұратын барлық этностардың құқықтары ескеріліп, гуманистік бағытта атқарылған кешенді әрі тындырымды тірліктер өз жемісін беріп үлгерді.
Қазіргі таңда Шымкент тұрғындарының саны 1 миллион 213 мыңнан асады. Қала құрамына кіретін 80-нен астам шағынаудан мен тұрғын алаптың 23-інде этнос өкілдері жинақы қоныстанған.
Елдің ішкі бірлігі жолында өзіміз еңбек етпесек, сырттан біреу келіп бізге оны жасап бермейтіні анық. Сондықтан барлық этностарды өз шаңырағының маңайына топтастырған қалалық ассамблея белсенділері тұрғындармен тұрақты кездесу өткізіп, мемлекеттік саясаттың басымдықтары жайында жұртшылықпен пікір алмасып, айтылған ұсыныс-пікірлерін ескеруді тәжірбеге енгізді.
Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар жастар тәрбиесі, заң талаптарын сақтау, дау-дамайды реттеу үшін этнос өкілдері жинақы қоныстанған аумақтардың тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Ассамблея алаңында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке бағытталған сан алуан жобалар жүзеге асуда.
Өкінішке орай, қоғамда этнос өкілдері арасында орын алған кез келген деңгейдегі оқиғаның соңын этносаралық шиеленіске апаруды әдетке айналдырғандар бар. Бірлік пен бейбітшіліктің, тыныштық пен татулықтың қадірін – осы құндылықтардан айырылып, бүгінде опық жеп отырған елдер жақсы біледі. Біздің мойнымызда жағымсыз жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі жұмыс істеу міндеті тұр. Қазақстан құқықтық мемлекет болғандықтан қоғамдық келісімге сызат түсірген тұлғалар заң аясында жауап беруі тиіс.
Біз бөлінбеуіміз керек.
Мемлекет құраушы ұлт ретінде елдегі этносаралық татулық ең алдымен өзімізге керек екенін түсінетін уақыт жетті.
Орынбай Рахманбердиев,
Шымкент қалалық ҚХА жанындағы
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы
Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.