Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков
Абай ауданы тұрғындарымен кездесіп, елді мекендерде атқарылған жұмыстармен танысты. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар баяндалып, алдағы жоба-жоспарлар баяндалды.
Кездесу барысында Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов инженерлік-коммуникациялық желілер мен инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде газдандыру, сапалы электр қуаты және ауыз сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйелерінің құрылысы, жол құрылысы, білім беру мен медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты баяндап берді.
–Өздеріңізге белгілі, қала әкімі болып жақында ғана тағайындалдым. Бүгінде қаладағы жағдаймен, жұмыс барысымен танысып, өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешудің жоба-жоспарын жасап жатырмыз. Өзімде халықтың арасында туып-өскен азамат болғандықтан тұрғындарды мазалайтын мәселелермен таныспын деп айта аламын. Жұмыс барысында Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, Сіздермен етене байланыста жұмыс істейміз. Шымкенттегі барлық өзекті мәселелер тұрғындардың пікірін ескере отырып, өздеріңізбен ақылдасып шешіледі, – деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Кездесудің соңында қала әкімі Ғ.Сыздықбеков тұрғындардың мазалайтын сұрақтарға жауап беріп, өзекті деген проблемалардың шешілуін жеке бақылауына алатынын айтты.
«Шымкент келбеті»