Қазіргі заманның жаһандық мәселесіне назар аудару және тұрғындардың, әсіресе жастардың арасында есірткі заттарын пайдалануға теріс көзқарасты қалыптастыру мақсатында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Мамандандырылған колледж бен Инновациялық-технологиялық колледж жастары арасында кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының нарколог дәрігері Перизат Ермаханова, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының маманы Жүргенбаева Назира, Шымкент қаласы №3 спорт шеберлігі мектебінің Пенчак Силак спорт түрінің жаттықтырушысы Садыков Бахтияр, Шымкент қаласы №3 спорт шеберлігі мектебінің спортшысы, Азия чемпионы және Әлем чемпионының жүлдегері Иманов Азизбек қатысты.
Жиын барысында ЖИТС орталығының қызметкері кәмелетке толмағандар жастар арасында нашақорлық, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат берді. ЖИТС-тің адам өміріне тигізер кері әсерлері мен одан сақтану жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, сала мамандары жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Қазақстанда есірткіге тәуелді 18 мың 200 адамның 1,5 мыңы әйел. 100-і кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер. Түрмеде отырған мыңнан астам адам есірткіге тәуелді. Бұл ресми стаистиканы ІІМ-і жария етті.
Жауаптылар дабыл қағуда. Республика аумағында есірткіге тәуелділердің саны ресми статистикалық мәліметтерден едуір жоғары. Қоғамда белең алған бұл күрделі мәселені шешу мақсатында кешенді жоспар іске асырылмақ. Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі құжат 2023-2025 жылдарға арналған. Келер жылдан бастап есірткіге тәуелді адамдарды анықтау бойынша жоспарлы жұмыс атқарылмақ. Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары: «Кешенді бағдарламада көрсетілген 2024 жылдың жарты жылдығында азаматтардың есірткіге тәуелділігін анықтау бойынша тест жүргізуді заң жүзінде жүзеге асыру қажет. Себебі осыдан 10 жыл бұрын ата-аналар оқушыларды есірткіге тәуелділікке тексеруге қарсы болатын. Ал қазір қолдап отыр. Тіпті басым көпшілігі тексеру қажет дейді. Өйткені дәріханалық наркоманияны анықтау мүмкін емес. Әрине балаларды ешкім мәжбүрлеп тексермейді. Ол заңға сәйкес, жоспарлы түрде, денсаулығын тексеру барысында бірқатар анализдер тапсыру арқылы анықталады. Және халықаралық тәжірибе бойынша АСИСТ -тест писхологтың қатысуымен жүзеге асады».
ІІМ өкілі 2016 жылдан бері нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар сынды бағдарламалық құжат болмағанын айтады. Соңғы құжат 2012-2016 жылдарға арналған. Маман содан кейін мемлекеттік ауқымда мұндай құжат қабылданбағанын жасырмады.
«Жағдайдың өзі жастардың бейім екендігін көрсетіп отыр. Есірткіге тәуелділер көп, қылмыстық жауапкершілікке де жиі тартылып жатыр. Сондықтан да бұл дер уақытында қабылданған іс-шара. Біз таяу үш жылдың ішінде межеленген барлық тармақты жүзеге асырып, елдегі есірткіге қатысты ахуалды тұрақтандыруымыз қажет», – дейді Бақытжан Әмірханов.