Шымкентте 3 400-ден аса шаруа қожалығы мен фермерлер бар. Оның ішінде 785-і мал шаруашылығы, 6-ы балық шаруашылығы, 4-і құс және 60 шаруа омарта (бал ара) шаруашылығымен айналысады. Бұл шаруашылықтардың негізгі мақсаты – қала халқын жергілікті жерде өндірілетін сапалы азық-түлікпен қамту үлесін арттыру. Жыл басынан бері шаруалар 8,8 мың тонна ет бордақылап, қала халқына қажетті 18,1 мың тонна еттің 34 пайызын қамтыған.
Шымкенттіктердің жылыны сүтті тұтыну қажеттілігі 101,4 мың тонна болса, оның 51,4 мың тоннасын жергілікті шаруа қожалықтар өндіреді. Ал, құс фермаларында өндіріліп жатқан 141 млн дана жұмыртқа шаһарлықтарға қажетті азықтың 83 пайызын қамтып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаудың негізі міндеті де осы – қаладағы азық-түлікті өз қаламызда өндіру. Мал шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету үшін «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасымен 2023 жылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен ірі қара, қой, жылқылардың аналық басына арналған жем-шөп сатып алу шығындарын арзандату үшін 234,1 млн теңге қаржы қаралыпты.
Жалпы қала аумағында 62 965 ірі қара, 72 336 қой, ешкі – 5 324 бас, жылқы 10 580 бас, шошқа – 1305 бас, құс – 930 010 құс бар. Сайрам тұрғын алабындағы «Алтынсай» шаруа қожалығы осы мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруасын дөңгелетіп, фермада бүгінде мал басы 1000-ға жетіп, жылқы мен бөдене шарушылығын да дамытып отыр.
– Етті бағыттағы ірі қараларды өсіруді 2016 жылы 500 ірі қарадан бастадық. Бұқаларды солтүстік өңірден, ал жылқыларды Ресейден әкелеміз. Өйткені Ресей жылқылары қазақы жылқыға қарағанда ірі, әрі етті келеді. Жылқыны 4-6 ай аралығында бағамыз. Жас тайлар 300 келі, ірі жылқы 500 келіге дейін ет береді. Мемлекеттен аналық жылқы үшін субсидия аламыз. Мұндай қолдау шаруашылықты кеңейтуге біршама көмек болды. Ай сайын 250-300 жылқыны бордақылап 75 тонна ет аламыз. Ірі қараны бағу мерзімі көп уақытты алады. Сондықтан айына 150-200 басты бордақылаймыз. Жалпы жылына 750 тонна жылқы, 650 тонна ірі қараның етін Шымкент қаласынан бөлек, Астана мен Қарағанды қалаларына тасымалдаймыз, – дейді қожалық жетекшісі Сардар Қожаахметов.
Бұған қоса қожалықта еті мен жұмыртқасы адам ағзасына өте пайдалы, түрлі ауруларға шипа болатын бөдене құсын да асырауда. Қазіргі таңда 40 мың бөдене өсіріп отыр. Оның жұмыртқасы мен етін қала аумағымен қатар, көршілес облыстар мен Астана қаласына дейін жеткізіп жатыр.
«Шымкент келбеті»
Фото Серік Қосаев