Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады.Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді. «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу — маңызды істердің бірі.
Барша жұртты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз.
Дүниежүзілік «Жер күнін» БҰҰ Бас ассамблеясы 2009 жылы ресми түрде белгілеген. 2010 жылдан бері әлемнің түкпір-түкпірі атап өтіп келеді.
Бас Ассамблеяның 63-ші сессиясының төрағасы Мигель д’Эското Брокманның айтуынша, қарарда Халықаралық бұл күннің жария етілуі Жер мен оның экожүйесі адамзатқа өмірді қамтамасыз ететін біздің ортақ үйіміз екенін мойындау, 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі конференциясында қабылданған міндеттемелерді растау –деген болатын
Жер күнін атап өту дәстүрі 1970 жылы АҚШ-та пайда болды, ал 1990 жылы бұл дата халықаралық акцияға айналды.
Бүгін Шымкентте «Дүниежүзілік жер күніне» орай оқыту семинары өтті. ASA жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен семинарға 40-қа жуық жас қатысып, қазіргі климаттық жағдайдың бұзылуы жөнінде сабақ алды. Қоршаған ортаның тазалығы, экологиялық мәселелері және оның алдын алумен семинарда ой бөлісіп, түс қайта дендросаябақта ағаш егу дәстүрімен жалғастырды.
—Оқыту семинарының бірінші күні.Түске дейін қатысушылар теориялық негізде сабақтар алып, тренингтерге қатысты. Қазір ағаш егудің мағыздылығын түсініп, әр қатысушы бір-бір досын шақырып, тал егуге кірісіп жатыр. Семинарымызға шетелден келген делегациялар да қатысып жатыр. Жалпы іс-шараны басқа да қалаларда ұйымдастыру жоспарланып отыр, — деді ASA жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Данара Саранова.
Семинар қатысушылары дендобақта 50-ге жуық ағаш көшеттерін екті.
«Шымкент келбеті»