Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады. Ал үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» дейтін төртінші аптада ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы «Киелі мекен» апталығын Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарының қызметкерлері жалғастыруда. Бұл жолы олар қолдарына медициналық құрал-жарақтар емес, тазалық жұмыстарына арналған заттарды алып шықты.
Ақ халатты абзал жандар игі бастаманы қолдап, айналаны көркейту-көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосуда.
Нақтырақ айтар болсақ, N2 қалалық аурухана қызметкерлері “Қасірет” мемориалы аумағына барып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Айналаны қоқыстан тазалады, сыпырды. Ал Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының қызметкерлері қаладағы Ж.Ташенов ескерткіш аумағында тазалау жұмыстары жүргізді.
№4 емхана қызметкерлері Shymqala этно-тарихи кешенінің аумағындағы қоқыстарды тазартып, көгалға күтіп-баптау жұмыстарын жүргізді. Ағаштардың түптерін әктеді, қураған ағаштардан тазартты.
«Қазақ халқы бірінші байлық денсаулық деп денсаулықты күтуге қатты көңіл бөлгені белгілі. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы да тазалыққа қатысты екенін «тазалық – денсаулық кепілі» деген бір ауыз сөзбен көрсеткен. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек»-дейді, тазалыққа қатысқан медицина қызметкерлері.
Шымкент қаласының Өңірлік Коммуникациялар қызметі