Еліміздің бірнеше обылыстарында (Абай облысы, Шығыс, Батыс, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Атырау және Павлодар) су тасқыны орын алды. Өңірлердегі су тасқыны жағдайы Мемлекет басшысының бақылауында.
Ұлттық волонтерлер желісі жедел штабының жұмысы аясында еліміздегі 20 аймақтың әрқайсысында өңірлік волонтерлер фронт-кеңсесі базасында call center құрылды.
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек түрлері әлі де жолданып жатыр. Еліміздің әр өңірі шама-шарқынша керек-жарақты түгендеп, жөнелтілуде.
Су тасқынынан зардап шеккен аумақтардықтардың бірі Ақмола облысына шымкенттік құтқарушылар аттанған болатын. Төтенше жағдайлар департаментінен аттанған жеке құрам Ақмола облысында орын алған су тасқынына қарсы жұмыстарды толық орындап, тұрақты орналасу пунктіне оралды.
Етігімен су кешіп, елі үшін жыраққа кеткен құтқарушыларды салтанатты түрде әріптестері мен туыстары, балалары күтіп алды.
Салатанатты іс-шара барысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы генерал-майор Қуанар Базарбаев авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген құтқарушыларға алғыс айтып, бірлескен әрекет пен күш-жігер қиын кезеңді еңсеруге көмектескенін атап өтті.
— Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысты. Олар 28 наурыздан бастап Ақмола облысының Аршалы, Атбасар, Целиноград аудандарында тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, дамбыларды нығайту үшін инертті материалдармен толтырылған 21 270 қап төседі. Сондай-ақ, 100 480 текше метр суды арнайы сорғылармен сорды. Ақмола облысына Шымкент қаласы ТЖД-ден 40 жеке құрам, 5 техника, 15 мотопомпа, 1 қайық жіберілген болатын, — деді Қ.Базарбаев.
Салтанатты жиында күтіп алушылар шымкенттік құтқарушылардың кәсіби түрде, уақтылы және нәтижелі атқарған жұмыстары үшін алғыс сөздер айтып, батырламызға облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
«Шымкент келбеті»