Елімізде тұрғын үй өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Баспаналы болғысы келетін көптеген қазақстандықтың үміті мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар. Елімізде баспананы қолжетімді ету – Үкімет пен жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспарлардың бірі.
Осы орайда Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысының міндетін атқарушы Азат Исламов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тұрғын үй қатынасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі атқарылған жұмыс пен жоспарлары туралы бөлісті.
Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 51015 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1915, көпбалалы отбасылар – 13982, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 702, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 17381, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар 22 адамды құрайды.
2023 жылы жалпы саны 1 687 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, 1407 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 888 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 122 пәтер жетім балаларға, 131 пәтер көпбалалы отбасыларға, 160 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына пайдалануға берілді. Қалған 280 пәтердің 96 пәтері биыл беріліп, 184 пәтерде алдағы уақытта қоныс тойы тойланады деп күтілуде.
– Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлерді белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға беру қарастырылуда. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық дерекқорының сервисі қолданылады, – дейді Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Рахымбердіұлы.
«Шымкент келбеті»