Бүгінде қалада жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімдігі жолдарды заман талабына сай ету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруда.
Қонаев даңғылының жалғасы 7 кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталып, 1, 3 және 4-кезеңдері пайдалануға берілді, 2 және 5-кезеңдерін жүзеге асыру бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Өтегенов көшесі ұзартылып, 1,2 кезектері бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл Қонаев 2-кезеңін, ал Өтегенов көшесінің 1,2-кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл ретте қала әкімдігі қалаішілік жолдарға ғана емес, тұрғындар үшін де, көршілес аудан, қала тұрғындары үшін де маңызды жолдарға да ден қоюда. А-2 айналма жолын қайта жөндеу жұмыстары қала әкімінің тікелей бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар 8 кезеңнен тұрады, оның 1, 2 және 3-і аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілді, 4, 7 және 8-кезеңдерін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ал 5 және 6 келесі жылы қолданысқа беріледі.
Сонымен қатар, Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту үшін биыл Алтынсарин көшесін қайта жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Қалада Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелерінде де күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалаішілік көшелерді орташа жөндеуден өткізу мақсатында биыл ұзындығы 92,6 шақырымды құрайтын 144 көше жөнделеді.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында магистральді және орамішілік көшелерде шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізу, яғни 420 000 шаршы метр аумақты қалпына келтіру жоспарлануда.
Айта кетейік, жөндеу жұмыстары кезінде қаланың 10 көшесінде жол бөлігінің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қайта өңдеу технологиясы қолданылады. Негізгі 8 көшеге микросерфейсинг технологиясы енгізіледі. Бұл әдіс жұмысты күн суығанда да жүргізуге мүмкіндік береді, жол құрылысы маусымын ұзартады.
Қала аумағында бүгінде 1886 аялдама бар. Оның ішінде ескі үлгідегісі – 838, 500-і жаңа аялдама. Биыл қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту жұмыстары жалғасады.
Жол қиылыстары мен көлік өткізу қабілетін арттыру мақсатында жыл соңына дейін 190 бағдаршам нысанында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі