Бұдан бөлек 150 отбасы «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы несиелендірілді. Биыл бұл бағдарлама арқылы үйлі болатындардың саны артады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге және «Отбасы банк» АҚ-нан 3 млрд. теңге бөлініп, 400-ден кем емес отбасыны несиелендіру көзделген. Несиенің ең жоғары мөлшерлемесі 20 млн. теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме – 6%, бастапқы жарна 10%-дан кем емес, несиенің максималды мерзімі 25 жылға дейін болмақ. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан ғана алу мүмкіндігі қаралған.
2024 жылға 200 млн теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған. Бағдарлама бойынша осы жылдың 22 қаңтарынан бастап құжат қабылдау басталып, бүгінгі таңда 215 азаматқа 197,7 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді.
– Талаптарға сәйкес, өтініш берушіде және онымен бірге тұратын отбасының әрбір мүшесіне заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын, соңғы 6 айда орташа табысы 134 562 теңгеден аспауы тиіс. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдары қосылмайды. 2023 жылы осындай сертификатты 148 азаматқа бергенбіз, – дейді Азат Рахымбердіұлы.
Шымкент қаласы бойынша 2024 жылы 2430 отбасының тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп, субсидиялануда. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды асыраушы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады. Төлем тәртібі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіліп, субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. 2023 жылы тексеру жұмыстарының нәтижесінде 500-ге жуық азаматтың тұрғын үйді жалдау ақысының субсидиясы тоқтатылған.
«Шымкент келбеті»