Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бей-жай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар ашылатынын айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр екен. Еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Президент жерасты мешіттерін және ерекше табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді.
Мемлекет басшысы осы жолы да қоғамды жайлаған кеселдермен, атап айтқанда есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.
Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды.
Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Құрылтайда айтылған ұсыныстар бойынша нақты шаралар қолға алынатынын бірнеше рет айтты. Себебі, елде жақсы өзгеріс, жақсы үрдіс қалыптасуы үшін ойымыз бен ісіміз үйлесуі қажет. Баға беру – ең оңай шаруа.