Шипажайға кезек geo-shym.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Цифрландыру бағдарламасы шеңберінде биыл іске қосылған арнайы порталда зейнеткерлер шипажай кезегіне онлайн тұрумен қатар кезек ретін бақылай алады.Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында хабарланған болатын.
Әлеуметтік қорғау-қолайсыз жағдайларға (кәрілік, мүгедектік, денсаулық жағдайы, асыраушысынан немесе жұмысынан айрылуы) байланысты экономикалық белсенді бола алмайтын және лайықты еңбекақы төленетін еңбекке қатысу жолымен өзін табыспен қамтамасыз ете алмайтын азаматтар үшін өмірлік қажетті игіліктердің және әл-ауқаттың белгілі бір деңгейін қамтамасыз етуге арналған жүйе болып табылады.
Қазір қалада 92 210 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 ҰОС ардагері мен 1 841 тыл еңбеккері бар. Қалалық мәслихаттың шешімімен жыл сайын 5 мың зейнеткерге шипажайға жолдама беріледі. Өткен жылдың қараша айынан бастап «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені іске қосылып, жылына тағы 2 мыңнан астам зейнеткерді шипажаймен қамту мүмкіндігі туып отыр екен.
Осыған дейін азаматтарға шипажайларға кезекке тұру үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына бару міндеттелген болса, қазір өтініштер geo-shym.kz порталы арқылы жолданып жатыр екен.
Жыл сайын сауықтыру орындарында ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтінім түседі. Биыл сауықтыру шараларын ұйымдастыру мақсатында 4 шипажаймен мемлекеттік сатып алу шарты түзілді. Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі», Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісай ауданындағы «Күлпаршын» және Шымкент қаласындағы «Денсаулық» шипажайларына жолдама берілуде деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында .