Қазақ жері киелі мекендердің бірі екенін тарихымыз көрсетіп тұр. Жалпы, еліміздің барлық өңірінде текті, рухты ата-бабаларымыз өмір сүрген. Бұл туралы тарих беттерімізде сыр шертеді.
Аңыз түбі ақиқат деп жатамыз. Сол аңыз-әңгімелерге сүйенсек, ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар ана емшілік қасиеті ерекше жан болған деседі. Әлі күнге дейін ана кесенесінің маңында емдік қасиеттері бар артезиан суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі. Қожа Ахмет Ясауи мен Гауһар ана кесенесі арасында жерасты жолы бар деген аңыздар да бар. Гауһар анамыз әкесі жерасты қылуетіне түскен кезде өмірден өтеді. Қылуеттен күн шуағына шықпау үшін Ясауи бабамыз қызының мазарына барып тұру үшін жерасты жолын салған деседі. Бірақ тарихи деректерде жерасты жолы туралы мағлұмат көп кездеспейді.
Таяуда арнайы сапарлап, Гауһар ана кесенесіне бардық. Халық көп. Кесене Түркістан қаласының шет жағында, яғни Түркістан-Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 500 метр қашықтықта орналасқан екен. Қазіргі таңда Гауһар ана сағанасы мен зиярат үйі абаттандырылыпты, жалпы аумағы 8 га аумақта.
Аңыз-әңгімелерде ГауҺар ананың баласы болмағанын айтады. Әкесі «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі. Ана өмірден өтерінде: «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп аманаттаған екен. Гауһар ананың інісі Ибраһим халық өздері қазған құдықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген екен. Нақақтан-нақақ жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың мазары жатыр. Деректерде, анамыздың ақылы көркіне сай ерекше жан болғандығы айтылады.
Жалпы Гауһар ана жайында көп мәліметтер қалмаған. Жергілікті халық «әулие ана» ретінде қастерлейді. Күйеуінің ата Әли Қожа делінеді. Олардан тараған ұрпақтан шыққан Мақтым Ағзам Әмір Темір заманында Қожа Ахмет бабаның мешітінде шырақшы болған екен. Түркістанда жерленген.
Гауһар ананың қашан қайтыс болғаны жөнінде де мәлімет жоқ. Дегенмен Ахмет Ясауидің 1101-1103 жылдары туылғанын, 20 жасында үйленгенін есепке алсақ, Гауһар ана шамамен 1122-1124 жылдары туылған болып шығады. 1167 жылы Гауһар ана 43 жаста еді, бұған тағы 20-30 жылды қоссақ, шамамен 1187-97 жылдары дүниеден озған деп жорамалдауға болады.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайына қарасты Гауһар ана кесенесі ХХ ғасырдың басындағы сұрқия саясаттың салдарынан кесене бұзылып, кірпіші тоналған екен. Бұл олқылықты істің орынын толтыру мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы 2015 жылы Гауһар ана басына қайта кесене орнатты. Келбетіне көркі сай кесене аумағындағы негізгі жұмыстар 2016 жылдан бастап қолға алынды. Жантақ, шеңгел басқан аумақ гүлзарлармен абаттандырылып жүйелі түрде ағаш көшеттері отырғызылған. Ескерту, белгі тақтайшалары қайта жаңартылып, жарық шамдар, Гауһар ана кесенесі туралы 3 тілде жазылған ақпараттық тақтайша орнатылды. Кесене алдындағы автотұрақ аумағы тегістеліп, айналасы темір шарбақпен қоршалып, тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Алыс-жақыннан ағылатын туристердің ақ-қарасы көп болатын болғандықтан заманауи талапқа сай дәретхана салынған.
Тағы бір көңіл қуантарлық жаңалықты айта кетсек. Соңғы жылдары Гауһар Ана кесенесінің айналасына жеміс-жидек ағаштары көптеп отырғызыла бастаған. Кесене аумағында алма, алмұрт, шие және өрік ағаштары жеміс беретін болады. Жергілікті тұрғындар тарапынан берілген көшеттер аумақтың тынысын кеңітіп, ауасын тазартпақ.
Кесене басында Гауһар ана құдығы бар. Суын ішіп, шөлді бастық. Шырақшының әңгімесіне қарағанда, мұнда арнайы түнейтін тұрғынжай салынған. Жол тегіс. Туристерге де ыңғайлы. Құдық басында баклашка мен шелегін ұстап, кезегін күткен адам көп.
Құдық демекші. Қызықты әңгіме ел арасында ғой. Гауһар анаға қатысты ғажайып бір оқиғаны да айта кетейік. Бұрнағы жылдары бір ақсақал бауыры қатты ауырып, дәрігерлер оның екі-ақ күндік өмірінің қалғандығын айтып, шығарып салған. Содан қария «не болса да, осы жерде өлейін» деп Гауһар ана кесенесінде түнеп, құдығынан су ішіп, Жаратқанға жалбарынып, дертіне шипа сұрапты. Тәңірден тілеген тілек құр қайтарылмай, «екі күндік өмірі қалды» деген қария ауруынан құлан-таза айығыпты. Бұл құдықтың суын асқазан-ішек жолдары, бауыр ауруларына пайдаланып, жұрт емдік қасиеті үшін арнайы келеді екен.
Сәбит ТАСТАНБЕК