Облыстың орталығы болғалы Түркістан қаласында атқарылған құрылыс жұмыстардың қарқыны тоқтаған емес. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев қалада жүріп жатқан бірқатар нысандардың құрылыс жағдайын біліп қайтты.
Түркістан қаласындағы орталықтағы абаттандырылып жатқан көшелердің құрылысымен әкімшілік іскерлік орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлердің, рухани-мәдени аймақтағы Шығыс моншасының, Н.Назарбаев атымен аталатын серуендеу аллеясының, Халықаралық әуежайдың құрылысын көрді. Аталған алып құрылысты «Bazis A», «ВІ group», «Отау Строй», «Ақ жол», «Береке» сияқты белгілі құрылыс компаниялары жүргізіп жатыр.
Жалпы, Түркістанды толығымен табиғи газбен қамту жұмыстарын 2020 жылға аяқтау жоспарланған. Межеленген уақыт жақындаған сайын құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Түркістан қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету 3 кезеңмен жүзеге асырылуда. І кезеңнің жұмыстары бойынша 10518 абонентке газ құбыры жүргізіліп, 42918-ден астам қала тұрғынына табиғи газ берілді, жалпы қала халқын газдандыру көрсеткіші 26,4% құрайды.
Елбасымыздың 2018 жылғы 29-қыркүйекте бекітілген Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасына сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстар көп. Барлық құрылыс нысандары межеленген мерзімде біту үшін тоқтаусыз жүріп жатыр. Бүгін осы жұмыстардың барысын өңір басшысы Ө.Шөкеев пен қала әкімі Р.Аюпов және басқарма басшылары, әкім орынбасарлары аралап, пысықтап қайтты.