№4 С. Сейфуллин атындағы мектеп-лицейде ардагер ұстаз Жарқынбек Құлбайымбетов атындағы сынып ашылды. Кабинеттің ашылуына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты.
48 жыл өмірін білім беру мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер-ұстаз бүгінде қалалық Ардагерлер кеңесіне жетекшілік етеді.
Нұрбол Әбдісаттарұлы қарт ұстаз Жарқынбек Құлбайымбетовтың елдің бірлігі мен татулығын сақтауда атқарып жүрген еселі еңбегіне тоқталып, алғысын білдірді.
Облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов аға буынның өнегесі кейінгі ұрпаққа бағдар болатынын айтып, замандастарының еңбек жылдарынан сыр шертті.
Сондай-ақ, қалалық Білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова сөз алып, ардагер ұстаздың еңбек жолы тек оқушыларға ғана емес, білім саласында қызмет етіп жүрген мамандарға үлгі екенін атап өтті.
Көпжылдық жемісті жұмысының нәтижесінде Жарқынбек Құлбайымбетов «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Бүгінде 4 ұл мен 3 қызынан 30 немере, 11 шөбере сүйіп, әулетінің ынтымағын сақтап отырған ардақты әке, бақытты ата.