Жасыратыны жоқ, көпшілік арасында ревматизмді буын ауруы деп түсінетіндер аз емес. Алайда бұл жаңсақ пікір. Бұл жайында жүрек бұлшықеттерін, тамырларды, теріні, ми және нерв жүйесін зақымдайтын ревматизм безгегі жайлы 30 жылдан астам еңбек өтілі бар, Түркістан қалалық емханасының ревматолог-дәрігері Атабекова Сарагүл Төрегелдіқызынан толығырақ сұрап, жауабын алған едік.
— Сарагүл Төрегелдіқызы, өзіңіздің 30 жыл тәжірибеңізде көргеніңіздей, ревматизмнің қандай ауру екенін түсіндіріп өтсеңіз.
— Иә, ревматологиялық аурулар, атап айтқанда артроз, ревматоидті артрит, жүйелі қызыл жегі (ЖҚЖ), полиартрит, гайморит, тіс жегісі т.б. аурулар бұрынырақ аз кездессе, бүгінде бұл жағдай асқынып, өкінішке қарай, аталған аурулар белең алуда. Мұны экологиямен, кальцийге байланысты тағамды аз пайдаланумен, газдалған сусындарды көп ішумен байланыстыруға тура келеді. Сонымен қатар, стрептокок инфекциясын дұрыс емдемеу, суық тигізу, дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігі де аталмыш ауруларға себепші болады. Осы ретте, көмейдегі бадамша бездерінің қабынуынан болатын жұқпалы ауру — баспаны (ангинаны) ата-аналардың қолмен бастырып, яғни өздігінен емделу салдарынан осы аурулардың туындауына алып кететінін ерекше атап өткім келеді. Ал осыдан шығатын нәтиже, науқастар созылмалы ангина, созылмалы тонзиллит ауруынан дер кезінде ем қолданбаса немесе дұрыс емдеу жүргізбесе, бұл болашақта жүрек ақауына алып келуі ықтимал. Өйткені ангина ревматологиялық аурулардың бастапқы дамушы факторында үлкен әсерін тигізеді. Респираторлы стрептокок инфекциясы ревматизмнің пайда болуына алып келіп, баспа, тонзиллит, фарингит сияқты аурулардан кейін дамиды.
Осы аталған аурулардың диагнозы шамамен 30 жыл бұрын науқастарға қойылса, оларда біз мүгедек болып қалуымыз мүмкін деген уайым-қатер көбірек болатын. Қазіргі таңда бұл аурулар динамикалық-диспансерлік есепке алынып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы № ҚР ДСМ-75 бұйрығы негізінде тегін дәрі-дәрмектер беріледі.
— Дәрігер, біз тар мағынада түсінетін ревматологиялық аурулар деген жалпы атаудың астарында естіп-білмеген түрлері өте көп сияқты, ауру қайдан пайда болады және қауіптілігіне нақты тоқталасыз ба?
— Жоғарыда айтып өткен бірқатар ауру түрлерінің бірі — подагра, қазақшалап айтқанда шораяқ, яғни аяғының бас бармағы бірден ісіп, қызарып, жүре алмай қалуға дейін барады. Қан құрамында зәр қышқылының көбеюінен оның натрийлік тұзының тіндерде жиналуынан дамитын созылмалы ауру. Ол кез келген буындарды: саусақ, табан, бармақ буындарын зақымдауы мүмкін. Шораяқтан әсіресе табан саусақтары зардап шегеді. Науқастардан сұрастыра келе, олардың әдеттен артық мөлшерде тамақтанғанын, алкогольді ішімдіктерді пайдаланғанын, аз қимылды өмір салтынан екенін аңғардық.
Өкінішке орай, подаграны толықтай емдеу мүмкін емес. Бірақ бақылауда ұстауға болады. Ол үшін ең алдымен тамақтану тәртібін реттеп, сұйықтықты көп мөлшерде тұтынғаны, науқастың диета ұстағаны дұрыс деп санаймыз. Оларға қабынуға қарсы дәрілік препараттар мен зәр қышқылының мөлшерін реттейтін дәрілер тағайындалады. Сонымен бірге, физиотерапия да жақсы көмектеседі.
Келесі түрі, бұл 40 жастан кейін буындардағы шеміршек тіндерінің кальций жетіспеушілігіне байланысты, артық салмақ қосқаннан, зат алмасу процесінің бұзылуынан пайда болатын артроз ауруы, мұнда тізе, қол, саусақ буындарының артрозы диагнозы бойынша емдік шаралар қолданамыз.
Науқастар арасында жиі кездесетін – полиартрит, геморрагиялық васкулит (тамыр және ішкі ағзалардың зақымдалуымен ерекшеленеді), Бехтерев ауруы (омыртқааралық буындардың қабынуынан болады) көптеген вирустық инфекциялардан кейін пайда болуы мүмкін. Ол ревматоидты артрит, қызыл жегі немесе Шогрен синдромы сияқты аутоиммунды аурудың белгілі бір түріне айналуы мүмкін.
— Бұл аурулардың байқалу белгілері қандай?
— Ревматизм аурулары адамның жұмыс істеу қабілетіне кері әсер етіп, сырқаттың жалпы денсаулығын нашарлатады. Инфекция ағзаға түскеннен кейін 2-3 аптадан соң дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болады. Шамадан тыс терлеп, тәбеті қашады, басы ауырады. Ауру енді басталғанда тізе, білек, шынтақ пен иықтың буындары сырқырап, мазаны алады. Ал жүрек жұмысы бұзылғанда соғысы жиілеп, артериялық қысымы төмендейді. Кеуде тұсында ауырсыну білінеді. Ревматизм қабынуларынан кейін жүрек қақпақшаларында жүре пайда болатын жүрек ақауы жиі байқалады.
— Бұл дертті емдеу тәсілдерінде елімізде өзгерістер бар ма?
— Өткен жылдармен салыстырғанда ауруханада тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізімі көбейгенін айта кеткен жөн. Ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-75 бұйрығы негізінде дәрілер диспансерлік тізімде тұрған науқастарға тегін беріліп келеді. Айта кетсек, ревматоидті артрит ауруы бойынша 302 адам диспансерлік бақылауда тұрады, 280 науқас берілетін дәрілердің, аптасына бір рет салатын методжект — инъекцияға арналған ерітіндінің арқасында өздерін бір қалыпты сезінуде. Сонымен қатар айына бір рет салынатын симпонидің арқасында ауру түріне қатысты ремиссияға жетіп, асқыну азаюда.
Емханамызда жүйелі склеродермия (терінің, ішкі ағзалардың фиброздық-склероздык өзгерістерімен сипатталатын) ауруы бойынша диспансерлік бақылауда 13 науқас тіркелген, жергілікті бюджет арқылы бөлінетін дәрілерді уақытылы ішіп, қазіргі таңда жағдайлары бірқалыпты орташа. Ал егер берілген дәрмектерден нәтиже болмаса, онда операцияға жүгінуге тура келеді, яғни бізден нәтиже болмаған соң травматологқа жібереміз, олардың бақылауынан соң операция белгіленеді. Қазіргі таңда екі науқас операцияға дайындалуда, яғни тізе сүйектеріне эндопротезді операция жасайды.
Сондай-ақ жүйелі қызыл жегі ауруы бойынша 22 адам тіркеуде, уақытылы дәрінің арқасында ремиссия сатысында.
— Ревматизммен күресу шарттарын айта кетсеңіз.
— Ең бастысы салауатты өмір салтын жүргізу. Спортпен айналысу, бассейнге түсу, еңбек және демалыс режимін сақтау, таза ауада көбірек жүріп, спирттік ішімдіктер мен темекіден бас тарту аталмыш аурулардың алдын алуға ықпалын тигізеді. Сонымен бірге, науқастарымызға көкөністі көбірек жеуді, салмақты қосатын заттар — ұннан жасалған асты азырақ пайдалануды, ас тұзын, қантты шектеу керек екенін түсіндіреміз.
Ұсынатын препараттардың ішінде хондропротекторларды, яғни негізгі компоненттері глюкозамин немесе хондроитинсульфат болып табылатын дәрілік заттар тобын қолдануды, кальций препараттарын қолдануды ұсынамыз. Бұл қосылыстар дәнекер тін пайда болатын құрылыс материалы болып табылады. Осылайша, оларды қолдану шеміршек тіндерін, соның ішінде омыртқааралық дискілерді қалпына келтіру процестерін белсендіруге және деградациялық-дистрофиялық процестердің дамуын тоқтатуға көмектеседі.
Асқынуларға жол бермес үшін диспансерлік бақылауға алудың маңызы зор. Ауру толық емделмей, өршуі қайталануы мүмкін. Сондықтан санаторлы-курорттық ем, ағзаны шынықтыру, иммунитетті жоғарылату өте маңызды. Және де әлеуметтік желіде қаптаған, шетелден келіп жатқан дәрілерді қолданудан бас тартуын сұрар едім. Әр науқас өз денсаулығына жауапты. Ең абзалы, дәрігердің қабылдауына келіп, тиісті сапалы медициналық көмек алғаны. Ал емханада ол үшін бар жағдай жасалғаны белгілі.