Белгілі журналист, ғалым, ұстаз, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Сейдолла Садықов жетпіс жасқа толып отыр. Белсенді автор ретінде Сейдолла Садықұлы «Қазақ үні» баслымының қалың оқырмандарына жақсы танымал. Қаламгердің Тәуелсіз Қазақ елінің өркендеу жолы, жарқын болашағы, ұлтымыздың көкейкесті өзекті мәселелері жайлы жариялаған материалдары жылы қабылданып келеді. Газетіміздің мыңдаған оқырмандары мен редакция ұжымы атынан мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс, еліміздің болашағы – жас мамандарды дайындаудағы еселі еңбегі алдағы уақытта да жемісті бола беруіне тілектеспіз.
Кімнің де болса алғашқы қадамы, одан кейінгі өзіне берілген өмір жолы кіндік қаны тамған, балалық шағын өткізген туған жерінен бастау алатыны белгілі. Садықов Сейдолла 1951 жылы 27 қыркүйекте Түркістан (Шымкент) облысы, Жетісай ауданы, Қызылқұм ауылында дүниеге келді. 1968 жылы Қызылқұм ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, оқушы кезінен басылымда мақалаларын жиі жариялап жүрген жас тілші Жетісай аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне әдеби қызметкер ретінде қабылданып, журналистикадағы алғашқы еңбек жолын бастады.
1970-72 жылдары сол кезеңде әрбір ер азаматқа абыройлы міндет болып саналатын қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеді. 1972 жылы әскер қатарынан оралған соң бала кезден армандағандай С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) Журналистика факультетіне оқуға түсті. Қызығы мен қиындығы мол студенттік шақтың өз ерекшеліктері бар. Университет білім беріп қана қоймайды, болашақ маманды үлкен өмірге жан-жақты дайындайды. Сейдолла студент кезінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзіне берілген тапсырмаларға үлкен жауапкершілікпен қарап, мұқият орындауға дағдыланды. Кеңестік кезеңде студенттерді жазғы демалыста құрылыс, күзде ауыл шаруашылығы саласындағы науқандық жұмыстарына араластыратын жақсы бір тәжірибе болатын. Бұл жастарды еңбекпен тәрбиелеудің озық үлгісі іспетті еді. «Еңбек семестрі» деп аталатын осындай шараларға әдетте университет ұстаздары жетекшілік жасайды. Факультет басшылығы бұл жолы Торғайдың тың даласына қырық шақты студентерге басшы етіп Сейдолла Садықовты жіберген-ді. Онысы деканаттың Сейдоллаға үлкен сенім артқанын көрсетсе керек. Өзімізден бір-ақ курс жоғары оқығанмен, оны біз ұстазымыздай көріп кеттік. Техника жағынан білмейтінімізді үйретіп, аудан басшыларынан бізге тұрмыстық жағдай жасауды да талап етіп, жұмысты да үйлестіре білді.
Сол жылы егін де бітік шығып, жердің берген ырыздығы елімізді қуантқан болатын. Науқандық жұмыс уақытпен санаспайды. Егінді дер кезінде жинап алмаса ысырап болып, қаншама еңбек далаға кетеді. Басында
батылсыздау, кібіртіктеп кіріскенмен, кейін аз уақыт ішінде кәнігі механизаторлардан қалыспайтын болдық. Сөйтіп еліміздің қамбасына құйылған мол астыққа шамамыздан келгенше өз үлесімізді қосқанбыз. Жақсы жұмыс істегеніміз үшін сыйлықтары мен марапаттарын берген жергілікті басшылар Сейдолла жетекшілік еткен студенттердің еңбегіне ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтқан-ды. Үлкен өмірден хабарымыз шамалы жастармыз ғой, еңбектің де жеңбегі болатынын көбіміз сол жолы түсінгенбіз.
«Журналистика факультеті партиялық қызметкерлерді дайындайды» деген ұғым болатын бұрындар. Ол да босқа айтылмаса керек, өйткені ол кездер аудандық, облыстық, республикалық басылымдар түгелдей түрлі деңгейдегі партиялық ұйымдардың органы болып табылатын. Негізгі бағыт-бағдарды солар белгілеп, басылымдарға тікелей бақылау жасайтын. Кадр мәселесін де партия шешетін. 1977 жылы университетті бітірген соң Сейдолла Садықов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Насихат және үгіт бөлімінің жолдамасымен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне жіберіліп, жауапты хатшының орынбасары, түрлі бөлімдердегі тілші қызметтерін атқарды. Редакцияда істей жүріп практикаға келген студентерге өз тәжірибесінен тәлім беруді де ұмытқан жоқ. Журналистік қызметтің, жазудың қыр-сырымен таныстырып, ақыл-кеңестерін берді. Онысы кейін ұстаздық қызметке ауысқанда көп пайдасын тигізді. Сөйтіп 1987жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетіне конкурстық негізде аға оқытушылыққа орналасты. Енді ол жас мамандарды дайындау ісіне бірыңғай ден қойды. Факультет деканының тәрбие істері жөніндегі орынбасары қызметін де қоса атқарды.
«Білім – инемен құдық қазғандай» дейді халық даналығы. Ал ғылымның жолы мүлдем оңай емес. Оның үстіне ұстаздық қызметті қатар алып жүрудің де қиындықтары шашетектен. Ғалым, ұстаз ғана емес, тәрбиеші де бола білуің қажет. Ғылым өзіне атүсті қарауды көтермейді. Оған бар біліміңді, бар уақытыңды, тіпті бүкіл өміріңді сарп етуің керек. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Тынымсыз ізденістің арқасында Сейдолла Садықов 1992 жылы 26 маусымда Ресей Федерациясындағы ең іргелі жоғары оқу орны М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің диссертациялық кеңесінде Журналистика мамандығы бойынша «Аграрные преобразования в Казахстане и печать» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Дүнижүзіндегі алып одақтың орталығы болып келген Мәскеу ғалымдары алдында ғылыми атақ қорғау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Өйткені мәскеуліктер шет республикадан келгендерге менсінбей шекесінен қарайтын, өздерін әлдеқайда жоғары санайтын.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бүгіндер елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал десек артық айтқандық емес. 1994 жылы 11 шілдеде Сейдолла Садықұлы Журналистика мамандығын ашуға арнайы шақыртумен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінен киелі Түркістанға ауысып
келді. Бұл оның өміріндегі елеулі өзгеріс еді. Бауыр басқан Алматыны қимаса да киелі Түркістан өзіне тартып, құшақ жая қарсы алды. 1995 жылы 29 наурыздан Журналистика кафедрасының меңгерушісі, 2003-2005 ж.ж. докторантурада (аға ғылыми қызметкер) болды. Қазір осы оқу орнындағы Журналистика кафедрасының профессоры. Секеңнің алдынан мыңдаған студенттер білім алып, тәлім-тәрбие көрді. Олардың алды қазір елге танымал қаламгерлер.
Докторлық диссертацияны Сейдолла Садықұлы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің жолдама-рұқсат хаты арқылы 2012 жылғы 29 наурызда «Освещение вопросов национальной идентификации и национальной идентичности в печатной прессе Казахстана (историко-филологические и методологичские аспекты)» деген тақырыпта, журналистика мамандығы бойынша Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің арнайы мамандандырылған докторлық диссертациялық кеңесінде қорғады.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитетінің шешімімен (2018 жылғы 16 наурызындағы №414 бұйрық) Өзбекстан Республикасындағы Жоғарғы аттестациялық комиссиясының шешімімен берілген филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі дипломының баламалығы танылды. Қазақстан Респуликасы Білім және ғылым министрілігі Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитетінің 2014 жылғы 16 маусымдағы шешімімен қауымдастырылған профессор ғылыми атағы берілді.
Сейдолла Садықов алдымен кәсіби журналист, Қазақстан Жуналистер одағы сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығы мен Халықаралық «Түркістан» газетінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық шығармашылық байқаулардың жүлдегері. Түркістан облысы мен Түркістан қаласының үздік насихатшысы, «ЖОО үздік оқытушысы -2012», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Халықаралық форумында қатысушы, Қазақстан филологтары І съезінің делегаты (2013ж.), Түркістанның Жыл адамы, Н.Төреқұлов, М.Шоқай атындағы және Түрістанға сіңірген еңбегі үшін медальдарының иегері. Өмірінің 53 жылын журналистикаға, оның ішінде 34 жылын ғылым мен ұстаздыққа арнаған Сейдолла Садықұлы осы күнге дейін қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Университет Ардагерлер кеңесі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұйымының мүшесі.
Ғұмырыың ауқымды бөлігін ғылым жолына бағыштаған С.Садықовтың ғылыми еңбектерінің саны 120-дан асады екен. Бұл жоғары көрсеткіш! Оның қатарында журналистика және публицистика проблемалары бойынша 1 оқулық, 4 оқу құралы, 5 монографиясы, 4 оқу-әдістемелік құралы, 70 ғылыми-зерттеу мақаласы бар. Шетелдік басылымдарда 30-дан астам, Scopus базасында 7 жарияланымы жарық көрген. Халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми- тәжірибелік конференциялар мен Халықаралық Түркология конгрестерінде 20-дан астам баяндамалар жасаған. Автордың ғылыми мақалалары АҚШ,
Қытай, Нидерланды, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінің басылымдарында жарияланған. Кейбірін атап өтсек, «Казахи. Вопросы идентификации и идентичности и печать Казахстана» деген көлемі 26 баспатабақ монографиясы Германияның «Palmarium» академиялық баспасында, «Тюркская филология: вопросы языка и литературы» атты қосалқы авторлық Халықаралық жинағы Бакуде, «Освещение вопросов национальной идентичности в казахстанской публицистике» деген монографиясы Ташкентте басылған. Сондай-ақ «Қазақ журналистикасы: ұлттық бірегейлік мәселелері» атты оқулығы, «Ұлттық рух жаршысы», «Қоғам және журналист» деген монографиялары, «Публицистің шығармашылық шеберханасы», «Қазақ елі: Тәуелсіздік публицистикасы», «Журналист жолға шықты», «Қазақ журналистикасы: ұлттық идея» атты оқу құралдары баспадан шыққан. Ғалымның монографиялары, оқулығы мен оқу құралдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлтық университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің, Қорқыт Ата Мемлекеттік университетінің, т.б. бірқатар жоғары оқу орындарының Журналистика факультеттері мен бөлімдерінде оқылып жүр.
Секеңнің мына еңбегі туралы ерекше айта кеткен жөн. Қазақ қаламгерлері арасында жазушылық тағдырын алғаш хамсса жанрында жазған Мұхтар Мағауин болса, журналистикада өз тағдырын мемуар роман эссе жанрында алғаш жазған Сейдолла Садықұлы. «Журналистика – тағдырым» атты мемуар романы соның айғағы. Бала кездегі қаламға деген құштарлықтан бастап, кәсіби маман ретіндегі қызметі естелік-романда егжей-тегжейлі жазылған. Үзеңгілес әріптестерінің еңбектеріне де баға берілген.
Әдетте ғылым жолына түскен мамандар, оның ішінде журналистер де баспасөзге суып кететіні бар. Бұрындар басылымдарда жиі көрінгенмен, уақыт тапшылығынан ба мақала жазбай кетеді. Секеңнің бір ерекшелігі ғылыммен, көп уақыт алатын ұстаздықпен айналысса да қаламын қолынан тастаған емес. Кәсіби журналист екенін естен шығармайтын Сейдолла Садықовтың ғылыми-публицистикалық мақалалары республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ үні», «Әділет», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Қостанай таңы», қалалық «Түркістан» газеттері мен «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» журналында, Жоғары оқу орындарының Хабаршыларында, сондай-ақ Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан басылымдарында жиі жарияланып тұрады. Бұл оның « Журналистика –тағдырым» деп өзі жазғандай, бала шақтан таңдаған ғажайып мамандығына деген адалдығының белгісі © 2009деп түсінуіміз керек. Біз білетін журналист-ғалым Сейдолла Садықұлының ғажайып ғаламы осындай!