Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сарыағаш пен Келес аудандарына іссапармен барды. Онда өңірдегі әлеуметтік және қоғамдық өзекті мәселелерді талқылау, шешу жолдарын қарастыру мақсатында жиын өткізді. Мәжіліске аудан әкімдіктері және жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Тұрғындар тарапынан түрлі ұсыныстар айтылып, сауалдарға жауаптар берілді. Жиынға қатысушылар этносаралық қарым-қатынасты нығайту, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жөнінде пікір алмасты.
Зейнет жасына дейінгі ел азаматтарына «Күміс жас» жобасы, жастарға 12 бағыттағы мемлекеттік бағдарлама қарастырылған. Солардың ішінде облыстағы колледжерге гранттар мен «Серпін» бағдарламасының, 2,5 пайыздық жастарға арналған жеңілдетілген несие алудың мүмкіндіктері түсіндірілді. Ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік бойынша «Ауыл аманаты» жобасы туралы Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев толықтырды.
«Тұрақтылық пен келісімді сақтау тұрғысынан жауапты мекемелерден бөлек этномәдени бірлестіктердің, ел ағаларының белсенділігі қажет. Әсіресе жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мен татулықты берік ұстануға үлесі зор. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу мен жұмысты күшейтуді тапсырдым. Алдағы уақытта әр ауылдық округтерде қоғамдық кеңестер құру жоспарлануда. Этномедиацияға баса мән беріледі» деген облыс әкімінің орынбасары келушілердің талап-өтініштері орынды дейді. Олар негізінен жұмыспен қамту, жастарды қолдау, мектеп салу, зауыттар мен өндіріс орындарын ашу, диқаншылар өнімдерін экспортқа шығаруға ықпал етуді сұрады.