Түркістан облысы құрылғаннан бері 6 жыл ішінде облыстық және аудандық жолдар мен көшелерді жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 311,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 9544,6 шақырым жолдар мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жол саласына қаралған қаржылардың басым бөлігі облыс орталығына баратын күре жолдардың жағдайын жақсартуға және туристік орындарға баратын жолдарды дамытуға бағытталды. Сондай-ақ шалғай аудандардағы ауылдарды аудан және облыс орталықтарымен байланыстыратын жолдарды жөндеуге басымдық берілді.
Атап айтсақ, ұзындығы 26 шақырым болатын «Түркістан қаласына кентау қаласы жағынан кіребес жолды қайта құру» нысаны толық аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, тұрғындар Кентау-Түркістан бағытындағы күре жолға балама жолмен және Жамбыл облысы мен Созақ ауданынан Түркістан қаласына келетін қысқа жолмен қамтамасыз етілді. Төлеби және Сайрам аудандарындағы туристік орындарға баратын Шымкент-Көксәйек-Қасқасу, Біркөлік, Манкент-Көлкент бағыттарындағы жолдар жөндеуден өтті. Сауран ауданын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын Шорнақ, Майдантал, Жүйнек, Қарнақ елді мекендерінен өтетін 100 шақырымға жуық облыстық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Одан бөлек, бүгінгі таңда Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақымдық жол қайта құрудан өтуде. Жоба 4 учаскеге бөлініп, жол 2 жолақтан, 4 жолаққа кеңейтілуде. Түлкібас ауданы бағытындағы Келтемашат, Састөбе, Шұқырбұлақ, Майтөбе бағытындағы 69,4 шақырымды құрайтын жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтті. Қазығұрт ауданындағы Қазығұрт-Тұрбат, Жігерген-Көкібел, Шарапхана-Жаңабазар, Айнатас-Қақпақ бағыттарындағы жолдарды «БЕ-БҚ» көлік дәлізіне қосатын 64,5 шақырымдық күре жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «БЕ-БҚ» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдағы асфальт жабындылары жаңартылды.
Сонымен қатар, облыстан алыста орналасқан, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Созақ аудандарындағы 300 шақырымнан аса күре жолдарды жөндеу қолға алынған.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызды құрады. 2024 жылдың соңында дейін бұл көрсеткішті 94 пайызға жеткізу көзделуде.
Түркістан облысы аумағындағы елді мекендердегі көшелерді жақсарту бағытында да жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта елді мекендердегі көшелердің жақсы жағдайдағы үлесі 70,2 пайызды құрап отыр. Өңірдегі жолдардың сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстардың барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауында тұр.
Биылғы жылдың қорытындысымен 546,6 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.