Талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша 2023-2024 жылдары 2 мыңнан аса Түркістан облысы тұрғындарының шамамен 650 млн теңгеге жуық қаржысын қаржылық пирамидалар заңсыз иемденген. Аталған іс бойынша 22 күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, жәбірленушілерге келтірілген залалдың 233 млн теңгесі қайтырылды. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев брифингте мәлімдеді.
«Қаржылық пирамидалардың алдын-алу мақсатында департамент «Аймап» ақпараттық жүйесі арқылы қауіптілігі бар 10 мыңға жуық «Instagram» аккаунтын анықтады.
«Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қаржылық пирамида және заңсыз ойын бизнесінің күдік қаупі бар 180 аккаунт, сайт, «WhatsApp» топтар бұғатталды. Халық арасындағы кеңінен таралған қаржылық алаяқтық және экономикалық қылмыстар деңгейін төмендету мақсатында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігімен «АФМ INSIDER» телеграм чат-боты іске қосылған», — деді Ерболат Темірболатұлы.
Бұдан бөлек, қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен «Бизнесті қорғау» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында биыл «Атамекен» ҰКП алаңында 15-тен аса жеке қабылдау өткен.