Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың базасында орналасқан бірегей ботаниқалық бақ – аймақ үшін баға жетпес байлық. Бүгінде 88 гектар аумақты алып жатқан ботаниқалық бақта декоративті және жеміс талдарының 150-ге жуық түрі мен сорты бар.
Жылдағы дәстүрге сай, жаз мезгілінің алғашқы күнінен оқу ордасының ботаникалық бағындағы жеміс ағаштары өнім бере бастайды. Бұған дейін де бақтағы шие ағаштарының өнімдері жиналып, жидектен жасалған шырын университет факультеттеріне таратылған болатын. Енді, міне, биылғы маусымның піскен өріктерін жинау және өңдеу жұмыстары да бастау алды. Бақтың жалпы аумағының 15 гектарында өрік ағаштары егілген.
«Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ботаникалық бағының бағалы гендік қорын сақтау» жобасы аясында өріктерді жинауға күніне 30-ға жуық адам жұмылдырылды. Мамандар биыл шамамен 30 тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Жиналған өнімдер жеміс-жидектерді өңдеу өндірістік цехында сапасына қарай сұрыпталып, одан кептірілген өрік әзірлеу жұмыстары атқарылады.
Айта кетейік, қазіргі таңда ботаникалық бақта 650 млн теңгеден астам сомаға 3 ірі жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында жаңа цех құрылып, өсімдіктерді Түркістан өңірінің климатына бейімдеп, өсіру жұмыстары қарқынды жүргізіледі.