Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қала аралау барысында Әл-Фараби ауданындағы “Shymkent Hub” ғимаратында болды. Инновациялық орталық қаламызда ақпараттық технологияларды қолдау және дамыту мақсатында құрылған. Орталық стартап жобалар, технологиялық компаниялар, инвесторлар, оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы өзара әрекеттесу алаңы ретінде қызмет етеді.
Сонымен қатар “Бозарық” шағынауданындағы базар құрылысының барысымен танысты. Жауапты мамандарға барлық жұмысты уақытында аяқтап, аумақты абаттандыруды және стихиялық саудамен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерін осы базар аумағына көшіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Бұдан бөлек тазарту қондырғыларының кешенін аралап, нысанның санитарлық жағдайымен танысты. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС басшылығына мүдделі органдармен бірлесіп қазіргі экологиялық жағдайды зерделеу бойынша тапсырма берді.
Сондай-ақ «Алтынтөбе» тұрғын алабындағы базардың жай-күйін тексерді. Аудан әкімі мен бөлім басшыларына учаскедегі барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Аралау барысында жаңа әуежай терминалы аумағындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын да бақылады. Одан әрі Асанбай Асқаров атындағы дендросаябаққа барып, субұрқақ пен каскадты сарқыраманың жұмысын тексерді. Олар жазғы уақытта да үздіксіз жұмыс істеуі қажет. Жауаптыларға мұны жіті қадағалауды және пикник ұйымдастыратын орындарды жарықтандыруды тапсырды.
Сонымен қатар, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Көлді» абаттандыру және Ордабасы алаңындағы субұрқақтарды қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Салалық басқарма басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.