«Тазалық – денсаулық кепілі» — бұл ұранды акцияға қатысып отырған Әл-Фараби ауданының тұрғындары да қолдап отыр. Шараға ардагерлер мен белсенді жастарды қосқанда 200-ден астам адам қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Наштайұлы «Таза Қазақстан» акциясы уақытша акция емес, тұрақты тазалық шарасы екендігін, осыған байланысты әрбір қала тұрғыны тазалық мәдениетін сақтап, аулаларды ретке келтіруді өзінен бастау керектігін баса айтты.
Еңбекші ауданында акцияға қатысушылар «Шымкент» каналының аумағында тазарту жұмыстарын жүргізді. Акцияға тұрғындар да, «Жасыл ел» еңбек жасақтары да қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З. Жайшыбеков баршаға қатысқаны үшін өз алғысын айтып, аулаларымыздың тазалығы өзіміздің әрқайсымызға байланысты екендігін атап өтті. «Біз өзімізден бастауымыз керек, сонда біздің жастарымыз да тазалықты сақтайды», — деді ол.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Тұран ауданының тұрғындары мен «Жасыл ел» жастар жасақтары қала тұрғындарының танымал демалыс орны болып табылатын Қошқар ата өзенінің жағасын тазарту бойынша санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар өзен аумағын қоқыс пен өсімдіктерден тазартты, шомылу ережелері мен өзен бойындағы жарықтандыруды жүйелерін жаңартты. Олар қаланың тазалығы ең негізгі басымдық екенін және әрбір тұрғын оны қолдауға белсенді қатысуы керек екенін атап өтті.
Осыдан 2 ай бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел бойынша “Таза Қазақстан” атты экологиялық акциясы басталғаны барлығына мәлім. Оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар белсене қатысып, айналаны тазартып, гүлдендіруге барынша ат салысты. Негізі, науқан мамырдың 13-ші жұлдызына дейін деп белгіленген еді. Межелі уақыт аяқталғанымен, қоғамды тазартуға шығамыз деген түрлі ұжымдардың қарасы әлі де қалың.