Заң мен тәртіп сақшыларының мерекесі жақындап қалды. Жыл сайын 23 маусымда Қазақстанда Полиция күні аталып өтіледі. Полиция қызметкерлеріне құрметімізді көрсете отырып, еліміздің өңірлерінде ерекше көзге түскен тәртіп сақшылары туралы баяндаймыз.
Полицияда жұмыс істеу — бұл қылмыспен күресу және кез келген сәтте көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созуға дайын болу.
Алдымен биыл қаңтар айында Астанада болған оқиғаға тоқталайық. «102» пультіне өз пәтерінде қамалып қалып, шыға алмай, хал-жағдайы нашарлаған қарт адам туралы хабарлама келіп түсті. Зейнеткер емханаға қоңырау соққан, ал дәрігерлер дабыл қағып, полиция бөліміне хабарлаған. Оқиға орнына екі автопатрульдік топ жіберілді. Полиция капитандары Дулат Ыдырысов пен Мұхамедқали Қалдыбеков есіктің ішінен жабылғанын көріп, оған бірінші қабаттағы пәтердің терезесі арқылы кірген. Осылайша, науқасты құтқарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған. Ер адамның жүрегі ауырады және ол пәтерде жалғыз тұрады екен.
Астанада болған тағы бір оқиға. Полицейлер Сығанақ көшесіндегі М-3 көпірінен секіріп кетпек болған жас жігітті құтқарды. Таңғы сағат 03.00 шамасында тәртіп сақшылары көпірге келген кезде, қоршаудың ар жағында тұрған ер адамды көреді. Патрульдегі полицейлердің бірі Досжан Садық онымен сөйлесіп, назарын басқаға аудара бастайды, осы кезде екіншісі — Анарбек Досымбеков қоршаудан өтіп, жігітке жақындап, оны ұстап алады. Екеуі оны қауіпсіз жерге алып шығады.
Бірнеше тіл білу Шымкент қаласының Патрульдік қызмет полкінің инспекторы Нұрдәулет Елгелдиевке жұмысында жақсы көмектеседі. Тәртіп сақшысы ана тілінен басқа орыс, қырғыз, өзбек, түрік және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Бірде қала көшелерін патрульдеу барысында оның көзіне фура түседі. Жүргізушісі Түркиядан келген. Ол қала ішінде адасып, Өзбекстанға барар жолды таба алмай жүрген екен. Нұрдәулет бәрін сұрап, істің мән-жайын анықтайды. Сөйтіп, жүк көлігін қала сыртына дейін шығарып салады. Кейін шетелдік жүргізуші полицейге алғысын білдіріп, ІІМ сайтындағы парақшаға бейнежазба жолдаған.