Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептердің құрылысы мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізу мәселелерін қарады.
Мегаполис басшысы мәжілісте білім беру нысандарын заман талабына сай жабдықтауға баса назар аудару қажеттігін айтты. Сондай-ақ Ғабит Әбдімәжитұлы бұл жобаны жүзеге асыруға мүмкіндігінше жергілікті тауар өндірушілерді тарту маңызды екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, барлық мектеп ғимараттары мен жиһаздары жайлы, қауіпсіз және оқушылардың білім алу қажеттілігіне сай болуы керек. Қала әкімі бос орындарға конкурс өткізу кезінде білікті кадрларды тартуға баса назар аударуды тапсырды.
Сонымен қатар, жиында қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек мегаполисте «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Спикердің айтуынша, қала әкімінің тапсырмасы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау мақсатында жыл соңына дейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіллі.
Қазіргі таңда акция аясында Қошқар ата өзенінің жағалауы, балалар темір жолы, магистральдық көшелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары тазартылып, абаттандырылып жатыр. Апта сайын әр ауданда сенбілік өткізіліп, тазалыққа қала тұрғындары, еріктілер мен белсенділер атсалысуда.
Сондай-ақ, биыл бес аудандағы 20 көше көгалдандырылып, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жалпы ауданы 376 мың шаршы метр көшелерді көгалдандыру жоспарлануда. Оның ішінде 7 мың қылқан жапырақты, 40 мың жапырақты ағаш отырғызылады. 46 ұңғыма бұрғыланып, автоматты суару жүйесі орнатылады деп жоспарланып отыр.
Жиын соңында қала басшысы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Ғабит Әбдімәжитұлы қалада тек тазалықты ғана емес, қоғамдық тәртіпті де сақтау маңызды екенін атап өтті.