Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында қаланың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Ахметов Алдарқұл Райымқұлұлы қаладағы демалу орындары мен жазғы шомылу бассейндері қандай талаптарды сақтау қажеттігін түсіндірді.
Жазғы кезеңде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі қала аумағында орналасқан, оның ішінде шомылуға және демалуға арналған орындардағы жүзу бассейндері мен ашық су қоймалары суының сапасына және орталықтанған су құбырынан алынатын жүзу бассейндерінен зертханалық зерттеулерге сынама алумен мониторинг жүргізеді.
Алдарқұл Райымқұлұлының айтуынша, Шымкент қаласы аумағында 28-ден аса шомылу орындары бар, оның ішінде 9-ы жазғы демалыс ұйымдары. Маусымдық шомылу кезеңінің басталуына байланысты түрлі инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында мониторинг барысында 2024 жылдың маусым айында су айдындарындағы судың сапасын бактериологиялық зерттеулерге 33 сынама алынып, оның ішінде 10 сынама санитариялық талаптарға сәйкес келмеген, санитариялық-химиялық зерттеулерге 55 сынама су, паразитологиялық тексеруге 3 сынама, тырысқақ ауруына 19 су сынамалары алынып, оның ішінде санитариялық нормаларға жауап бермегені анықталмаған.
Өндірістік зертханалық бақылау тәртібі бойынша жүргізілген талдау нәтижелері қанағаттанарлықсыз болған жағдайда, ақпарат 24 сағат ішінде міндетті түрде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне жіберіледі. Бұл жағдайда бассейн жабылады, бассейннің қалыбы шайылып, дезинфекцияланады, күрделі жинау, қажет болған жағдайда қосымша микробиологиялық және паразитологиялық зерттеулер жүргізіледі.
Жүзу бассейндеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі №ҚР ДСМ-67 «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығы негізінде қадағаланады, осы қойылған талаптарға сәйкес, маусымдық бассейндерді су құбырынан келетін су болмаған жағдайда, жер үсті немесе жер асты көздерінен келетін сумен толтыруға болатыны көрсетілген.