ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Темір Қырықбаев пен Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан облысының аудан, қалаларын аралап, халықпен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның орындалу барысын қадағалаған болатын. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыхалық қалаулыларын арнайы қабылдап, өңірдің дамуы жөнінде пікір алмасты.
Облыс әкімі аймақты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Өндіріс орындарын ашу, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, ауыз сумен және газбен қамту, мектептер мен әлеуметтік нысандар салудағы жұмыстарды баяндап, Түркістанның инвестициялық әлеуетін көтеру шараларына тоқталды. Жергілікті бюджет пен кіріс көлемін ұлғайту мәселесі де назардан тыс қалмады. Сонымен бірге ағын су саласындағы түйткілдер де сөз болды.
Депутаттар қалалар мен елді мекендерді аралау барысындағы халық тарапынан айтылған мәселелер туралы ой қозғады. Өңірде сайлауалды бағдарлама жүйелі жүзеге асып жатқанын, тұрғындардың көзқарасы дұрыс екенін жеткізді. Сонымен бірге Түркістан қаласының ерекше мәртебесін айшықтайтын Заң жобасына депутаттар мен қоғам тарапынан қызығушылық жоғары екенін айта келе бұл маңызды Заң жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізетіндерін атап өтті.