Іскерлік әлемге еніп, белгілі бір істің көзін тауып, айналаға қажетті затты дәл анықтап, оның түбін зерттей білу өміріңізді, ұстанған жолыңызды өзгертуі әбден мүмкін. Бұған түркістандық Сайдиганиевтер отбасының қолға алған кәсібі дәлел. Олар бүгінде өздерінің шағын цехында жасанды ротангтан жиһаз өріп, өнімнің 15-тен астам түрін жасап шығаруда.

– «Бүгінде облыс болғалы қаламызда қадам аттасаң жиһаздың түр-түрі кездесетінін білесіз. Үйге дейсіз бе, кеңсеге дейсіз бе, тиісті мекемелерге, балаларға арналған көптеген жиһаздың барлығын Түркістаннан қиналмай табуға болады. Енді жаңаша не істеуге болады деп ойлана келе интерьерде қызықты көрінетін өрілген жиһазды жасауға бел будық. Әрине, нөлден бастаған нәрсе оңай емес. Алдымен Ташкентке барып, олардың осындай ротангтан жиһаз шығаратын алып зауыттарынан жылдан астам тәжірибе жинақтап, үйреніп, ол жақтың нағыз шеберлерін осында келіп үйретулері үшін келісім жасадық», – дейді ағайынды Сайдиганиевтердің бірі Сұлтанмұрат атты жас кәсіпкер.

«Түркістанда жасалған» отандық өнімнің қазіргі таңда Деко Классик, Изабелла, Рим, Шанель, Джек, Милано сияқты тағы басқа 15 түрі сауда сөресіне қойылды. 4-6-8 орындықты үстелдердің, аспалы гамак-креслолардың ерекше сыртқы түрі алуан түрлі стильдерге де сәйкес келеді. Оларды қазір кафе-мейрамханаларда ғана емес, тұрғын үйлерде де көптеп кездестіруге болады.

– «Күннен күнге түрлі өзгерістер болып, қаламыздағы тіршілік қайнап жатқан тұста қарап отыру ақылға сыймайды. Қолда бар қаржыны жинақтап, жетпегенін қарызданып осы істі қолға алдық. Іздендік, әрекет еттік. Біраз жерде ротангтан жасалған жиһаздарға сұраныс көп екен. Ташкентте ойдағыдай үйреніп-біліп келгеннен кейін уақыт созбай өзімізде бастап көруге бел шештік. Байқап отырғаныңыздай, бұл нағыз қол жұмысын талап ететін өндіріс. Негізі ротанг өсімдігі – қымбат материал, ол Индонезияда өседі. Бүгінде оның жасанды түрі өндірілуде. Осы өнімнің сегіз түрін Өзбекстаннан алдыртамыз, ал темірден ресейлік темірді пайдаланамыз. Оны өзіміз өңдеп, әрлейміз.

Тәжірибе көрсеткендей, өнімнің шикізатын толық өзімізден өндіруге болады, ол үшін алдағы уақытта ротангты өндіретін арнайы құрылғыны (станокты) алдыру жоспарымызда бар. Сондай-ақ ісімізді кеңейту мақсатында  кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Даму» Қорының бағдарламасы аясында жұмыс істеу ойда бар. Қазір өзбекстандық 15 шебер дайын ротангтан осы жиһаздарды қолдарымен өруде. Жиһаздың түсі тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады. Оларға жергілікті 5 жұмысшы қосылып, өнімді қалай жасаудың қыр-сырын меңгеруде».

Кәсіпкердің айтуынша, қолы жылдам, епті шебердің әрқайсысы күніне бір орындықтан өріп бітірсе, үйреніп жатқан шәкірттер бір орындықты өруге үш күн жұмсайды. Бұл аса сабырлылық пен төзімділікті қажет ететін жұмыс. Жалпы, тоқымашылықта өзі солай екені белгілі.

Бүгінде кәсіпкер Сайдиганиевтердің сапалы өніміне сұраныс артып, жергілікті ғана емес, Алматы, Астана, Қарағанды қаласының, алыс-жақын аудандардың тұрғындары да тапсырыс беруде. Демалыс орындарының ғана емес, ас және қонақ бөлмелерінің де ажарын ашатын бұйымдардың бағасы шетелден келетін жиһаздармен салыстырғанда айтарлықтай төмен екені аңғарылады. Демек, жергілікті халықтың қалтасына қонымды.

Айта кетейік, ротангтан жасалған өнімдер біздің оңтүстіктің 40 градус ыстығына да, сондай градустағы суыққа да төзімді. Суға да шыдамды. Кірлегендей болса, еш қорықпастан щетканы алып, кез келген тазартқыш құралын пайдаланып жууға болады. Өрілген өнімнің мықтылығын жетік зерттеп келе жатқан ағайынды Жахонгир, Сұлтанмұрат қолдан шыққан өз өнімдерінің сапасына жүз пайыз кепілдік береді. Демек, өз өніміне өзі нық сенімді, ал сенім болған жерде істің алға басатыны анық. Ендеше жас кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, еңбегіңіз жандана берсін дейміз.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.