Түрлі мерекелер қарсаңында қызу дайындық басталып, ағыл-тегіл дастархан жаюға кірісіп, көл-көсір сыйлықтар іздеп кететініміз рас. Бір апам айтпақшы «базарда алушыдан сатушы көп». Тарту етер тамаша затқа сұраныс болса, сұранысқа сай әрекет кез келген кәсіп үшін басты орында. Ал сұранысы бар істің көзін табу үшін қоршаған ортаңның мұқтаждығын зерттеу керек екені белгілі. Айналамызға тап қазір не қажет, тұтынушыларымызға таңсық болар дүниелер қайсы, жастарды не қызықтырады, әлеуметтік желілерде трендке айналған бұйымдар қандай? Міне, осыларды әркез назарда ұстап, «қолыңнан келсе, қонышынан бассаң» тәп-тәуір пайдаға кенелетінің ғажап емес.

Ендеше, өзінің тұрақты жұмысына қосып ұтымды сәтті құр жібермей, пайдаға асыратын пысық қыз-келіншектермен қызығушылық білдіре отырып әңгімелескен едік, бірге тыңдап көрелік.

Шапағат, бүкіл әлеуметтік желіде тренд болып саналған, қарасаң көздің жауын алатын, жесең тоймайтын «шоколадты құлпынай» жасауды үйреніп, сондай-ақ оған тапсырыс қабылдап, біраз тұтыншуылардың таңдайын қақтырды.

«Бүгінде қабілетің жетсе табыс көзіне айналдырарлық дүние жетерлік. Ұшқыр ойыңыз бен фантазияңызды іске қосып жасаған, өз қолыңнан шыққан бірегей дүние әрқашан құнды болады. Ал ол іс сіздің жаныңызды рахатқа бөлей отырып, табыс әкелсе, тіптен керемет.

Әр бизнестің өз қызығы мен шыжығы бар. Сол сияқты құлпынайдың да машақаты бар. Шоколадтың еру температурасы, құлпынайды тазалау техникалары әжептеуір білімді қажет етеді. Мұны біз құрбым екеуіміз Кентау қаласына барып, ақылы бір күндік курстан меңгеріп келдік. Әуел баста бұл іске қызығып өзіміз үшін, өзгелерге сыйлық ету немесе қуанту үшін жасаған болатынбыз. Кейін сұраныс артып, көп тапсырыстар қабылдадық. 8 наурыз қарсаңында үш күн тынбай құлпынай, сондай-ақ банан, анар жемістерінің түрлерін әзірледік. Біраз шығындарды жауып, айтарлықтай табыс таптық. Біз қажетті құлпынайды сатып алғанда әрдайым балғын түрін таңдаймыз және премиумдық Callebaut шоколадтарын қолданамыз. Одан кейін әсемдеу, өрнектеу жұмыстарының, сыртқы қорабының да маңызы зор. Тұтынушыларымыздың «мынаны тіпті жеуге де қимайсың ғой» деп тамсанғандарының өзі өнімдеріміздің осал емес екенін аңғартады. Сондай-ақ шоколадты құлпынайды алдын ала жасап қоюға болмайтынын ұмытпаған жөн. Өйткені оның сақталу мерзімі шектеулі. Тапсырыс берушінің қажет уақытына қарай арнайы жасалады, бұл туралы тұтынушыға да ескертіп отырамыз. Енді осы Рамазан айына ауызашарға құрмадан түрлі өнімдер жасауға тапсырыс алып отырмыз».

Дильфуза, «Dilza atelier school» ательесінің иесі, этностильдегі түрлі ұлттық киімдер тігіншісі.

«Биыл қаламыздағы барлық мектептердің оқушыларына ашық сабақтарға, Наурыз мерекесіне этностильдегі және қазақша нымшалар кию тапсырылды. Сонымен жылдың басынан бастап жаппай қазақша оюмен безендірілген нымшалар тігуді қолға алдық. Әр сыныптың 20-25 баласына тігілген нымшалар көптің көңілінен шықты. Десе де, бірінің баласы ірілеу, бірінікі шағындау, әрқайсысын ойдағыдай тігіп бітіру барысында машақаттары да жетіп артылды. Бірақ тапсырыстар толастар емес. Ательедегі 5 қыз барлығын тігіп үлгеруге тырысуда.

Негізі, тігін тігіп үйренемін, іс бастаймын деген қыз-келіншектерге қолдан келгенше үйретемін. Және де өзім үйреткен шебер қыздар тігінді толық меңгергеннен кейін осы жерде жұмысын жалғастыра алады. Өйткені «келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, ұстаз бен шәкірттің бір-бірін түсінулері, бірге үйлестіре отырып жұмыс жасаулары маңызды деп ойлаймын. Қыздарға айтарым, тігіншілік өнер әр әйел баласына қажет. Осылайша «икемі келген инеден нәпақа айырады» дегендей, тапсырыстар мауысымында қарап отырған жоқпыз».

Айгүл, кеңседегі негізгі жұмысымен қатар шаштай нарын мен шырын әсіпке тапсырыс қабылдайды.

«Кәзір ауызашардың кезі. Статусыңа «нарын, әсіп қабылдаймыз» деп жазсаң жетеді, таныстарың бар, олардың танысы бар, тапсырыс береді. Он зуала қамырды илеп, жайып салып аламын, енем суытып, майлап дайындап қояды. Сосын қайралған пышақпен тықылдап турап тастасаң болды! Еш қиыны жоқ, есесіне еңбегіңнің арқасында елеулі боласың.

Арамызда еріншек, сондай-ақ еркетотай келіншектердің кездесетіні жасырын емес. Тіпті үйінде оқтау-тақтайы мен сыпырасы жоқ таныстарым да бар. Олар не істейді? Біреуге тапсырыс беріп отырады. Ал әсіп істеу жұмысының машақатынан қашатындар тіптен жетерлік. Малдың ішек-қарнын тазалауды таудай көріп қиналатындар бар (күліп). Жиі істеп дағдыланған соң одан оңай жұмыс жоқ секілді. Тек қарап отыруға болмайды, ебін тауып еңбек еткенге не жетсін әрі қалтаңда артық ақшаң жүреді. Айлық тигенше ешкімнен сұрамай, осындай бір іспен айналысқан жөн. Дегенмен, көпшілік жиындарда үлгере алмағанда жақсы аспаздарға тапсырыс беріп қойғанның артықтығы жоқ».

Міне, осындай өмірі позитивті, бірдеңе істеп жүрмесе тыныш отыра алмай, шаруасын дөңгелетіп жүретін шапшаң да ширақ жандардың ісіне қызығасың, үлгі алуға да болатынын түсінесің. Ал сіз қандай қызықты іспен айналысып жүрсіз, айтыңыз, бірге тыңдайық.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.