Иә, «Балалы үй – базар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Баланы өмірдің мәні деп түсінетін адамзат үшін баланың шаттық күлкісінен, олардың жетістіктерінен, амандығынан артық қуаныш жоқ. Өмірге келген сәбидің әрбір қылығына шаттанып, мәз-мәйрам болып, өздерінше бақытты шағын мемлекет болып отырған адамдарға қарап, расында кейде қызығасың. Бүгін сөз еткелі тұрған алтын құрсақты аяулы ана Мөлдір Мұханбетова сондай жандардың бірі. Ол жолдасы Ерғали екеуі сегіз ұл-қыздың ата-анасы. Тіл-көзіміз тасқа, оның екеуі егіздер.
Әңгімені әріден бастасақ, Түркістан қаласында өсіп, мектебін, одан соң жоғары оқу орнын аяқтаған Мөлдір 23 жасында Майдамтал ауылы Наурызбаевтар әулетінің алғашқы келіні болып ақ босағаны аттайды. Көп балалы отбасыға келін атанып, сүйікті жары Ерғали екеуі ата-ана алдында перзенттік міндеттерін адал атқарып, бір шаңырақ астында берекелі өмір сүреді. Енесі жас келінді тәрбиелеп, білмегенін үйретіп, «адамның бір қызығы бала» екенін жиі айтып отырады.
«Жұбайым тоғыз ағайынды. Ауылға сый-құрметі мол отбасыға келін болып түскеніме қуанамын. Жұбайым Ерғали екеуіміз де көп балалы болуды армандадық. Өйткені қазақта «әр баланың өз несібесі бар», -деген емес пе? Алланың бергеніне мың шүкір деймін, берерінен таймасын. Олардың әрқайсысының орны бар. Үйде біреуі болмай қалса, іздеп, қашан келеді деп алаңдап отырамыз», – дейді Мөлдір.
Майдамталдық келін Мөлдір Мұханбетова 36 жасында алтын алқалы ана атанады. Өмірге алғаш Мухсина мен Хасан атты егіздер келіп, ата-ана қуанышын еселей түсті. Айтпақшы, Мөлдір құрбым мектеп оқып жүргенде әдеби кітаптарды жастана оқып, Мұқағали поэзиясына ғашық болып жүретінін айтуды ұмытпайын. Соның дәлелі ме, бір ұлының есімін ақиық ақынның құрметіне орай, Мұқағали деп қойыпты.
«Тұңғыштарым Мухсина, Хасан бүгінде 1 курс студенттері. Екеуі де биыл грант иегерлері атанып, бізді үлкен қуанышқа бөледі. Одан кейінгі қызым Мадина «Яссы» колледжінде білім алуда. Ал ақынмен аттас ұлым Мұқағали 9 сыныпта оқиды. Өзінің қызығушылық білдіріп жүргізетін «ютуб» каналы бар. Сабрина деген қызым 8 сынып оқушысы. Егіздерім Иманғали мен Досғали 4 сыныпта оқыса, кішкентайым Қайырхан 4 жастан асты».
Көп балалы үйдің балалары бір-біріне қамқор, мейірімді болады дегенді Мөлдір де растай түскендей, балапандарының бір-біріне деген ерекше жанашырлығы жайлы анасы былай дейді: «Балалар бір-біріне өте қамқор. Өздеріне тиесілі жұмыстарын атқарады. Сабақтарына да үлгереді. Қыздардың қолдарынан бәрі келеді. Олар менің нағыз көмекшілерім.
Сондай-ақ оларға адамның жан дүниесін кітап арқылы түсінуге болады деп жиі айтып, кітап оқуға баулимын. Арасында әдебиеттегі кейіпкерлерді мысалға келтіре отырып, оларға ой саламын. Десе де қазіргі балалар смартфон, телефондарға көбірек тәуелді болған соң, олармен ерекше жұмыс істеу қажет екені белгілі.
Үкіметтен осы 8 балаға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті аламыз. Әрине, бір жәрдемақыға қарап отыруға болмайды. Әркім өзінше еңбек етуі тиіс және де жұмыс істеймін деген адамға екі қолға бір жұмыс табылады. Мемлекет те көп балалы отбасыларға көмегін тигізуде, оны жоққа шығаруға болмайды. Сондай үлкен көмектің бірі 2016 жылы көп қабатты үйлерден пәтер берілгенін айта кетейін. Аллаға тәубе етемін, бүгінде отбасымызбен сол пәтерде тұрып, шарапатын көріп жатқан бақытты шаңырақтың біріміз. Әйелдің отбасы, қоғам алдындағы міндеттерін саусақпен санауға болмас. Дүниеге сәби әкеліп, оларды қанаттандыру оңай емес. Өзім Түркістан қаласындағы А.Байтұрсынов мектебінде мұғаліммін. Жолдасым да еңбекқор жан, еш уақытта қарап отырмай, табылған жұмыстың ешқайсысынан қаймықпай, әрекет етіп жүретін адам. Әрі балаларымызға да «еңбектің наны тәтті» екенін ісімізбен көрсетіп дәлелдеуіміз қажет емес пе? «Егер ата-ана өз парызын дұрыс атқарса, бала да перзенттік міндетін мінсіз орындайды. Балаң ұятқа қалдырмасын десең, дұрыс ата-ана бол», — деген тәмсілді ұстануға тырысамыз.
Расында, баланың ең бірінші тәрбиешісі ол – ата-анасы. Балаларға мықты тәрбие беру, қатарға қосу, оқыту әлбетте отбасындағы дәстүрге, ұлттық құндылықтарға байланысты. Отбасындағы ер балалардың тәрбиесі әкенің ер мінезділігі мен жауапкершілігінде. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген нақыл әкенің қадір-қасиетін ұғындырып-ақ тұр. Ұлдарына келешекте нағыз ер азамат болып, елін қорғап, адал қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеуге әке барын салуда. Ол ұл-қызына қамқор, кішіпейіл, ізетті болыңдар деп айтудан жалыққан емес.
Ал «ана көрген тон пішер» демекші, қыз балалардың әдепті, ибалы болып өсуін анасы қадағалайды. Қыздарының түрлі тағам дайындай білуін, айналасын, үсті-басын ұқыпты, таза ұстауын ана әрдайым қыздарының санасына құйып, үйретіп отырады. Мұның барлығы ұрпағының болашақта бақытты өмір сүруіне апаратын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын жол деп біледі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей Ерғали мен Мөлдір отбасында балаларының ұлағатты ұл-қыз болып өсуіне барынша күш салуда. Өйткені отбасында бала қандай тәрбие көрсе, соны алдағы өмірінде қайталайтынына өмірлік тәжірибеден байқап жүргендерін жасырмайды.
Бүгінде Мөлдір көп балалы ана ретінде ағайын-туыс, дос-жаран, әріптес арасында құрмет-қошеметке бөленіп отырған ардақты ана. «Хасан, Мухсина ХҚТУ студенттері, Мадина мен Мұқағали компьютерлік бағдарламалау саласына қызығады, Сабрина өнерге жақын, сондай-ақ ағылшын тілін меңгергісі келеді. Иманғали полиция, Досғали өрт сөндіруші болуды армандайды. Қайырханымыз әлі кішкентай. Балаларымыз қандай мамандық таңдаса да, ең бастысы адамгершілігі мол, елінің адал азаматтары болса, одан асқан бақыт жоқ», — дейді аяулы ана.
Әлемде отбасыңның амандығы мен татулығынан асқан бақыт жоқ екені рас. Ендеше тату отбасының тірегі болып отырған жандарға үйлеріңізде перзенттеріңіздің шат күлкісі мәңгі орнасын, аңсаған армандарыңызға жетіп, көпке үлгі болыңыздар дегіміз келеді.