Қай салада болмасын, еңбек етіп, жетістіктерге жеткен адамды қоғам қайраткері, мынадай сыйлықтың иегері, лауреаты, бірнеше дүркін чемпион, ғылым кандидаты, доктор деген секілді сәтті жолдарын сатылап көрсетіп жатамыз. Ал бір отбасыда неше баласы болса, сонша сыныптың ата-аналар комитеті болып тағайындалып, сол бойынша түрлі атақ-даңққа ие болған белсенді әке жайлы естуіңіз бар ма? Ендеше біле жүріңіз, Білім-инновация лицейі Әкелер кеңесінің және 8 «б» сынып ата-аналар комитетінің төрағасы, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейі Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, «Нұр-Қазына» балабақшасының ата-аналар комитетінің төрағасы Жанабаев Марат Жұмаханұлымен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
— Марат мырза, бірнеше сыныпта ата-аналар комитетінің төрағасысыз, балабақшаның белсенді ата-анасысыз, ата-аналардың көпшілігі «қолым тимейді» деп түрлі желеу тауып жүргенде, сіздің бұл қасиетіңіз көпке үлгі екені анық. Осының барлығына қалай үлгересіз және де көпшілігі кейінгі орынға ысырып қоятын мұндай жұмыстар сізді жалықтырмай ма?
— Әрине, атқарылып жатқан жұмыстар оңай емес. Ұлым мен қыздарымның мектептерінде және балабақшада өтетін әртүрлі іс-шараларға қатысу және қатысып қана қоймай, сол бастамалардың басы-қасында жүру көп уақыт пен энергияны қажет ететіні белгілі. Дегенмен, бала үшін барлығын жасайсың. Басқа-басқа, бірақ балаларымның келешегі үшін маңызды болып табылатын мұндай шараларға әрдайым уақытымды бөлемін, соған алдын-ала дайындалып, тірліктерімді реттестіремін. Әрбір жасаған аз ғана жұмысым үшін өзіме дән риза болып, шабыттанамын. Бір жағынан балалармен жұмыс істеу ұнағандықтан болар, еш жалыққан емеспін, қайта бойыма күш-қуат жинағандай сезімде боламын. Олармен бірге болу – мен үшін өте маңызды, одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.
— Мұндай шаралардың бірде-бірінен қалмай, белсенді қатысудағы мақсатыңыз жайлы айтсаңыз.
— Менің басты мақсатым – қоғамға пайдалы болу. Ал қоғамға пайдалы болу, әлбетте, бірінші отбасыдан басталады. Ұл-қыз ата-анаға қарап бой түзейді. «Не ексең, соны орасың» дейді дана халқымыз. Сондықтан, үлгілі отағасы, саналы әке болуға талпынамын. Ұл-қыздарыма олардың мен үшін қаншалықты маңызды екенін сезіндіру және кез келген жағдайда, мейлі үйде болсын, мейлі мектепте яки балабақшада болсын, олардың әрдайым жанынан табылуға әзір екенімді көрсету тұрғысынан мұндай іс-шараларға қатысудың орны бөлек. Ата-ананың жасап жатқан әрбір ісіне баланың қуануы, бізбен мақтануы, біз сияқты болуға ұмтылуы өз алдына мотивация беретін айрықша сезім! Жалпы, білім беру ошақтарында мұғалім-оқушы-ата-ана үштігі белсенді жұмыс істесе, бірлесе атқарған жұмыстың нәтижелі болатынына сенімдімін. Сондықтан осы бағыттан таймай, жұмыс істеп жатырмыз деген ойдамын.
— Иә, жұмыстың тиімді жүргізілуі үшін «Табысты үштік» жобасының қолға алынғанын жиі естиміз. Расында, оның тиімділігі байқала ма? Өзіңіз қандай жоба ұсынар едіңіз?
— «Табысты үштік» ұғымын бұрыннан естіп жүретінмін. Өзімнің балам былтыр Кентау қаласындағы дарынды ер балаларға арналған Білім-инновация лицейіне оқуға түскелі бері бұл ұғым біздің өміріміздің символына айналды десем қателеспеймін. Әу дегеннен ұстаздармен һәм тәрбиешілермен бірге лицейдің оқу-тәрбие үдерісіне атсалыса кеттік. Көп ұзамай, Әкелер кеңесінің төрағалығына бірауыздан сайланып, 2 жылдың ішінде көптеген пайдалы бастамалар мен игі шаралардың басы-қасында болдық. Негізі, баланың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына әсер ететін ең маңызды үш орта бар. Біріншісі – отбасы, яғни ата-анасы; екіншісі – араласатын ортасы, яғни мектептегі сыныптары, достары; үшіншісі – ұстазы, яғни көбіне мектептегі мұғалімдері. Сондықтан, осы ортаның жақсы болуы баланың еліне қызмет ететін, пайдалы тұлға болып қалыптасуының бірден-бір кепілі дер едім. Осы тұрғыдан алып қарағанда, «ата-ана – ұстаз – бала» үштігінің байланысы өзара сенім мен тығыз қарым-қатынасқа негізделуі керек. Қазіргі таңда, осы үштікті нығайтуға бағытталған көптеген іс-шаралар мен көңілге қонымды бастамалар атқарылып жатыр. Әсіресе, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін айқындап беретін және оны әрі қарай қуаттайтын жобалар қолға алына бастады. Өз ойым, әке мен ұл арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға арналған жобаларды ерекше қолдау керек. Адамгершілікке, батырлыққа, отансүйгіштікке, отбасылық құндылықтарды сақтауға үндейтін бастамаларға басымдық берілсе ұтымды тұсымыз сол болар еді.
— Айып етпеңіз, кейде «еріккеннің ермегі» деген пікірлер де естіп қалатын шығарсыз…
— «Еріккеннің ісі», «басқа істейтін жұмысың жоқ-ау», «жүдә, қолың бос екен» деген секілді сөздерді естіп қалатын жағдайлар болады (күліп). Әлбетте, оған қатты мән бермеймін, көңіліме де алмаймын. Керісінше, осылай айтқан жандарға бұл істің мән-мағынасын, ұрпақ үшін елеулі пайдалы екенін бір-екі ауыз сөзбен болса да түсіндіре кетуге тырысамын. «Бізден әрекет, Алладан берекет» демекші, бір күн болмаса, бір күні осы айтқандарым бір кәдесіне жарап қалар.
— Марат мырза, ащы болса да шындық, баласы мектеп бітіргенше күнделігін ашып көрмеген немесе мектебіне барып, жиналысына қатыспаған ата-аналардың кездесетіні аз емес. Осы жайлы ойыңыз.
— Өкінішке орай, ондай ата-аналар жетеді. Менің ата-аналық тәжірибемнен байқағаным, балабақшадағы немесе мектептегі жиналыстарға көбіне ата-ананың 40-50 пайызы ғана қатысады. Қалған ата-аналар келмейді. Келмегені былай тұрсын, сол келмеген ата-аналар балабақшадағы немесе мектептегі жағдайлардан толыққанды шынайы хабары болмағандықтан, көбіне шу шығарып жатады. Сол себепті, ата-ана мен мектеп арасында міндетті түрде тығыз қарым-қатынас болғаны жөн. Сол тығыз қарым-қатынастың азайғанынан бүгінде мектеп жасындағы оқушылар арасында келеңсіз жәйттардың көп болып жатқаны. Айтқаныма қосыласыз ба? Баланың болашағына шынайы алаңдаған ата-ана баланың тәртіпсіздігіне жол бермес үшін мектеп ісінен хабардар болып отырғаны абзал. Ол үшін ата-ананың мектепке жиі келуі, оның тұрмыс-тіршілігімен жақын танысуы аса маңызды деп ойлаймын. Мектеп табалдырығын мүлдем аттамаған ата-ана баланың іс-әрекетінен қайдан хабары болсын?!
— Иә, «Тек ата-аналармен бірге жалпы күш жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», — деген педагог В.А.Сухомлинскийдің сөзін дәлелдеп жатырсыз. Осы ретте соңғы бір айдағы өзіңіз қатысқан іс-шаралармен таныстыра кетсеңіз бе?
— Соңғы бір ай көлеміндегі іс-шараларға тоқталсақ, аптасына 4 рет ерлер лицейінде волейбол ойнадық, лицейдің аймақтық волейбол жарысына қатысып, 12 команданың ішінде жеңімпаз атандық, одан бөлек мектепте, балабақшада оқу жылын қорытындылаған жиналыстар болды. Қызыммен бірге Оқушылар сарайында «Super Star KZ» халықаралық өнер фестиваліне қатысып, 1 орынды иелендік. Лицейдегі ұлдармен демалыста Хантағыға пикникке шықтық. Сонымен қатар «Саналы әке» екі күндік тренингіне қатысып, әкенің отбасыдағы рөлі, әсіресе бала тәбиесіндегі үлесі туралы кең мағлұматтарға қанық болдық. Ал әкенің отбасыдағы рөлі қазіргі таңда ең өзекті мәселе екенін ұмытпайық!
— Мәссаған, осының бәріне үлгердіңіз бе? Жұмысты кім істейді сонда? Негізгі мамандығыңыз қандай?
— Мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітіргенмін. Қазіргі таңда жеке кәсіпкермін. Уақыт жетпейді деген жай әншейін сылтау. Алла Тағаланың біздерге берген уақытын тиімді жоспарлап, ұтымды пайдалансаңыз, барлық нәрсеге үлгеруге болады. Әлбетте, ол үшін істеуге бел буған ісіңізді шын көңілмен қалауыңыз керек, сонда оған міндетті түрде уақыт табасыз!
— Таңданысымды жасырмаймын, бізге де уақыт бөліп әңгімелескеніңізге көп рахмет!