Жаныңда жүрген жандардың қуанышымен бөлісу, қиналғанында қол созу қазақ халқына тән керемет қасиеттердің бірі. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, көмекке мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды, мүмкіндігі шексіз ерекше балаларды қолдауды адамгершілік борышым деп санайтын жастардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Солардың бірі Түркістан қаласында қайырымды істердің басы-қасынан табылатын Әсел Бимырзамен сөйлесудің реті келген еді.
— Әсел, алдымен сізді «Балалар жылында» ерекше белсенділік танытып, «Жылдың үздік белсендісі» атануыңызбен құттықтаймыз. Жалпы өзіңізді қаламызда қайырымдылыққа құштар жомарт жан ретінде таниды. Атқарып жүрген жұмыстарыңыз жайлы таныстыра кетсеңіз. Қайырымдылық жасауыңызға кімдер атсалысады?
— Иә, рахмет. Игілігі мол сауап істің шарапаты баршамызға тие берсін. Мен қаламыздағы №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Ал жолдасым жиһаз жасаумен айналысады. Екі қыз, үш ұлдың ата-анасымыз. Мен он жылдан астам уақыт еріктімін. Ал қайырымдылық акциясын ниет білдірген демеушілердің арқасында жүзеге асырып келемін.
— Кейде пендешілікпен «өз бала-шағамызға жетпей жатқанда» деген ой қылаң беретіні жасырын емес. Өзіңіз де көп балалы ана екенсіз, бұл жағы қалтаңызға салмақ түсірмей ме?
— Бұл қайырымдылық адамның адамға деген жүректен шыққан шынайы ниетін, адамгершілігін білдіретін адамдардың бір-біріне деген ықыласы мен көмегі. Ал ең ізгі қасиеттердің бірі жомарттық, яғни өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу қажет екенін ойласам, осы көмекті бергім келіп тұрады. Алғаш рет көмек сұраған жалғызбасты, көп балалы аналарға көмек беріп көрдік. Иә, жасырмайын, алғашында өзіміз де пәтер жалдап тұратындықтан қиналыңқырап жүрдік әрі жұмыссыз кезім болатын.
Сол ниет еткен ойым маза бермегендіктен көмек бере алады-ау деген таныстарыма ұсынысымды айтып едім, олар келісе кетті. Әрине, ол кісілерге міндетті түрде есеп жіберіп отырамын. Осылайша қайырымдылық акциясы сәтті жолын тауып жалғасып келеді. Әрдайым жақсылыққа құштар қайырымды жандарға алғысым шексіз екенін айта жүремін.
— Бұл ісіңізге жолдасыңыз, жақындарыңыз қалай қарайды?
— Басында жолдасым: «Қайтесің шаршап, оның үстіне әр қиналған жанды көрген сайын мұңайып, жүрегіңе жақын қабылдайсың» — деп жиі айтатын. Кейін менің алған бетімнен қайтпайтыныма көзі жетті ме, қолдайтын болды. Ал мен үшін ол кісінің қолдауы ең маңызды!
— Келешекте атқарылар шаруаларымның басты міндеті деп қайырымдылық ісіне дендеп көңіл бөлетін болсаңыз, жеке кәсіппен айналысу қажет деп ойламайсыз ба? Осы жайлы жоспарыңыз.
— Әрине қайырымды істер Алла ғұмыр берсе өмір бойы жалғасады. Қиналған кезімде де ұмыт болмаған игі іс болашақта да атқарылатынына сенімім мол. Қазіргі таңда әр жұма сайын тұрақты түрде көмек бергісі келетіндер қолдау көрсетіп тұрады. Ал жеке кәсіппен айналысу әзірге ойымда жоқ. Қазіргі сүйікті мұғалімдік қызметіме барынша беріліп жұмыс істеп, шәкірттерімнің білімі мен жетістіктеріне баса көңіл бөлудемін.
— «Ақниет», «Армандар орындалады» жобаларының мақсатымен таныстырсаңыз.
— Негізі қайырымдылық акциясын «Ақниет», «Әселдің ақниеті» деп желідегі достарым атап кеткен болатын. Мен желіге жазба қалдырудағы мақсатым, осындай мұқтаж отбасыларға көмек бергісі келетін мейірімді жандар көрсе деймін, үмітім ақталып, қол созуға дайын адамдар жекеме шығып ұсыныстарын білдіріп жатады.
2022 жыл «Балалар жылы» болғандықтан көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы орайда балалардың денсаулығы, әлеуметтік, отбасылық, жас ерекшеліктеріне қарай жағдайлары назарға алынды. Балалар әрдайым үлкендердің қамқорлығы мен қолдауын сезінулері тиіс. Зорлық-зомбылықсыз бақытты балалық шақты бастан өткізулері үшін қоғам болып белсенділік танытудың маңызы зор. Біздің басты міндетіміз ерекше күтімді қажет ететін балалардың қоғаммен етене араласып, өзіндік орындары бар екендіктерін түсінулеріне, қолжетімді білім алуларына жағдай жасау, қоғаммен бірге жайлы өмір сүруге талпындыру, қамқорлықты сезіндіре отырып, балауса жүректеріне мейірім дәнін себу.
Ал «Армандар орындалады» жобасы баршаны мейірімділікке шақырған және көпшіліктің қолдауына ие болған жоба. Жобаның мақсаты үйден оқытылатын балалардың қоғамнан тыс, елеусіз қалмайтындарын ұғындыру, өмірлеріне өзгеріс енуі үшін қарапайым армандарын орындау арқылы қызығушылықтарын арттыру. Сонымен қатар үнемі жақсы дүниеге ұмтылуы үшін көмекке келетін жақсы адамдардың бар екендерін сезіндіру.
Мұнда тізімге алынған 10 ерекше баланың «Менің арманым…» деп басталатын хаттары жинақталды. Балаларға қуаныш сыйлауға ниет білдірген азаматтарға хат жеребе арқылы табысталды. Сол арқылы баламен жеке танысу басталып армандары орындалуына септігін тигізді. Аталмыш акция 5 рет ұйымдастырып, 70 баланың арманын орындауға атсалысқан жайым бар. Ерекше баламен кездесіп қолдау білдірген Түркістан Облысы Полиция Департаментінің басшысы, генерал Мұрат Қабденовтің ізгі ниеті балақайға да, оның отбасына да үлкен үміт отын сыйлағанын қуанышпен жеткізгім келеді.
— Әкімшілік тарапынан осы ісіңізге оң көзбен қарап, қолдау көрсете ме? Олардың тарапынан ұсыныстар болып жата ма?
— Әрине, осы ретте қалалық әкімдікке алғысымды білдіремін. Алғашқы акцияны ұйымдастырарда бірінші әкімдікке бардым. Мені мұқият тыңдап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Ерекше балапандарға арманындағы дүниелерін жай тапсыра салмай, қаланың көрікті жерлерін аралатуға, «Керуен сарайы» ойын-сауық орталығынан қайықпен серуендетуге рұқсат алуға, естелікке керемет фотолар жасауға қуана қолдау білдіретіндерін айтты. Соңынан концерттік бағдарлама ұйымдастыруға Облыстық қоғамдық даму басқармасына, қалалық мәдениет бөліміне, Жастар орталығына, «Ұлы Дала Елі» музейінің қызметкерлеріне, жалпы қолдан келгенше қолдау көрсеткен барша жақсыларға алғысым шексіз! Игілікті іс-шаралар биыл облыс көлемінде жалғасын табады деген жоспарым бар.
— Сұхбатыңызға рахмет, қайырымды істің басы-қасынан табылып, елге пайдаңыз тие берсін!