Апырай, өтіп бара жатқан өмір!.. «Өзіңнен кейінгіні көріп қартаясың»- дегенді де айтып кеткен аталарымыз. Бәйге торыдай құлын мүсінді, қап-қара шашын ортасынан қақ жарып, ұшын желкесіне жарастыра түйіп, мойылдай әдемі жанары жылылыққа тұнып, аққу мойнын сәнмен бұрып «Тұран- Түркістан» телеарнасына сызыла басып кіріп келе жатқан жас Пернеш — Пернекүлмен танысқаныма да ширек ғасыр болыпты. Ақын- жыршы, әншілер жырға қосып, армандайтын жиырма бес жыл. Аз деуге де болмайды. Көп деуге де болмайды. Бірақ, кімнің кім екенін анықтап — білуге жететін уақыт.
Сонда мен білетін Пернеш қандай? Сабырлы. Салиқалы. Қай нәрсені болсын ақыл тезіне салып, тереңнен ойлайтын, кез-келген нәрсеге түсіністікпен қарайтын, адамның бойынан ең алдымен жақсы қасиетін көретін жаны да, келбеті де сұлу, тал бойында міні жоқ, бәрінен де бұрын өнерге деген сүйіспеншілігі арнасынан асып-төгілген, туған халқына деген махаббаты шексіз қазақтың қаракөз қызы. Халқының қызы.
Сөйтіп кейбір жұрттың асып- сасып, ентігіп- абыржып бітіретін шаруасын жылы жымиып қойып, мәмілегершілікпен, асықпай, сәндене басып жүріп-ақ бітіретін Пернеш бұл.
Бірде жерлесіміз, атақты композитор, әріптесім Бекжігіт Сердәлі :»Роза, сені көрсем Мәрия Мерешева апайымды көргендей болам-«, деп еді. Жарықтық, ақын апамызбен жұбымыз жазылмай жүруші едік. Сол сияқты Пернеш Нәлтаеваны көрсем, Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткері, киелі қаламызға өнердің туын тігіп, тақыр жерден театр ашқан, Қ. А. Яссауи атындағы ХҚТУ-нің жанынан өнер факультетінің ашылуына тікелей еңбек сіңірген Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметовты көргендей боламын.
Оның өзіндік себебі де бар.
СӘЛ ШЕГІНІС ЖАСАСАҚ..
Әңгімені әріден, осыдан ширек ғасыр бұрын, ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен киелі қаламыздың 1500 жылдық мерейтойынан бастасақ, өзінің сағатын- сәтін күтіп , нар түйедей шөгіп жатқан көне шаһардың мұндай айтулы мерекесін екі ғасыр тоғысында тұрған қоғамда әлемге әйгілеп дүрілдетіп өткізудің оңай еместігі баршаға белгілі еді. Бұл — мемлекетіміздің де жол айрығында тұрған қауқарсыз шағы болатын.
Сондықтан да, еліміздің мәдениет, өнер, әдебиет қайраткерлері, ақын- жазушылар, жарықтық Шер-ағаң Мұртаза бас болып, халқымыздың ежелгі дәстүрімен бұл тарихи шараны «асарлатып» өткізу жөнінде үндеу тастап, жаһаннамға жар салуының арқасында «Парыз» қоғамдық қоры құрылып еді. Әншілер мен күйшілер, жыршылар мен ақындар, тамшыдай болса да пайдамыз тиер деген ел азаматтары Түркістанға ағылып келіп, өнер көрсетіп, концерттен түскен қаржыны «Парыз» қорына құйып жатты.
Алғашқылардың бірі болып қан майданның алғы шебінде танкінің төбесінде, бораған оқтың астында тұрып ән шырқаған ержүрек қазақ қызы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының халық әртісі Роза Бағланова апамыз жетті. Аты аңызға айналған жезтаңдай сүйікті әншілерін бір көру үшін түркістандықтар сол кездегі жұмыс істеп тұрған бірден-бір мәдениет ордасы — ХКТУ-нің Мәдениет сарайына жаяулап-жалпылап жөңкіліп берді дейсің. Өйткені ол кезде көне шаһарда қоғамдық көлік дегеннен номері 1, 1″а» автобустары, номері 2, 7 «Раф» шағын көліктері ғана жүреді. Қазіргідей қадам бассаң самсап тұрған такси, жеңіл көліктер жоқтың қасы. Шаңы шығып жатқан Түркістанға атақты әртістердің топ- тобымен келуінің өзі үлкен жаңалық болатын.
Ал енді Мәдениет сарайына «галошпен», үйде киіп жүрген қамзол- көйлектерімен келген көрермендерді көргенде сол кездегі қала әкімі Өмірзақ Әметұлының «шашы ағарып», Роза Тәжібайқызына ұсынатын бір шоқ гүлді бүкіл Түркістаннан таппай, концерт аяқталғанша Шымкент шаһарынан алдырғанда қандай күйде болғанын біле беріңіз. Мұнымен айтайын дегенім, қазіргі түлеп- түрленіп, әлемді аузына қаратып отырған Түркістанның сол кездегі көп нәрседен қағажу қалып, мәдениеттен де кенжелеп жүрген кезі еді. Сөйтіп, бір жарым ғасырлық тарихи кезеңмен бірге туған қаламыздың төрт қақпасы да ашылып, айы оңынан туғандығының куәсі болдық. Сол кездегі жүрегі «елім» деп,» жерім» деп соққан азаматтардың арасында түркі әлемінің тұмарына айналған қаланың келешегін мерейтойдың аясынан да кеңірек ойлаған бір тұлға бар еді. Ол — Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тума талант Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов болатын.
Жер жәннаты — Жетісу өңіріндегі жылы ұясын, қызметін тастап келіп, Қ.А.Ясауи университетінің жанынан өнер факультетін ашып, оған студенттерді алтын кеніш — ауылдан, жергілікті жерден қабылдап, ұлттық өнердің тұма бұлағынан сусындатып, баулудағы мақсаты да біреу ғана болатын. Ол- туған жерге театр өнерінің қазығын қағып, туын көтеру еді. Әрі қажыр-қайраты мен табандылығы бірнеше нарға жүк боларлық асыл ағаның еңбегі еш кетпеді. Қаншама қиындықтар көре жүріп биікке қол жеткізді. Шыңға шықты.
Сол кезде » Тұран- Түркістан» телеарнасында қызмет істей жүріп, Райымбек Ноғайбайұлының «рухани перзенті» театрдың, театр ұжымының өсіп- өркендегенінің куәсі болдық. Биылғы жылы Райымбек аға тірі болса 85- жасқа толады екен.
Ол кісінің анасына еркелеген сәбидей «ерке» жүрісі, үнемі шуақ төгіп тұратын жылы жанары, әдемі күлкісі көз алдымда. Әрбір қимылынан, іс- әрекетінен өнерді пір тұтатын халқына ғана емес, өмірге еркелеп жүргендей әсер қалдыратын. Театрдың әрбір қойылымынан кейін сахна төріне шығып сөйлегенде, сөзін:
«Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танимысың, сен мені,
Мен, қазақтың баласы»-
деген өлең шумақтарымен аяқтап, қолын алға көтеріп. Табиғатынан бұйра- бұйра ақ селеу шаштарын сілкіп тастап, әдемі қимылдарымен көрерменді баурап алатыны есіме түсіп отыр.
Өнерге сусап отырған қарт шаһарға театрдың алаулы отын жағып, шәкірт тәрбиелеп, қазақ өнерінің шамшырағын жаққан дара тұлғаның сексен бес жылдығы ағымдағы жылдың сәуір айында қаламыздағы » Фараб» әмбебап- ғылыми кітапханасында «Өнердің тарлан тұлғасы»- деген тақырыппен өткен еске алу кешінде дүниеге бір- ақ рет келер өнер иесі туралы әріптестері мен шәкірттері, туған- туыстар мен көз көргендер тебірене сөйлеп еді. Сол күнгі кешті жүргізген ҚР Мәдениет саласының үздігі Мақсат Айтжанов пен кітапхананың бұқаралық- көрмелік іс- шаралар секторының меңгерушісі Пернекүл Нәлтаеваға қарап отырып, өткен күндер естелігіне сүңгіп кеттім.
Театрдың әрбір қойылымы лық толы көрерменмен, театр тілімен айтқанда «аншлагпен», десте- десте гүл шоқтарының жұпар иісі тебіренген көңілдердің толқынындай, үлбіреген ақша бұлтша жайылған керемет жағдайда аяқталатын, Райымбек Сейтметов театры «тек киім ілгіштен» ғана емес, есіктен төрге дейін төселген қып-қызыл қалы кілемнен, қаз-қатар тізіліп, қойылымның бағдарламасын таратып тұрған аққу мойын келбетті қыздардың жып-жылы сәлемдесіп, қарсы алуынан басталатын.
Алайда, осы салтанатты сәттің сыртында қаншама жанкешті тірлік жататынын театрдың «ішкі өмірінен» хабардар некен- саяқ жандар ғана білетін еді.
Осы ұйымшыл ұжымның ересен жүгін көтеріп жүргендердің қатарында сол кезде театрдың әкімші-ұйымдастырушы қызметін атқарған жан Пернекүл Сейтбекқызы Нальтаеваны атап өткім келеді.
Былай қарап тұрсаң, ширек ғасыр тым көп уақыт емес те секілді.
Бірақ, зымырандай зулап тұрған заманда таңғажайып өзгеріс те көп.
Ал, сол қазіргідей ұялы телефон, компьютер қызметі дамымай тұрған 2000- ші жылдары барлық жұмыс жаяулап-жалпылап жүріп орындалушы еді. Бұл , әсіресе, аяғынан енді ғана қаз тұра бастаған жас театр үшін көп қиындық туғызатын. Көптеген шаруа , жасыратыны жоқ, Райымбек Ноғайбайұлының жеке беделімен, қоңырау шалуымен бітіп жататын.
Көрермендерді театрға үйрету де көп тер төгуді қажет ететін.
Оқу орындарына, түрлі мекемелерге билет тарату, бұқаралық ақпарат құралдарына жарнама беру, театрдың басқа да ұйымдастыру жұмыстары, тағысын- тағы сол сияқты ұшы- қиыры жоқ, көзге де көрінбейтін, өмірі бітпейтін істердің бәрі Пернекүлдің мойнында. Әрі бұл жұмыстың бәрін қысы- жазы табанынан тозып, жаяулап- жалпылап жүріп атқарады. Ерні кезеріп, шаршап- шалдыққан ол күндердің естелігі өз алдына бір төбе. Ал, кейбір мекемелердің басшылары Райымбек ағаның көзінше берген «уәдесін» ұмытып қалып, есігінің алдына телміртіп қойғанда», қорлығы келіп көз жасын сығып алатынын Райымбек ағаға қалай айтсын?.
Жарнамаларға да қаржы жетіспейді. Жарнамасыз көрерменді театрға тарту да қиын. Сондықтан да осындай жұмыстың бәрін «ағайыншылап», мәмілемен, майдан қыл суырғандай бітірудің маңызы зор. Оның да өзіндік қиындығы бар.
Театрдың ішкі жұмысында да Пернекүл- Пернештің міндеті көп.
Соның бәрінің үдесінен шығудың қиындығы шаршатып та жібереді кейде. Сондай күндердің бірінде Пернеш жұмыстан кетпек болып, өтініш жазып Райымбек ағаның алдына кіреді ғой. Қызметкерінің жай- күйін байқай қойған Райымбек аға:»Пернеш, Светаға айтшы, шәй әкелсін»-, дейді ғой баяғы. Алдына келген шәйді екі кесеге құйып, бірін Пернешке, бірін өзі алып, өзі жақсы көретін «Барбарис» кәмпитімен шәйді ақырын сораптай отырып, Пернешті де тыңдап, өзі де өмір туралы, өнердің құдіреті, театрдың болашағы туралы әңгіме айтып:» Әлі сенен билет сұрап үлкен кісілер телефон шалады. Шоқ гүлдер, конфеттер сыйға тартатын болады. Айлықтарыңды да уақытылы алатын, қызметтік көлікпен жүретін күндер болады,»- деп жұбатады. Директор Сая Қасымбекті шақырып: «Пернешке жеке кабинет бер. Мекемелерге барғанда қызметтік көлік бер»-, деп жаймашуақ бітіргенде, Пернеш әлгі өтінішті жазғанына өзі ұялып,қағазды ақырын бүктеп алып шығып кетсе керек.
Сөзінің аяғында:»Сендер менің оң қолым емессіңдер ме? Сендерсіз мен қалай тірлік бітірем?-» деп арқасынан қағып шығарып салады.
Осы бір ғана оқиғадан Райымбек ағаның көрегендігін, ұжымның бірлігін сақтаудың күрделілігін байқамау мүмкін емес. Қай істі де байыппен шешетін Райымбек Ноғайбайұлы шәкірт тәрбиелеуде болсын, дарынды жастарды таңдауда болсын қателескен емес. Үнемі дөп басып, төбесінен түсетін.Оның қырағы көзінен ештеңе қағыс қалмайтын. Қазіргі таңда үлкен сахнада жүрген, өнер жолынан айнымаған Марат Оразымбетов, Бағлан, Нұржан Төлендиевтер, Айдар Наурызбаев, Шәкен Амантұров, Гүлзада Айтбаева, Нұржан Ізтаев, Жұлдызай Дүйсенбиева сияқты көрермен ықыласына бөленіп жүрген актёрлердің бәрі де ұлы ұстаздың батасын алып, үмітін ақтаған жандар.
Сондықтан да, өнерге тікелей қатысы болмаса да, Түркістанда театр туын тіккен өнер тарланының қарамағында қызмет істеп, әрбір тапсырмасын тиянақты орындаған Пернешті сол кезде театр табалдырығын аттаған небір ұлы тұлғалар » Сейтметовтың қара қызы» деп еркелете арқасынан қағушы еді.
КӨЗКӨРГЕНДЕР ЕСІНДЕ
Райымбек Ноғайбайұлы өмірден өтсе де, сол бір жарқын күндерде аузы дуалы азаматтардың қойған есімі әлі ұмытылмапты. Пернеш таяуда Темірлан қаласында бір жиынға барған. Сол жерде сенатор Қуаныш Айтаханов ағасын кездестіріп қалғаны.» Тани қоймас»-, деген оймен амандасып еді, Қуаныш ағасы»Өй, сен Сейтметовтың » қара қызы» емессің бе?»- дегені. Жүрегі атша тулап кетті.Райымбек ағаның жымия күліп тұрған жүзі көз алдынан қылаң беріп өтті. Қандай бақытты күндер еді., шіркін! Өнер тарихында есімі алтын әріппен жазылған аңыз адамның » қолына су құйған» сол жылдардың жаңғырығы жан тебірентті.
«Өмірдің өзі- новелла»-, деп ақын- жазушылар текке айтпайды екен.Сол жылдары Отырар ауданының әкімі болған айтулы азамат Шалатай аға Мырзахметовтың Қаратаудың етегіндегі Талды су елді — мекенінің жұмақтың төріндей көкмайса шалғынында Райымбек аға бастаған театр ұжымына құрмет көрсетіп, үлкен қаладағы көрермендердің қошеметін аңсап жүрген сағынышын бір басып еді.Театр ашылуын ашылғанмен бюджеттен бөлінген қаражат жоқ, жалақысы мардымсыз, оның өзін уақытылы ала- алмай қиналып жүрген актёрлер қауымы да бір серпіліп, өнердің қадірін білетін ағаларының ақ жайлау көңіліне риза болып, тың серпінмен жұмысқа кіріскен күндер естелігін ұмыту мүмкін бе?
Сондай өнер жанашырларының бірі марқұм Бердібек Сапарбаевтың Қарағанды облысында әкім болып тұрған жылдарында Райымбек театрының әртістерінің Қарағанды қаласындағы гастрольдік сапарын үлкен өнер мерекесіне айналдырып, басы- қасында жүргені де еске түсіп отыр. Сондай- ақ, өнер жанашыры Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайының сол кездегі директоры Темірхан Рыскелдиевтер театр декорациясына, сахналық кейіпкерлердің киіміне қаржы табылмай отырған қиын сәттерде талай- талай демеушіліктер жасап еді.Осы азаматтардың бәрі де ең алдымен киелі театр өнеріне жанашырлық танытса, екіншіден тәуекелге бел буып тап- тақыр жерден театр ашып отырған Райымбек Ноғайбайұлының жеке басына көрсетілген құрмет болатын.
Бүгінгі таңда осы асыл аға есімімен аталатын театр жанынан өткен сайын өткен күндер сағынышы «лап» етіп, жүректі тебірентіп жібереді.
» Міне, сол қара қызыңыз бүгіндері алпысқа толып, ақ жаулықты ана, аяулы әже болды, Райымбек аға!»- деп ойлады Пернеш.
«Жақсымен жанас»- деген. Бұл өмірдің үлкен сыйы емес пе? Өмірде ештеңе кездейсоқ болмайды екен. Пернештің өзі өнер иесі болмаса да өнер десе ішкен асын жерге қоятын, ұлттық аспаптардың қай- қайсысының да құлағында ойнайтын дәулескер күйші Сейтбек Нәлтаев пен суырып салма ақын, көмейіне бұлбұл қонған, Қызылорда өңіріне танымал атақты айтыскер Айған Қырашбаеваның шаңырағында «перделі» болып есімін ала туған Пернекүлдің өмірі киелі театрмен, театр болғанда да атағы жер жарған өнер тарланы Райымбек Сейтметов театрымен сабақтас болады деп кім ойлаған?
Бір жағы бұл ұшқан ұядағы киелі өнерге деген ерекше сүйіспеншіліктің , ата- ана қанымен берілген қасиеттің де әсері болар?
Өйткені, Нәлтаевтар шаңырағында дүниеге келген төрт ұл, үш қыздың бәрі болмаса да, үлкен апасы Әлімкүл Нәлтаевадан бастап, басым бөлігі өнер жолын қуған мәдениет қызметкерлері.
Ағасы Құлахмет Нәлтаев та Жаңақорғанда, Түгіскен ауылында саз-өнер мектебінің директоры. Әпкесі Гүлнар да өмір бойы мәдениет саласына еңбегін сіңірген қызметкер еді. Ғұмыры қысқа болды.
Тағы да сол ағайын- туыс, дос- жарандар бас қосқан мерейтойын еске алды. Келген қонақтардың дені — өнер адамдары еді. Сондықтан да болар, Пернеш қаншама жыл табан аудармай еңбек еткен театр туралы, өнер ордасының негізін қалаған Райымбек ағаның ерен еңбегі туралы көп айтылды. Асыл ағаның әруағы бір аунап түскен болар…
Айтпақшы,Райымбек ағаның жоғарыда Пернештің көңілін жұбату үшін айтқан» гүл шоғы» да сөз болды.
Ол кісінің гүл туралы айтқаны да шындыққа айналды. Сол кездегі Түркістан педагогикалық- гуманитарлық колледждің директоры Шарапат Мұсабекова деген апай бір күні қойылымнан кейін келіп, «Ассорти» деген үлкен қорапты шоколад пен гладиолус гүлін сыйлады. Міне, солай!
Шіркін, жастық дегенді қойсайшы. Райымбек ағаның айтқанындай, көрермендер » билет тауып беріңіз»- деп қашан сұрайды деп күтіп жүрген. Бір күні қалаға белгілі, билік басында жүрген Серік Ибадуллаев деген азамат келіп:»Құдаларыма түркістандық өнер иелерінің қойылымын көрсетейін»- деп едім деп екі жүз елу орындық залдың билетін толық сатып алмасы бар ма? Ұлттық өнерге деген мұндай құрметке театр ұжымы әрі таңданып, әрі риза болғаны бар сонда. Актёрлер де өнерді қадірлеген жандардың алдында аянып қалған жоқ. Алыстан келген құдалар да қуана қол соғып еді.
Мұның бәрі өмірдің кейбір сәттері. Ең бастысы, киелі өнер ордасына «жап- жас мөлдіреген Пернеш» болып кірген Пернекүл замандасымыз бүгінгі таңда білім бұлағы- кітап әлемінде, білікті басшы Жанат Сәдібекқызы Шардарбекова басқарып отырған, республика бойынша теңдесі жоқ заманауи технологиямен жабдықталған «Фараб» кітапханасында ұйымдастыру- көпшілік жұмыстары бөлімінің меңгерушісі. Әлі де сол киелі өнер, әдебиет, мәдениет саласының сиқырлы шамшырағын көкке көтеріп келеді.
Өйткені, өнерге деген махаббат жоғарыда айтып өткен анасы, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында үлкен жолдың бойындағы билбордта суреті ілулі тұрған тыл еңбеккері, Ұлы Отан соғысы кезінде Аққұм станциясында тұрып эшелондарды тоқтатпай майданға іркіліссіз жіберіп, жанкешті еңбек атқарған теміржолшы Қырашбай Якуповтай текті азаматтың ұрпағы Айған анамыздың ақ сүтімен дарыған.
Аты аңызға айналған театр тарланы Райымбек Сейтметов салған соқпақты жанұясында келіні, белгілі актриса Әйгерім Жұман жалғастырып жүр. Қызы Үміт пен кәсіпкер ұлы Еркебұланнан тоғыз немере сүйіп отырған бақытты әже.
Қазақстан Республикасының Мәдениет майталманы,»Еңбек даңқы» орденінің, «Домалақ ана» медалінің иегері Пернекүл Сейтбекқызы Нәлтаеваның биылғы туған күнінде немерелері сыйға тартқан тортқа театр эмблемасы мен нотаның белгілерін салыпты. «Мен ойлап таптым»‘- дейді кіп-кішкентай Еркекерімі. Осы символикалық белгінің өзі Пернештің қашанда ауызы дуалы, елге белгілі азаматтар айтқандай Сейтметовтың «Қара қызы» болып қала беретінін, тіпті балдырған бөбектерінің де сәби жүрегімен әжелерінің өнер саласында ойып алар орны бар екендігін сезінетінін айғақтап тұрғандай.
Өнердің ордасына бастырған қадам, Әрқашан естесіз, Райымбек аға!