Облыс орталығындағы оңды істердің күннен күнге дамып жатқаны оң бағасын беруде. Өңірде өндірісі өркендеп жатқан осындай орындардың бірі – «Түркістан» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы. Әуелі, 2013 жылы аумағы 40 га құраған индустриалды аймақтың көлемі қазіргі таңда 350 га ұлғайтылғаны белгілі. Аймақтың жұмыс барысымен танысуға басқарушы компанияның директор орынбасары Жұмашбеков Руслан Шаймерденұлын сөзге тартқан едік.

– Руслан Шаймерденұлы аймақтағы қалада қаншама игі істер халықтың көңілінен шығуда, сіздердің бөлісер жаңалықтарыңыз қандай?

– Ия, біздің де жұмыстарымыз ауыз толтырып айтарлықтай. Бүгінде  облысымызда 9 индустриалды аймақ бар. Онда құны 38,2 млрд. теңге болатын 56 жоба орналасқан. Аталмыш  жобалардың іске асуы экономиканы дамытып, қосымша жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп, яғни 3200 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жоспардағы 56 жобаның 40 жобасы іске қосу актісін алған, оның құны 29 млрд. теңге. Ағымдағы жылдың соңына дейін өздеріңізге белгілі тоқыма бұйымдарын өндіру фабрикасы  «Түркістан текстиль» ЖШС, темір-бетон өндіретін «СпецСтрой», «EKP-GROUP 878» ЖШС, газобетон өндіретін «EuroBlock Production» ЖШС, асфальтты-бетон өнімдерін өндіретін «ATS Group LTD», «Бесқасқа» ЖШС, темір торлар жасайтын «Таженов» ЖК, жеміс-жидек сақтау қоймасы «Александровский сад» ЖШС деген 8 жобаның іске қосылуы жоспарлануда. Осы аталған жобалардың құны 3,7 млрд. теңге және олар 632 жұмыс орнын құрайды. Бұлардың көбісі құрылысқа қатысты екенін байқап отырсыздар, олар Түркістан, Кентау қалаларында орналасқан. Ал «Александровский сад» ЖШС Ордабасы ауданында орналасқан, бұл жеміс-жидек сақтау қоймасы өзінің орнын ары қарай кеңейтуді көздеп отыр. Сондай-ақ Кентаудағы 25 га аймақтың көлемі 300 га ұлғайтылады. Облыс әкімі Ө.Шөкеев индустриалды аймақты арзан энергетикалық қормен қамтамасыз ету керектігін, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту үшін ауылшаруашылығы саласына назар аудару қажеттігіне көңіл бөлуде. Жалпы индустриалды аймақтың жеңілдікпен кәсіп ашам деген жандарға мүмкіндігі зор. Мұнда жобаларды жүргізудің маңызды артықшылығы бизнесті жүргізудің тиімді шарттары, сондай-ақ, инфрақұрылым болып табылатыны айтқым келеді.

– Аталмыш жобалардың нақты қайсысы халық игілігіне ұсынылып отыр?

– Инфрақұрылым объектілерін кезең-кезеңмен құру жоспарланып отыр. Бүгінгі күні техникалық-экономикалық, құжаттамалық негіздемелерді түзету жұмыстары жүргізілуде. Ал 5 жоба нақты іске қосылған. Олардың бірі өздеріңізге белгілі үкіметаралық өнеркәсіп кооперациясы аясында жүзеге асып жатқан «Turkestan Textile» компаниясының жобасы. Мұнда екі ауысыммен 1 000 астам жұмысшылар жұмыс істейді. Барлығы жергілікті тұрғындар. Айына 13 000 бірлік өнім өндіреді. Өнім мемлекет ішіне, ЕАЭО елдеріне өткізіледі.

Сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның құрылтайшылық етуімен ветеринариялық препараттарды өндіретін «VETAL-KAZAKHSTAN» бірлескен жобасы. Аталмыш жобаның бірінші кезеңі 2021 жылдың наурыз айында жүзеге асты, екінші кезең 2023 жылға жоспарлануда, фармацевтика саласы бойынша мұндай өндіріс ТМД елдері аумағында әзірге жоқ.

– Аймақ жұмысымен танысып кеткен инвесторлардың инфрақұрылымы дайын «Brownfield» ғимаратына қызығушылығы жоғары дейді. Ол ғимараттарға кімдер үміткер?

– Ия, дайын өндірістік екі ғимаратқа 2 жоба үміткерлік етіп отыр. 2 ғимараттың жалпы ауданы 4800м2. Оның бірі «QAZAQ MILK HOLDING» қымыз-қымраннан құрғақ сүт өнімдерін өндіруді жоспарласа, екіншісі «Али Сауда» ЖШС. Бұл жоба көкөніс қоймасын, бакалея қоймасы мен нан зауытын салуды көздеп отыр. Жобаның мақсаты ұн тарту кәсіпорнының қызметін ұйымдастыру, өндірістік тауарларға бағаны тұрақтандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азық-түлік тауарларының логистикасын қамтамасыз ету болып табылады. Жоба құны 450 млн. теңге, ол өз қаражаты есебінен қаржыландырылып, 2021-2022 жж. жүзеге асырылмақ. Жуық арада осы екі жоба іске қосылса аймақтың жоғары көрсеткіші болып табылар еді. Өңірдегі өнеркәсіп өнімі көлемінің жыл сайын артуына индустриалдық аймақтың үлесі мол болуымен қатар, мемлекет қазынасы да осы кәсіпорындардың салығы есебінен лайықты толықтырылып отыр. Атап өтсек, 2021 жылы 9 айдың қорытындысы бойынша 3 жылға 471 млн. теңге салық төлеген, 6 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Өнеркәсіп өнімі көлемінің жыл сайын артуына «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы»  мемлекеттік бағдарламасының үлесі де мол екенін ескеру қажет.

– Руслан Шаймерденұлы, жан-жақты әзірленіп жатқан жобалардың жүзеге асып, халық игілігіне ұсынылатынына сеніміміз мол және іске асқан жобаларға жеке-жеке тоқталып алдағы уақытта таныстыратын боламыз деп ойлаймын. Істеріңізге сәттілік!

– Рахмет!

 

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.