Өнегелі отбасын құрып, еліне адал ұрпақ тәрбиелеу көпшіліктің ең ізгі арманы екені белгілі. Ал армандағы отбасыны құру және сақтау үшін отбасылық құндылықтардың маңызы зор. Әрбір отбасының өз құндылығы болады. Оны кез келген тұлға өзінің рухани, мәдени, ішкі дүниетаным деңгейіне қарай түсініп қабылдайды. Соңғы кезде құндылықтардың құлдырап бара жатқанынан жастардың ажырасуы, сүр бойдақтардың көбеюі сияқты т.б. түрлі жәйттардың көбейгеніне куә болып жүрміз. Бұл әрине, көңілді қынжылтай, балаларымыздың болашағына алаңдатпай қоймайды. Мұның себептері жөнінде өнегелі отбасының иесінен тәптіштеп сұрауды жөні көрдік. Ол кісі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, өнегелі құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін санаға сіңіру, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында өткізілген Республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының үздік жеңімпазы Түркістан қаласында үлгілі отбасының символына айналған, 7 ұл 1 қыз тәрбиелеп өсіріп тамырын тереңге тартып, жапырағын жайған бәтеректей дана атамыз Елтай Бимаханбетұлы.
-Елтай ата, мерейлі 90 жылдығыңыз құтты болсын! Осы жасқа дейін атқарған қыруар шаруаларыңыз, ұрпаққа үлгі мол еңбектеріңізді мақтан тұтамыз. Үлгілі отбасы дегенде де ең алдымен сіздің отбасыңыз еске түседі. Ендеше балалық шағыңыздан бастап өзіңіздің отбасыңыз жайлы айта отырсаңыз.
-Ия, рахмет, өздеріңе де жолымды, жасымды берсін, айналайын!
Отбасы деген мәңгілік тақырып қой. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Өзім екі жасымда жетім қалдым. Әкемді 1932 жылдың күзінде бай-кулак атандырып, «халық жауы» деп ұстатып жібергеннен кейін туыстарым 1934 жылы мені балалар үйіне өткізеді екен. Кейін арқамнан әкемнің бәйбішесі Айсұлу апам іздеп келеді. Әлі есімде, менен айырылып қалам деді ме, апам қолымды қысып ұстаған күйі балалар үйінен жетектеп шығады. Балалар «Егор, ты куда?» деп арқамнан қалмай жүгіріп жүр. «Я скоро вернусь» деп қол бұлғаған күйі олардан алыстай берем. Айсұлу апам қолымды тас қып ұстаған күйі атарбаға мініп, Талап ауылына келдік. Сол ауылда алғаш мектепке бардым. Кейін күнкөріс қиындағаннан кейін, 6 сыныпты бітірген жылы Ескі Сауранда тұратын әкемнің інісі Сейіт көкеме барамын. Жолда кездесер ит-құстан қорғану үшін қолыма таяқ ұстап, темір жолды жағалап Талаптан Ескі Сауранға дейін жаяу келіппін. 1946 жылдан бастап сол жерде тұрамын.
1951 жылы Шорнақ ауылындағы Фрунзе мектебін бітіріп, Алматыға жоғары оқу орнына түсемін. Алдымен заңгер болуды қалаған мен, кейін филология факультетіне ауысып, сол оқуды бітіремін. Студенттік кезімде домбыра тартып, өлең айтып, сурет салып өнерлі жігіттердің бірі болғандықтан, қыздар жаныма үйір болатын. Осылай неміс тілі факультетінде оқып жүрген Лена Төлеуліқызымен Алла жолықтырады.
Екеуіміз бір-бірімізді ұнатып, отбасын құрдық. Мен сүйген қызымды қалың малға сатып алған жоқпын, барға да, жоққа да көніп, бір-бірімізбен сыйласып, тату-тәтті өмір сүре білуіміздің арқасында өмірге 7 ұл 1 қыз келді. Осы жерде отбасының құндылығы деп, Лена апаңның таптырмас төзімділігін, еріне деген сыйластығын айтар едім. Барлығына сабырлылық танытты. Мысалы, түннің қай мезгілінде болсын, жаныма қанша қонақ ертіп келсем де, емізулі баласы болғанына қарамай, қабағын шытпай соларды қарсы алушы еді-ау, жарықтық… Түсіністік, сыйластық осындай жәй ғана жәйттардан басталмаушы ма еді?!
-Демек, әйел адамның сүйген жарына деген ықыласы мен қамқорлығы оны қанаттандырып отырады дейсіз ғой…
-Әрине! Үй шаруасының күйбеңімен шығармашылық шабыттың тамырына балта шабылмай, одан әрі шарықтауына ақылды әйелдің қолдауы бірден-бір себепкер.
«Жақсы еркек — үйдің нұры,
Жақсы әйел – өмірдің гүлі.
Екі жақсы қосылса,
Сүйеу болар біріне-бірі», деп ынтымағы жарасқан отбасыларға сүйсіне арнаған арнауым еді. Бір-біріне демеу болған ерлі-зайыптылар көп жетістікке қол жеткізетініне, балаларының да соны көріп қайталайтынына сенімдімін.
1960 ж. елге оралып, Шорнақ ауылында өзім оқыған мектепте мұғалім болдым. Ильич ауданында мұғалімдік қызмет атқардым. 1964 ж. Чапаев ауылы Пушкин мектебінде мұғалімдік қызмет ете жүріп, ауылға келмеген свет, телефон, медпункт мәселелерін қозғап, жоғарыға мақала жазып, тиісті министрліктен, мекемелерден өкілдер келіп тексеріп, бас-аяғы бір жарым жылдың ішінде ауылымыз аталған құрылыммен қамтамасыз етілді. Сонда Мұса деген молда риза болып, сиыры бар кісілерге «көрдіңдер ме, жоқтың бәрін ауылымызға әкелдірді, енді бұл мұғалімнің үйіне екі мезгіл сүт беріп, аққа жарытып отырыңдар» деп дайындағаны бар еді (күліп).
Сол ауылда жүріп қойшылардың оқу-тоқусыз жүрген балаларын оқуға үгіттеп, өзбек мектебінде оқып жүрген қазақ балаларына қазақ класын ашып ауыстырдым. Шоқтас ауылына мектеп салдырдым. Кейін Түркістан мен Кентаудың ортасындағы Құшата ауылындағы Жамбыл мектебіне жұмысқа келдім. 1925 жылдары қам кесектен салынған, төбесі пәс, құзданып, апатты жағдайда тұрған мектепті көріп, Қазақстан КП Орталық комитетінің 1-хатшысы Д.Қонаевқа мектеп жағдайын айтып хат жаздым. Осылайша тынымсыз әрекеттің арқасында жаңа мектеп бой көтеріп, ауыл балалары жаңа мектепте білім алды.
Аудандық оқу бөлімінің шақыртуымен Шорнақтың мектебіне қайта келдім. Бұл ауылда 6 оқушы, 4 мұғалім осы поезд жолдың құрбаны болған екен. Екі жағына топырақ үйіп қоя салған поезд жол тұрғындарға өте қауіпті болды. Сонымен мәселені зерттеп «Аспа жолдың азабы» деген мақала дайындап, жолды санаулы күннің ішінде Сауранның қолайлы жағына ауыстырып, жол белгілерін қойып, бұл мәселенің де шешімін таптық. Бұдан шығатын қорытынды, сен жұмыс істейтін орныңа тек өз жұмысыңмен ғана келіп-кетпей, ауылыңа жанашырлық, халқыңа қамқорлық танытсаң істің бәрі алға баса береді деп ойлаймын.
-Сол кезеңнен бастап қоғамның күнделікті кездесетін өзекті мәселелерін назардан тыс қалдырмай зерттеп, мақала жариялап, орындалуын жіті қадағалап отырғаныңызды жақсы білеміз. Солардың арасында «Аралас некеден арылайық, ағайын!» деген мақалаңыз тап бүгінгі күннің қынжылысын айнытпай беріп отыр.
-Ия, «қыздың жолы жіңішке» деп, қазақ халқы қыз тәрбиесіне қашан-да мән берген ғой. Кезінде қызға ауыл болып көздің қырын салып, қадағалап, сырт кісілерден қызғыштай қорыған. Өзімнің балаларым жан-жақта оқып жүргенде мен жиі ойланатынмын. Осы балаларым сыртта жүріп, өзге ұлттың ұл-қызына жолығып, бір-бірін ұнатып, сол кеткеннен мол кетсе ұрпағым азғындамай ма? Балаларымнан, немерелерімнен алыстап кетсек, ата-әже көрмеген олардың болашағы не болмақ деген ойлар маза бермейтін. Сөйтіп оларды осы мақсатта қалайда ауылға қайтуын қадағаладым. Бүгінде олардың бәрі жанымда. Бітірген оқуларына сай әрқайсысы өз еңбектерін жасап жүр. Жиында, мерекеде олардың жиылып келгенін көргенде қуанышым асып-тасиды.
Сол себепті алысқа жібермеген жөн-ау, осы? Оның үстіне ұл мен қызды елден қалмай бақталасып шетелге де жібереміз. Ол жақта «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ», соңында өзге ұлтпен қол ұстасып кетіп бара жатқанда бір-ақ сан соғып қаламыз. Бұл жағдай соңғы жылдары жұқпалы дерт сияқты тіпті үдеп бара жатыр. Мұның бәрі отбасылық құндылықты жастайынан бойына сіңірмегеннің, дәріптемегеннің салдары. Отбасына, ата-ана, бауырларына, туып өскен ауыл-қаласына деген сүйіспеншілікті оятпағаннан деп білемін. Ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, тыйым сөздерді сіңіретін ол – отбасы. Отбасында алатын жақсы тәрбиенің адам өміріне азық болатынын дәлелдеу. Отбасы мүшелері арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастырудың маңызы өте зор. Өнегелі, мерейлі отбасы болу үшін барлық құндылықтардың бір-бірімен астасып жатқаны абзал. Тіпті, сәбиге ұлттық болмысқа сай құлаққа жағымды әрі жарасымды қазақи ат қойғанның өзі баланың болашағына, тұлғалық қалыптасуына әсерін тигізбей қоймайды.
-Жанымызға ауыр тисе де, айтпасқа болмайды. Тастанды балалардың көбейгені, кеше туған шақалағын отырған жерінде тастап кете салу, сатып жіберу… Бұл неден? Мұны қалай ауыздықтауға болады, айтыңызшы?
— Еее, шырағым, Мөңке бидің айтқан заманы келді ғой.
Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Табалдырықтан биік тау болмас,
Туысқаннан мықты жау болмас.
Кер заманның кезінде су тартылар,
Тана менен торпаққа жүк артылар,
Ар-ұяттың бəрінен жұрдай болып,
Қарап тұрған жігітке қыз асылар, — деген екен.
Қыздарымыз жүгенсіз кетіп бара жатыр ғой. «Тәрбие басы – тал бесіктен басталады», мұның бәрі үйде ата-ананың жастайынан берген тәрбиесіне, айтқан сөзіне, ары кеткенде өздерінің іс-әрекеттеріне тікелей байланысты. «Көрсеқызар – нәпсібұзар» дегендей, ертеңін ойламайтын, бір сәттігін ойлайтындардың соңы тасбауырлыққа, ақымақтық жасауға алып келеді. Мейірім-шапағат азайып келе жатыр. «Қызын қымтаған ұялмайды» дегендей, қыз баласына анасы, әжесі, әпке-жеңгелері құлағына құйып айта берсе, бір сөз болмаса, бір сөз есінде қалса – ол да пайда. «Қызды қырық үйден тыю» ешқашан тоқтамау керек.
Ажырасу мәселесінде де дәл солай. Отбасы алдындағы жауапкершілік, татулық, жалқаулық, ішімдік, есірткі сияқты кері әдеттерден аулақ болу, «бірлік болмай тірлік болмайтынын» әрдайым есте ұстау – баянды отбасы болуға жетелейді. Бес күн жалғанда жақсының қадірін біліп, жаманнан жиреніп, салихалы ұрпақ, өнегелі із қалдырғанға не жетсін, шіркін?!