Журналист Роза Нарымбетова! Бұл есімді Түркістанда естімеген адам кемде кем шығар. 1999-2010 жылдары «Тұран-Түркістан» телеарнасында редактор, 2010 жылдан бері қоғамдық-саяси «Дөңгеленген дүние», қалалық «Түркістан» газеттерінде талмай етіп келе жатқан қарымды қаламгердің, ұлт жанашырының ардақты есімі де, абыройлы еңбегі де барша түркістандықтарға етене таныс. Ол жарты ғасырға жуық еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық, мәдени-рухани өміріне белсене ат салысып жүрген ардагер тележурналист.
Роза Нарымбетова саналы ғұмырында түрлі түйткілді мәселелердің шешілуіне, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, өтініш-тілегіне зер салу жолында жанашырлығын білдіріп, қолдау көрсеткен нағыз елдің адамы, еңбегі ерен тұлға. Осы ретте Роза Сыздыққызының өмірбаянына тоқтала кетуді жөн көрдік. Роза Нарымбетова 1955 жылы 23 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. 1972 жылы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектепті «Алтын медальмен» бітіріп, Алматы қаласында С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітірген соң жұбайы, журналист Тоқтар Баймағанбетов екеуі Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде еңбек жолдарын бастайды.
1980-1981 жылдары екеуі де Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде тілші қызметтерін жалғастырып, жемісті еңбектерінің арқасында оқырмандар мен әріптестер құрметіне бөленеді. 1981-1983 жылдары журналист апайымыз Целиноград облыстық телерадио комитетінде радиокомментатор болып жұмыс істейді. Оның сыңғырлаған дауысы қырман басынан, өндіріс орындарынан, егістік алқаптарынан естіліп, тыңдаушылардың ықыласына бөленді. Тынымсыз еңбегінің арқасында сол жылдары республикалық «Ақ бидай» бағдарламасының лауреаты атанды. 1989-91 жылдар аралығында Халық депутаттары Көкшетау облыстық кеңесінде бас маман болып қызмет атқарды.
1992-96 жылдары Көкшетау облыстық телерадио комитетінде, «Информ-Көкше» телерадиокомпаниясында қызмет етті.
Осы ретте Роза Садыққызының марапаттарына тоқталсақ, ол (1984ж.) Облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің 10 мыңыншы санының шығуына байланысты құрмет грамотасымен, (2001 ж.) ҚР тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты Түркістан қаласының әкімі Өмірзақ Әметұлының алғыс хатымен, (2002 ж.) ОҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтың алғыс хатымен, (2003 ж.) ОҚО Түркістан қаласының әкімі Өмірзақ Әметұлының алғыс хатымен, (2004 ж.) ОҚ облысы әкімі жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрағасы Дархан Мыңбайдың дипломымен, (2004 ж.) Түркістан қаласының әкімі Мұхит Әлиевтың алғыс хатымен, (2010 ж.) М.Мәметова мектебінің 60 жылдық мерейтойын өткізудегі ерен еңбегі үшін мектеп директоры Р.Ибадуллаеваның құрмет грамотасымен, (2011 ж.) ОҚО Түркістан қаласының әкімі Қайрат Молдасеитовтың алғыс хатымен, (2013ж.) ОҚО Түркістан қаласының әкімі Бақытжан Әшірбековтың алғыс хатымен, (2013ж.) ОҚО әкімінің «Әлеуметтік сарапшы» номинациясымен, (2021-2022 ж.ж.) Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың алғыс хатымен, (2022ж.) «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атты республикалық байқауына қатысып, 1-дәрежелі дипломмен, (2022 ж.) Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың алғыс хатымен, (2023 ж.) ТО Түркістан қаласының мәслихат төреағасы Ғаппар Сәрсенбаевтың алғыс хатымен, (2023 ж.) «Түркістан Медиа» ЖШС директоры М.Дәулетовтың алғыс хатымен марапатталды. Бұл қыруар еңбектің көрсеткіші екені айқын.
1999-2010 жылдары Түркістан қаласында «Тұран-Түркістан» арнасында еңбек жолын жалғастырып, күмбірлеген дауысы мен мейірімді жүзі барша түркістандықтарға танылды. Осылайша, Қазақстанның еңбек сіңірген халық әртісі Роза Рымбаева әншілік өнерімен халықтың сүйіспеншілігіне бөленсе, журналист Роза Нарымбетова апайымыз еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында халықтың қошеметіне ие болып, тілші Розаның атқарған еңбегі әнші Розадан кем болған жоқ десек артық айтқандығымыз емес. Иә, Роза апай дегенде адамның асыл қасиеттерінің бірі, адамды шыңға жетелеп, мақсат-мұратына уақытында жеткізетін қасиет – еңбекқорлығы жайлы таңды таңға ұрып айтуға болады. Рас, адамды адам еткен еңбек! Ол – дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Роза апайдың елге танылуы да сол ешкімге ұқсамас қажыр-қайратының арқасы деп білеміз.
Жоғарыда айтып өткендей, университетті бітірген соң өзі келін болып түскен Көкшетау өңірінде талмай еңбек етіп, ширек ғасырдан соң туған жері Түркістанға оралады. Ол кез көне шаһарымыздың 1500 жылдық мерейтойымен тұспа тұс келеді. Осы тұста нағыз жанкешті еңбегін көрсететін сәт келгендей. Қаламызда ашылған жалғыз «Тұран-Түркістан» телеарнасында телевидениенің алғашқы түренін салып, қолынан микрофонын тастамай, елдің тыныс-тіршілігімен біте қайнасады. Киелі қаланың әр бұрышынан калт еткен жаңалықты қағыс жібермеуге тырысады. Маңызды жаңалықтар, ыстық ақпарат, тың деректер ең әуелі жаңалықтар жаршысы Роза Нарымбетовадан келіп жететін.
Осылай түркістандық тумалардың бірі – тарихи қала жылнамасын теледидар, газет салаларында қасиетті қаламымен тербете жазып, еселі еңбегін сіңірген журналистика ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Роза Сыздыққызы туған қаласының қарыштап дамуы мен тыныс-тірлішігін паш етіп қана қоймай, өз саласында қаншама шәкірт тәрбиеледі, телевизияның қыр-сырына баулыды. Қаланың қоғамдық өміріне араласып, «Жыл адамы-2002» атағына ие болды. Оның ұшқыр қаламынан туған еңбектері мен телехабарлары оқырман тарапынан да, көрермен тарапынан да лайықты бағасын алып келді. Роза Нарымбетованың басылым беттерінде жарық көрген «Би патшалығының падишасы», «Жақсы бала – мектеп мақтанышы», «Қырық шаңырақ – қырық тағдыр», «Өңірде медициналық қызметтің сапасы артып келеді», «Түркі әлемінің туристік астанасы көркейе түсуде», «Түркістанның жасасын тұмарлары», «Елу жыл күлкі сыйлаған», «Өнім өңдеу цехының өрелі ісі» т.б. сан жетпес мақалалары еңбек адамдарының қиын да қызықты қызметі жайлы сыр шертеді. Мамандығына деген құрмет пен адалдықты ұстанған маман иелерінің жұмысының астарында жатқан қыруар еңбек туралы сөз қозғайды. Түрлі айтулы мамандық пен маман иелері туралы зерттеп, көз майын тауыса халыққа паш ете отырып өзі де талмай еңбектенеді. Еңбектің нәтижесін көрсетеді.
Роза Садыққызы бүгінде жасы жетпіске таяп қалса да, «мен зейнет жасындағы адаммын» деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Керісінше, нағыз еңбек адамының қандай болатынын дәлелдейтін шаққа келгендей. Ардагер журналист қазіргі таңда ғасырға жуық тарихы бар қалалық «Түркістан» газетінде жастармен бірге талмай еңбек етуде. Көркейіп келе жатқан облыс орталығының әр бұрышында іс-шаралар қыз-қыз қайнауда. Қай шараның басында болсын сап түзеген сарбаздай уақытылы келіп өз ісіне кірісіп кеткен Роза апайды кездестіресіз. Мәселенің мәнін зерттеп, мол мәліметке қанықтырып, телефонға сатырлатып жазып материалын алғашқылардың бірі болып өткізетін Роза апайдың сарқылмас күш-жігері расында баршаға үлгі. Жанындағы жастар ақыл-кеңес сұрап, қырағылығы мен шапшаңдығына қызығып, өнеге алады.
Ал биыл, Роза апай үшін жемісті жыл болды деуге болады. 28 маусым – Журналистер күніне орай Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-сі «Шаңырақ» байқауын, Түркістан облыстық мәслихаты журналистер арасында «Мәслихат 30 жыл» байқауын ұйымдастырды. Осы байқауларда Роза Нарымбетова өзінің нағыз іскерлігі мен тынымсыз еңбегін көрсетті. Оның әлеуметтік желіде «Шаңырақ» байқауына ұсынған «Түркістанның тұмарлары» атты қалаға еңбегі сіңген қыз-келіншектердің еңбектері туралы сериялар топтамасы, «Алғыстан алқа таққан ақ желеңді абзал жан», «Өмір сені сүйесін, сүйіп өтем», «Адам болам десең, Абайды оқы», «Ата қоныс қасиеті», «Алға жетелеген арман», «Тағы да керуен келді қазыналы», «Түркістан ауруханасының тұғыры биік», «Менің сүйікті көршім», «Антонның қолтаңбасы» секілді тақырыбы айтып тұрғандай көптеген қызықты материалдары оқырмандардың, қазылар алқасының көңілінен шығып, бас жүлдеге ие болды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, сол күні қорытындыланған «Мәслихат 30 жыл» шын мықтыны анықтайтын жүйріктер додасында Роза Нарымбетованың Түркістан облыстық мəслихатының депутаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы Қалыйма Жантөреевамен жүргізген сүбелі сұхбаты жеңіске жеткізіп, 2-ші орын 500 мың теңгені қанжығасына байлады. «Әрекетке берекет» демекші, мұның барлығы журналистер ұстазының тынымсыз еңбегінің, мол күш-қайратының, мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасы деп білеміз. Байқауда жеңіске жетіп, марапатталғанын көрген жандар «Апай, байып кеттіңіз ғой» деп әзілдегенін құлағымыз шалып қалды. Иә, апай расында бай, арқасында мол мұра қалдырған, заман ағымына сай еңбектің көзін тапқан, табандылығы мен іскерлігін, мамандығына деген адалдығын дәлелдеген апай бай, мол қазынаға ие! Осындай жаны жайсаң, кімге болсын қолынан көмек бергенше асығып тұратын, тынымсыз еңбек ететін апаймен жұмыс істеу бақыты бұйырған біз де — әріптестері, шәкірттері баймыз!
Өз ісінің үздігі Роза Нарымбетова үшін жемісті жыл болды деп айтып өткеніміздей, өзінің кәсіби мерекесінде майталман журналист «Журналистика – менің өмірім» атты шығармашылық кешін өткізді. Дүбірлі шығармашылық кешке қатысқан әріптес журналистер Сейдулла Садықов, Бекжігіт Сердәлі, ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева, «Фараб» кітапханасының маманы Дана Хантөреқызы, Түркістан Медиа Холдинг ЖШС-нің басқарушы директоры Тельман Бейсен, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Жармаханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан бөлімшесінің төрағасы, ақын Айдар Сейдазым, апаймен бірге еңбек еткен әріптестері, сыныптастары, достары қатысып жүрекжарды ізгі тілектерін білдірді, өнегелі өмірінен сыр шертті.
Кештің айрықша тұсы — «Түркістан» газетінің директоры, Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы міндетін уақытша атқарушы Мәлік Жұмаханұлы Р.Нарымбетованы Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының «Құрметті журналист» төсбелгісімен марапаттады.
Еңбегі еленіп, құрметке бөленіп, жұлдызды сәті туған Роза Нарымбетова бұл күні өзіне ғана емес, өзгелерге де мерекелік көңіл-күй сыйлады. Иә, «Туған жерге – туыңды тік» дегендей, Көкше өңірінен бастау алған еңбек жолын өзінің туған жері — қасиетті Түркістан қаласында жалғастырып, кіршіксіз атқарып келе жатқан Роза Сыздыққызының сара жолы – табанды талабының, өжет мінезінің, туған жерге шынайы махаббатының айқын көрінісі.
Роза Сыздыққызы осылайша тынымсыз еңбек ете жүріп, сүттей ұйыған отбасының берекесін кіргізіп, жолдасы Тоқтар Баймағанбетов екеуі екі ұл бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлағатты ұстазымыз — ардақты ана, аяулы әже.