Бәріміз де шыр етіп жерге түскенде өз өміріміз, өз тағдырымызбен түсеміз. Маңдайға жазған тағдыр-талайымыз бар. «Өмір» атты үлкен айдынның тереңіне батпай жүзу үшін де қажыр-қайрат, жігер керек. Қала берді, өскен орта, ұшқан ұя, отбасындағы тәрбие мен ұлттық құндылықтардың қосар үлесі бар. Біздің кейіпкеріміз балалық шағы, өскен ортасы, жанұялық тәрбие туралы әңгімелегенде, атамыз қазақтың көрегенділігіне, даналығына, дала философиясының қате кетпейтініне тәнті боласыз. «Болатын баланың бетінен қақпа, белін бу», «Баланы жілік ұстағанынан таны», «Ақылды тентек, есі кірген соң өзі-ақ қояды», — деген пәлсапалар талай рет өзін ақтаған. Қалыйма да «Шаңқобыз үні» — деген эссесіне өзек еткен Рәзия әжесі туралы толғана әңгімеледі. Бәлкім, оқырман көкейінде «Депутат пен әженің не қатысы бар?» деген ой да қылаң берер. Қатысы бар. Өйткені, адам бойындағы барлық қасиет отбасынан басталады.
«Мені алғаш көрген адам мінезі өте қатал деп ойлайды. Кез келген адам бетіме ойларын айта алмайды. Тіксініп тұрады. Сұстым бар. Шешемнің әкесі өте үлкен би болған. Бір ауылды аштықтан аман алып қалған. Кейіннен Қырғызстанға қоныс аударғанда, сол жақта ол кісіге ескерткіш тұрғызылған. Кейіннен Рәзия әжемнің қолында өстім. Әжем шаңқобыз тартатын. Тартқанда да керемет бір сызылған үнмен тартушы еді. Өзі де ұзын бойлы, қараторының сұлуы еді. Әжем өмірден өткенше көзкөргендер «Би атаның үйіндегі апамыз» дейтін, — деп бастаған еді әңгімесін Қалыйма замандас.
Қалыйма бастауыш сыныпты сол кезде «Отрабатта» оқып, білімін Жаңақорғанда жалғастырған. Қарағанды қаласындағы кооператив, Алматы қаласындағы экономика институттарын, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ін бітіріп, үш бірдей жоғары білім алды. Шәуілдірдің «Культхозгалантерея» базасында тауартанушыдан бастап директорлыққа дейін өсті. Білімге өте құштар болды. Математика, экономика ілімдерін қиналмай игеретін. Шығынға батқан өндірісті банкроттықтан шығарып алған кездері де бар. Яғни, экономикалық білімінің өмірде көп жағдайда пайдасы тиіп келеді десе де болғандай. Одан ойламаған жерден сырттай дауыс беру арқылы партияға келді. Бұл орайда Қалыйманың сөзге шешендігі, көпшілікті соңынан ерте алатын ұйымдастырушылық қабілеті көзге түсті ме, сол кездегі «Отан» партиясының басшысы Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың таңдауы оттай жанып тұрған Жантөрееваға түссе керек. Сол кезден бастап Қалыйманың партия тынысымен өрілген қоғамдық өмірі басталып кетті. Кейде ой жіберіп қарасаңыз, өмірде ешбір нәрсе кездейсоқ болмайды екен. Бала күнінде өзі бауырында өскен сүйікті әжесі «Обком қызым» дейтін. Жарықтық әжесінің аузына құдай салды ма, әлде «Ата-балаға сыншы» деген ежелден қалыптасқан тұжырымның шындыққа айналуы ма? Осы жұмысқа шақырған кезде әжесінің сол сөзі есіне сап ете қалған: «Е, мынау, тағдыр ғой» деп ойлаған. Шынында да, Қалыйма бала күнінің өзінде тыныштық таппайтын тынышсыз болып өсті. Өзгелер ойын ойнауға құмартса, жауқазын жас түске дейін мектептегі сабағын оқып, түстен кейін үйірмелерді жүргізуге баратын. Тіпті, Мереке атты математика пәнінің ұстазы үйге оқушылардың дәптерін тексеруге беретін. Қыза-қыза келе, өзінің сыныптастарына баға да қойып жіберіп, мұғалімнен ескерту алған кездері де бар. Үй шаруасына құлқы жоқ Қалыйманы көрген жеңгесі әжесіне: «Апа, үйдің тірлігіне үйретсеңізші. Ертең барған жерінде қалай болады? Не мынау?» десе, әжесі: «Обком қызым жүре берсін!» — деуші еді. Бұрынғының адамдары не деген данышпан? Не деген көреген! Ешқандай институт бітірмей-ақ тәрбие мектебінің ғылымын игерген.