Өмірде себепсіз ештеңе болмайды. Неге болса да ,бір нәрсе түрткі болып, су бетіне шығады. Маусымның он сегізінші жұлдызы күні фейсбукті ашып қалсам, белгілі журналист, сыршыл ақын Ақмарал Ғаниқызының суреті алдымнан жарқ етіп шыға келді.
Күлімсіреп тұрған әдемі фотоның астына мына мазмұндағы мәтін жазылыпты: «Бүгін- 18- маусым, мен үшін ерекше күн. Меншікті мерекем. Мұқағалиша жырласам,»Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!» Жасым он сегізге келмесе де,көңілім көктем, жаным жас.Қыздың жасы жұмбақ, әрине. Өткен жылыма өкпем жоқ, келер жылдан үмітім де көп.Аллаға шүкір, өтіп бара жатқан жасымда Умра сапарына аттанып, Мекке менен Мәдинаны көрдім.Бұл мен үшін үлкен бақыт болды. Себебі, әкем үшін Бәдәл умра жасап, сол кісінің алдындағы перзенттік парызымның бір бөлшегін өтедім,-» деген жолдарды оқығанда, журналистика саласында жүрген өзім танитын қаламгер арулардың әке алдындағы перзенттік парызы , әке жолын қуған кәсібі туралы көптен бері ойымда жүрген тақырыпты қозғап жібергендей болды.
Біздің халқымыз , әдетте, Алладан «ұл» сұрайды. Ол орынды да , заңды да. Ұл- мұрагер. Ұл- ұлт қорғаны. Ұл- ата даңқын, әке атын шығаратын ұрпақ сабақтастығының кепілі. Ұл- ұрпақ жалғастығы. Қара шаңырақ иесі. Бір, сөзбен айтқанда , Жаратқан ием » әу» бастан ұлды артық етіп жаратқан.Бүл- талқылауды да дәлелдеуді де қажет етпейтін аксиома.. Дегенмен, өмірден бір түйгенім, байқағаным, кейде «жат жұртқа жаратылған» нәзік те қырмызы қыз баланың да әке даңқын асқақтатып, атын шығара алатынын, әке кәсібін жалғастырып, бақилық болған жанның «екінші ғұмырын» санамызда жаңғыртып, ол кісілер біздің көз алдымызда жүргендей әсер қалдыратынын байқадым. Байқадым да сүйсіндім. Намысты, өр мінезді, өжет қыздың ұлға татитыныны да рас .Соның ішінде жоғарыда айтып өткен ақпарат саласында әке жолын жалғастырып жүрген арулар туралы әңгімелесем деймін.
Сөз басын ақиық ақын Қаныбек Сарыбаевтың қызы, танымал журналист, «Сауран» аудандық газетінің бас редакторы Ләззат Сарыбаевадан бастасам, бүгінгі таңдағы ақпарат айдынында ойып алар өзіндік орны бар Ләззат сіңлімді танып- білгеніме де ширек ғасырға жуық уақыт болған екен. «Журналистика» атты әлемде, «ақпарат құралы » атты » бір терінің пұшпағын» илей жүріп, сырлас , сыйлас құрбыға айналдық.
Қабілет- қарымы мол Ләззаттың өзге жетістігін айтпағанда, осы салада еңбек етіп, қаламгерлік жолды ұстануының өзі- әке арманын орындаудың бір белгісі дер едім. Жүрген жүрісі, мінез-құлқы, кісіге шаншыла тік қарап, тік сөйлейтіні, қашанда шындықтың туын көтеріп, аққа жақ болатыны — аумаған Қаныбек ағамыз! Қандай жағдайда да қырын сындырмайтын, қаршығадай қыран қабақты ағамызды көзіміз көргенмен, жақындауға жүрегіміз дауаламайтын еді. Алыстан амандасып, ақберен өлеңдерін тыңдап, поэзияның мөлдір бұлағынан сусындағанымызға мәз болушы едік. Тек біз ғана емес, » менмін» деген мүйізі қарағайдай ағаларымыздың өзі ол кісінің алдында тартынып тұратын. Қызмет бабында сұхбат алғанда да өзі қажет деп тапқан әңгімесін қанағат тұтып, сауал қоймай кете баратынбыз. Әлі есімде, бір жолы газетке жазылу науқанына байланысты Алматыдан марқұм Дидағаң ( Дидахмет Әшімханов), республикалық» Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшиддин Паттеев бастаған кілең ығай мен сығай жазушы, журналистер киелі қалаға ат басын бұрып , Қ.А. Иасауи кесенесінің кітапханасында алқалы жиын өтті. Алыстан ат арытып келген меймандарды қарсы алушылар арасында Қаныбек Сарыбаев ағамыз да бар. Ол кезде кесене директоры өзіміздің аға буын әріптесіміз Темірхан Рыскелдиев . Әңгіменің арқауы басылым туралы болғанмен , оқырмандар сауалына орай тақырып та сан алуан бағытқа өзгеріп отырды. Қаныбек ақын күндей күркіреп өлеңдерін оқыды. Салиқалы әңгімесін айтты.Сол бір шағын кездесудің өзінен біз Қанекеңнің үлкен әдеби ортадағы зор беделін аңғарған едік. Ләззат осындай » алтынның сынығы». » Апырай, қыз бала да әкеге осылай тартады екен- ау-«, деп қайран қалғандарды талай көрдік. Ол туралы Ләззаттың өзі де » Түркістан» газетінің 75- жылдығына орай жарық көрген жарықтық Балтабай Нұржанов ағамыздың » Тоғысқан тағдырлар» атты кітабына енген » Әке ізімен келемін»- атты мақаласында былай деп тебірене жазады:
«Тағдыр демекші, әкем Қаныбек»Қызым, сені тағдырың журналист етіп отыр. Осы жолда әлі- ақ жарқырап көрінесің»-, деп үнемі айтып отыратын.Үзілер шақтағы айтқан сөздері де есімде… Негізі менің өмірімді әкемсіз, әкемнің өмірін менсіз, яғни қызы Ләззатсыз елестету мүмкін емес.Өйткені, әкемнің жаны әдебиетке қаншалықты жақын болса, менің жаным да соншалықты жақын болды. Тағы да әкемнің жүрген жолдарымен мен де келемін.Қай салада жүрсе де әкем ақын деген ұлы сезімнің жетегінде жүрді. Өз тағдырымен бір өзі алысты.Әкемнің көрген қиындықтарын, жапа шеккен кездерін мен де өз жүрегіммен сезіне білдім.Әкемнің күнделікті айтып отырған сөзінің өзі үлкен өсиет еді маған.Әсіресе,» Ақ парақ пен көк сияға адал бол!Ешкімнің еңбегіне қиянат істеме!»- деген сөздері. Адам баласына екінші өмір сүруді жазатын болса, мен тағы да Қаныбек Сарыбаевтың қызы болып туылуымды тілер едім. Мен мақтанамын әкем Қаныбек Сарыбаев есімімен»- деп толғанады Ләззат Қаныбекқызы.
Осы жолдарды оқи отырып, ақиық Қаныбек ақын тірі болса, ол да Ләззат қызымен , сүйікті қызының әке өсиетіне, журналистикаға адалдығына, жалпы адамдық бейнесіне, әке даңқын шығарған асқақтығына мақтанар еді деп ойладым.
Тағы да сол мақалада Ләззаттың былай жазған жолдары бар:
«Жақында ғана болған мына бір оқиғаның есіме түсіп тұрғаны.Редакция ғимаратына енгенім сол, әкем қатарлы үлкен кісінің маған таңырқағанын жасыра алмай:»Құдды өзі. Сен Қаныбектің қызысың ба?- дегені.» Иә» деп жатырмын танымайтын адамға бірден жалпақтамайтын әдетіммен.»Ойпырмай, тіпті мінезіне дейін айнымай қалыпты.Ойпырмай,- а, осыншалықты ұқсайды екен- ау, өзі?»- деп жатыр.Қайда жүрсем де , мені әкемнің достары құрметтеп жүргені.Әкеңнің жақсы болғаны маңдайға біткен шамшырақтай.Жақсы адамның шарапаты мәңгіге таралады деген рас екен.Сондықтан адам баласы тек өзі үшін емес, келешек үшін өмір сүру керек екен. Сонда ғана жасаған жақсылықтары ескеріліп,өшпес аты қалады»- деген түйін жасайды Ләззат естелігінде. Айтса айтқандай, Ләззатты көрген сайын, оның бүгінгі күн тақырыбына жазған көкейтесті мақалаларын оқыған сайын, тіпті, кейде, көңілдің кейбір сәттерін өрнектеген өлеңдерін оқығанда Қаныбек ағамыздың өзін көргендей күй кешемін. Ұрпақ сабақтастығы. Қанмен берілетін қасиет қате кетпейді екен.» Ұрпақ жалғастығы»- демекші, Қаныбек ақынның есімін өзі қойып кеткен Поэзия немересі өткен жылы тұрмысқа шығып, биыл Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Аяла есімді сәбилі болды. Осылай қайталанбас Қаныбек Сарыбаевтың өлеңдегі де, өмірдегі де жолы жалғасып келеді.
Ал, енді, бүгінгі күні қолыма қалам алып, осы мақаланы жазуға себепкер болған Ақмарал сіңлім туралы әңгімелемей тұрып, жаны жайсаң, ақкөңіл, қарапайым , еңбекқор, елге сыйлы азамат, қарымды қаламгер Ғани Ысқақов ағамыз туралы сыр бөліскім келеді.
Мыңдаған оқырмандар, әсіресе, мұғалімдер асыға күтіп отыратын, тағылымы мен тәлім- тәрбиесі мол, өзі негізін қалаған «Ұстаз» газетінің бас редакторы, Түркістанның «Жыл Адамы», Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, өзіндік ерекше қолтаңбасы бар шебер журналист Ғани Жақсылықұлымен арамызда әріптестік, ағалы- қарындастың сыйлы, жылы қарым- қатынасы болды. Мен» Тұран- Түркістан» теле арнасының тілшісімін. Ол кісі Түркістан қалалық білім бөлімі жанынан шығатын «Ұстаз» газетінің редакторы әрі қалалық білім бөлімінің жетекші маманы. Ол кезде оқу бөлімі » Бәйтерек» мейрамханасының жанындағы бұрынғы салық комитетінің ғимаратында болатын. Білім бөлімінің басшысы талапшыл, қатал , істің көзін таба білетін Гүлсара Зияйдинова. Күнде жиналыс. Күнде бір іс- шара. Құрал- сайманымызды арқалап екі араны жол қыламыз. Сондайда үлкен кабинетті бір өзі иемденген Ғани ағамызға амандаса кіреміз. Кейде жағдайға қарай сұхбат аламыз. Қашан көрсең де , жүзінен шуақ төгіліп тұрады. Шаршағанын да, ренжігенін де білдірмейтін » сабырдың суын ішкен», өте мәдениетті, кішіпейіл, ардақты азамат еді марқұм. Жұмысы ауыр екенін осылай барып- келіп жүргенде аңғарып қалатынбыз. Ол кісіні әріптестер» Бір өзі- бір редакция ғой Ғанекең»- деп көтермелеп айтып жүруші еді.Шынында да, тілші де өзі, редактор да, корректор да, тіпті фотограф та өзі. Қалалық білім бөлімінде өтіп жатқан іс- шаралардың бәріне өзі қатысып, өзі жазады. Ол кезде «Полоройт» деген фотоаппарат болатын. Түсірген суретті сол сәтте түрлі- түсті етіп бірден шығарып береді. Сол фотоаппарат үнемі қолында. Өте қағылез, жұқа өңді, көздерінен жылылық төгіліп тұратын жігіт ағасы жылдам қозғалатын.Ақиқатында, баспасөз ақпарат құралдары өкілдерінің, мейлі ол журналист , мейлі фотокорреспондент болсын,бейнеті ауыр. Бірақ, соны былайғы жұрт біле бермейтіні өкінішті. Сонда Ғани ағайдың бір ерекшелігі, әлгі ақпаратты бізбен, яғни, телеарнамен бірдей шапшаңдықта, оперативті жеткізеді. Ғажап! Қазір Ақмаралды көрген сайын , осы асыл ағаны көргендей әсерде боламын. Қазіргі таңда Ғани ағайдың өзіндей фотоаппаратпен жұмыс істеп жүргенін бірінші рет көргенде тіптен қайран қалдым. Әке мен перзентінің бейнесі көз алдымда алма- кезек ауысып, тұтас бір тұлғаға айналып кеткендей еді. Ақмарал қалалық «Тұран- Түркістан» теле арнасында бірнеше жыл жемісті еңбек етті. Көңілден шыққан хабарлары көрермен көзайымына айналды. Енді, міне, ҚР Мәдениет қайраткері Лиза Шамет басқарып отырған Түркістан қалалық Мәдениет басқармасында баспасөз хатшысы. Ұжымның «жылт » еткен жаңалығынан көпшілікті хабардар етіп жатады. Суретке де өзі түсіреді. Құдды әкесі сияқты бесаспап. Қағылездігі! Оперативтілігі! Қаламының қарымдылығы! Оған ақындығын қосыңыз.Қалалық «Түркістан» газетінің ағымдағы жылдың сегізінші наурыздағы санында жарияланған «Әкеге сағыныш атты өлеңінде:
«-Асқар таудың шынарымен тең едің,
Қос қызыңды қарлығашқа теңедің
Ұямыздан ұзап кеттің жыраққа,
Мәңгі ұшып, қайта айналып келмедің.
Қоңыр күзі қарашаның қаралы,
Тырнай бермек аузы ашық жараны.
Сезесің бе, асыл әкем, ардағым,
Естеліктер сағым болып барады.-, деп жүректегі жазылмас жараның сыздауықтай сырқыраған сезімімен бөліседі. Енді бірде » Сағындым , әке, иісіңді,»- деп «Түркістан» газетінің оқырмандарына сағынышын паш етеді.
«17- сәуір-әкемнің дүниеге келген күні.Көзі тірі болғанда 69- жасқа толар еді. «- деп жазады Ақмарал осыдан екі жыл бұрынғы әлеуметтік желідегі жазбасында.-Бүгінде зіл батпандай қайғыны көтерсем де, менің әкеге деген сағыныш сезімім уақыт өткен сайын үдеп барады.Сарғайған сезімді ақ қағазға түсіріп, естелік ретінде жазба жазуды жөн көрдім. Әкемнен небары 16- жасымда қапыда айырылып қалғанмын.Енді ғана есейіп, болашаққа бет түзеп, ақ пен қараны айырып, қатарға қосылған шағымда әкем өмірден өтті.Өткінші өкініш емес, мәңгілік дертке айналды.Ай асығып, жыл жылжығанмен » Әкеге» деген сағыныш өзекті өртейді, жараның аузын тырмалап,дертке дауа, жанға шипа болуға қауқарсыз. Сағынамын. Аңсаймын. Іздеймін. Кезінде мен де әкемнің өзі жан- тәнімен терін төгіп ашқан, күндіз күлкісін, түнде ұйқысын бөліп,шынайы еңбек пен бейнеті астасқан ұстаздарға арналған»Ұстаз» газетінде тілші қызметін атқарған едім. Ендігі менің міндетім- әкемнің көрмей кеткен белесі мен шыға алмай қалған шыңдарын бағындыру. Асқар тауымның салып кеткен ізіне, арман- мақсатына масаттанып, осындай жанның қызы болғаныма мақтанамын.»- деп алдына мақсат қояды әкесінен айнымай қалған, әке жолын қуған Марал қыз.
Келесі кейіпкерім- педагог зерттеуші, М.Жұмабаев атындағы қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, бастауыш сыныптан бастап мерзімдік басылымдарға қалам тартып, жетінші сыныпта бүгінгі » Түркістан», бұрынғы «Коммунистік еңбек» газетінің штаттан тыс тілшісі куәлігін иеленген, журналистика тікелей мамандығы болмаса да, шығармашылыққа бүкіл өмірін арнап мерзімдік басылымдар мен әлеуметтік желілерде түрлі тақырыпқа қалам тербеп жүрген,, қасиетті қаламды өмірінің серігі еткен Шолпан Мәмбетаева— тоқсан жылдық тарихы бар аталмыш басылымға маңдай тер, еселі еңбегін сіңірген ардагер — журналист , газеттің ең жұмысы ауыр саласы- секретариатта жауапты хатшы болып қызмет атқарған, өкінішке орай, елу бес жасында өмірден өткен арда азамат Жұмабек Мәмбетаевтың қызы.
Тәлім- тағылымы мол тақырыптарды жүйелеп, оқырман қауымға мөлдіретіп ұсынып жүрген Шолпан Жұмабекқызы жазбаларының бірінде әкесін былайша есіне алады:
«Қолында блокноты мен қаламы бар журналист көрсем, марқұм әкем көз алдыма елестейді.Газет- қоғамның айнасы іспеттес.Өз мамандығына соншалықты жауапкершілікпен қарайтын журналистердің еңбегін кез- келген адам түсіне бермейді.Марқұм әкем газеттің әр саны баспадан шығар кезде үйге қонбай, кабинетінде ұйықтай салатын- ды.Жергілікті газеттің жауапты хатшысы қызметін мінсіз атқарды.Әкем өлсе де, өзін де, көзін де көргендер әлі күнге дейін тапжылмай еткен еңбегі мен жасаған жақсылықтарын айтады,-» деп марқаяды.
Бар ғұмырын газетке арнаған Жұмабек Мәмбетаев туралы қазіргі таңда өзі де тарих жылнамасының төрінен қарап тұрған тағылымды тұлға Балтабай Нұржанов «Естен кетпес есімдер» атты естелігінде:» Редакциядағы жұмыстың жүгі ауыры- жауапты хатшыныкі.Таңертең ерте келу керек, кеш кету керек.Газетке басуға рұқсат бергенше тыныштық жоқ.Жұмекең тумысынан осы жауапты хатшылыққа жаратылғандай еді.Жұмысқа ерте келеді, кеш кетеді.Бір қолында- сигареті, екінші қолында қаламы,келесі нөмірдің жобасын жасап, қарбаласатын да отыратын.Былай қарасаң, макет сызу, баспаханадан беттеліп келген бетті көру, оның кемістігін толтыру бір адамға аз жұмыс емес.Тіпті, шабан қимылдасаң үлгере де алмайсың. Ал, Жұмакең үлгеретін.Және ара- арасында ауыл мен қаладағы жаңалықтарды «Ж.Түркістанұлы» деген бүркеншік атымен жариялап та жатады.Мақалалары өз алдына, жетпісінші жылдары газеттің төртінші бетінде» Қожанасыр әңгімелері» тұрақты беріліп тұрды. Оны өзбекшеден аударатын Жұмекең»- деп еске алады аға буын әріптесін ол.
Редакция өмірімен біте қайнасқан жандардың естеліктерінен келтірілген шағын үзінділер сол кездегі газет жұмысының толассыз тіршілігінен сыр шертеді. Газет тарихында өшпес ізі, аяулы есімі қалған қаламгерлердің бірі- Оразхан Жұманов. «Түркістан» газетінің жетпіс бес жылдық тарихының энциклопедиясы іспетті «Тоғысқан тағдырларда» Балтабай ағамыз:»80-90- жылдары ауылдан үзбей мақала жазып тұратын Оразхан Жұманов кейін редакцияға жұмысқа келді. Тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болды.Қаламы қандай ұшқыр болса, өзі де сондай елгезек, жаны жайсаң жан еді. Ажалға дауа жоқ.Арамыздан ерте алып кетті»- деп өкініш білдіреді. Осы жинаққа топтастырылған мақалалардың бірі-2002 жылғы 28- маусымда жарық көрген журналист Ләззат Сарыбаева «Газет шығып жатыр»- атты мақаласында Оразхан Жұманов туралы баяндай келіп:» Жатқан жері жайлы болғыр, марқұм Оразхан Жұманов ағамыз редакцияның ішкі жұмыстарына басшылық жасап,бастықтың ауырын жеңілдетіп жүретін еді.Қайран Орекем- ай, орныңыз білінді ғой бізге.»Оразхан әлі- ақ ортамызға оралады. Аз- кем шыдаңдар»,- деп редакторымыз орнына уақытша адам алудан да бас тартып, бізді жігерлендірумен бірге осы адамгершілігі арқылы ауыртпалықты жеңілдетіп- ақ жүрді.Амал не? Оразхан аға бүгін ортамызда жоқ»- деп күйінеді . Осындайда дана халқымыздың » Орнында бар оңалар,»- деген жұбанышты сөздерінің текке айтылмағанын бағамдаймыз. Қалалық » Тұран- Түркістан» телеарнасының қабылдау бөліміне бас сұққан сайын жылы жымиып алдымыздан шығатын Фариза Оразханқызы аққұба өңді, көрікті жігіт ағасы Оразхан Жұмановтай азаматты есімізге түсіреді. Фариза да әке кәсібінен алыстамай, ақпарат саласында қызмет етіп жүр. Сағынышқа толы жазбалары да көпшілікке ой салады. Әсіресе, немересіне Оразхан атасын портреті арқылы таныстырған эссесі шағын болғанмен, мәнділігімен есте қалып, мәңгілікке аттанған қаламгер ағалардың соңына бір- бір ізін жалғаған қызғалдақ- қыздарын қалдырып кеткендігін дәлелдегендей әсер етеді. Қарап отырсаңыз, әке мен қыз бала арасында ерекше бір тартылыс күші бар секілді. Жоғарыда әңгімемізге арқау болған асыл азаматтардың бәрі де қыздарын бойтұмардай қастерлеп сенім артқан. Бойындағы қасиеттерін көрегендікпен көре білген.Әрі періште- көңіл қыздар әке өсиетіне, аманатына адалдық танытып ,сол сенімнен шыға білген. Олардың салып кеткен алтын соқпағын қаламгерлікті пір тұтқан, әке жолын қуған перзенттері Шолпан, Ләззат, Ақмарал, Фаризалардың жалғастыруы — осының айғағы. Әке даңқын асқақтатқан әсем арулар!