Түркістан қаласындағы Қ. А. Иасауи атындағы ХҚТУ- нің номері жетінші, «юрфак» аталатын ғимаратында өтіп жатқан іс- шараға қатысу үшін табалдырықтан аттай бергенімде, ең алғашқы ойыма оралған сөз осы болды. Үш алып. Әрине, алып сөзінің мағынасы кең, жан жақты. Алып тұлға. Алып ел. Жалпы алыптар, батырлар, алып күш иелері.. Ал, бүгінгі мен сөз еткелі отырған алыптар — өнер алыптары.
Өзім көзін көрген, сөйлескен, сұхбат алған, өнегелі әңгімелерін тыңдап, әсерлі әндерін өз орындауында тыңдау бақытына ие болған тау тұлғалар. Өткен күн естеліктері бүкіл жан- дүниемді қопарып жіберді. Қазақстанның халық әртісі, өнер қайраткері Райымбек ағамыздың Түркістан топырағына қазақтың театр өнерін жандандыру үшін басқан алғашқы қадамы, өнер факультетін ашу, оған өнерпаз жастарды іріктеу жолындағы жанкешті еңбегі, университет сахнасында өткен алғашқы қойылымдардың тұсаукесері, қазіргі өзінің атындағы театрға қол жеткізу үшін сіңірген еңбегі, одан кейінгі де театрдың тіршілігі, дәл бүгінгідей көз алдымнан кинолента үзігіндей сырғып өте шықты. Олай болатын да жөні бар. Мен сол кездегі Түркістан қаласындағы телевизия саласындағы бірден — бір ақпарат құралы «Тұран- Түркістан» теле арнасында қызмет істей жүріп, театр өмірімен біте қайнасып кеткендей едік. Қарымды қаламгер, Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Тұран- Түркістан» теле арнасының бас редакторы, шын мәніндегі өнер жанашыры марқұм Асан Әмірбекұлы Оспановтың тапсырмасымен оператор әріптестеріммен асай- мүсейімізді көтеріп қашанда театрдан табылатын едік. Райымбек ағамыз кабинеті шағын болғанмен, мысы басым, төрде тау тұлғадай болып, тәтті барбарисімен ішіп отырған шәйінен ауыз тигізетін еді. Ресми сұхбатымыз біткеннен кейін де жымия отырып айтатын әңгімелері қандай еді?! Театрдың екінші қабатындағы сол бір шағын кабинетте киелі өнердің қасиеті, келешегі, өткені мен бүгіні жайлы айтылған естеліктер санамда жаңғырып тұр. Міне, сол асыл аға бүгін ортамызға өзінің есімі берілген сахнасы арқылы қайта оралды. Іс- шараға ұрпағы, келіні, жан- жары Нинель ханым қатысты. Ұлы тұлғасын ұлықтаған туған халқын көрді. Тебіренді. Нинель апайымызды қаумалаған көпшіліктен зорға бөліп алып, бір сәттік сұхбат алудың сәті түсті.
Біріншіден, осы іс- шараны ұйымдастырып жатқан Қ.А. Иасауи атындағы ХҚТУ-нің басшылығына, ректоратына, соның ішінде Жанар Аманкелдіқызына айтар алғысым шексіз. Өйткені, кімді болсын еске алып тұрмаса ұмыт болып кете береді. Кейде өлгендер түгіл тірілерді де есімізге алып, ұлықтамай жатамыз. Сол жағынан келгенде бұл енді жақсы шара деп ойлаймын. Келесі ұрпаққа да үлгі- өнегесі көп. Сондықтан да бұл біз үшін ғана емес, өсіп келе жатқан үшін де керек. Халқымызда осындай адамдардың болғанын біліп жүрген ешқандай жамандық әкелмейді деп ойлаймын. Оның үстіне осындай Түркістан топырағынан туған, сондай дәрежеге жеткен өнерде жалғыз Райымбек! Осы күнге дейін ешкім жоқ. Кейде өзіміз басқа жақтан келген біреулерге асты- үстіне түсіп құрмет көрсетіп жатамыз- дағы, өзімізден шыққан адамдарды еске алмай жатамыз. Жасыратыны жоқ, ол біздің халқымызда бар нәрсе. Ал, енді, тікелей бүгінгі іс- шара туралы айтар болсам, былтырдан бері фестиваль өтіп жатыр Райымбек Ноғайбайұлының атынан, сондай- ақ, сахнасынан өнер факультетінде оқып жүрген студенттердің спектаклін көріп қуанып отырмын. Өйткені, Райымбек өзі ұстаз болып жүрген кезінде денелі, сырт келбетіне қарасаң көз тоятындай студенттерді қабылдайтын. Кейінгі кездерде кейбір театрларда актёрлардың ұсақтап кеткен көріністер барын білеміз. Ал, бүгін қарап отырып, Райымбектің актёрлар таңдау шеберлігінің әлі де тірі екеніне көзім жетті. Жаңа сахнада жүрген жігіттердің бәрі сайдың тасындай. Актёр болғасын сырт кейпі де келіп тұру керек. Ішкі дүниесі де соған сай болып тұру керек. Бір сөзбен айтқанда, қай жағынан болса да атына заты сай студенттер бар екен деп қуанып отырмын-«,деп қысқаша сұхбатын аяқтаған Нинель апайға тағы бір сауалымызды қойып үлгердік.
— Райымбек ағаны біз театр тарланы, өнердегі биік тұлға ретінде танып- білеміз. Ол кісі отбасында қандай еді?
— Рекең — өмірде тұйық адам болатын. Ішіндегі сырын айта бермейтін. Мен оның ренжігенін, немесе қуанғанын, жалпы көңіл- күйін қас- қабағына қарап байқайтынмын. Өзі аса ашылып ештеңе айта қоймайтын. Жалпы , өмірде ішкі сырын айта қоймайтын тұйық болатын.
«Бүгінгі күні біздің ұстазымыз Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметовтың өнер майталмандарына арналған акт залы, сахнасы ашылып жатыр. Бұл жер- біздің ұстаханамыз. Осы жерден алғашқы дәрістерімізді алғанбыз. Осы жерде ұлағатты ұстазымыз Райымбек аға сабақ берген. Бізге сонысымен қымбат, сонысымен көзге ыстық. Осы киелі сахнадан, құт мекеннен әлемге танымал өнер иелері шығады деген сенімдемін. Бұл — ұлы ұстазымыздың барша шәкірттерінің қуанышы»- дейді қуаныш сезімі арнасынан асып тұрған өнер тарланы, шәкірттерінің алғашқы легінде келе жатқан танымал актёр Нұржан Ізтаев.
Менің мақалама өзек етіп отырған іс- шара ағымдағы жылдың сәуір айының соңғы күндерінде, нақтылап айтсам, 26- сәуір күні Қ.А.Иасауи атындағы ХҚТУ- нің спорт және өнер факультетінен ҚР Халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залының, ҚР Халық әртісі , профессор Қажыбек Бекбосынов пен ҚР Халық әртісі, профессор Рахима Жұбатырова атындағы қос аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі.Бұл жарқын күннің жоғары оқу орны тарихында да, көне қаланың мәдени өмірінде де ұлыларын ұлықтаған ерекше күн ретінде айшықталып, ұрпақтан ұрпаққа өнеге болатыны сөзсіз. Бұл туралы сол күнгі жиынды ашып, жүргізген университет ректоры Жанар Амангелдіқызы Темірбекова :» Былтыр жазда жоспарлап,күзде бітіріп,қыста апаларымызды шаршатпайық деп көктемге қалдырған іс- шарамызды бүгін өткіздік. Ұстаздар мен шәкірттердің, жанұялар мен достардың толқып,көңілдері тасып, ерекше сезім мен атмосфера орнаған күн болды.Ұлы тұлғалардың есімі университетімізде мәңгі сақталады»- деп жазған еді кейіннен әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Осы орайда, университет басшысының өнердің, мәдениеттің, ана тіліміздің жоқтаушысы екендігін, шын жанашырлығын бұдан бұрын да байқатқан бір жиын есіме түсіп отыр. Наурыз айының басында аталмыш оқу орнында «Қазақ тілі— ғылым тілі: дәстүр және инновация» деген тақырыпта ауқымды симпозиум өткізіліп, оған еліміздің түкпір- түкпірінен небір ұлы ғалымдар мен оқымыстылар қатысып, ой бөліскен болатын. Ол туралы белгілі қаламгер Мәлік Дәулет басқарып отырған қалалық» Түркістан» газетінде жан- жақты жазылған болатын. Осы бергені мол симпозиумның қорытынды бөлігінде өнер факультетінің студенттері симпозиумға қатысушылар назарына «Яссауи жолы» қойылымын ұсынды. Қойылым басталар алдында ректор Жанар Амангелдіқызы сөз сөйлеп, кешке қатысып отырған қадірлі қонақтармен таныстырған еді. Сол саусақтың саласындай қадірменді меймандар арасында өнер әлеміне танымал тұлға Асхат Маемиров жылы пікірлерін білдіре келіп былай деп еді:
«Санаулы минуттан кейін театр қойылымы басталады. Театр өнері салтанат құрады сахнада. Бүгінгі симпозиум шын мәнінде, тек қана ғылыми теориялық жағынан емес, практикалық жағынан да жақсы басқосу деп есептеймін. Себебі оның әуезді, сұлу, керемет поэтикасын, үнін шын мәнінде дәлелдейтін өнердің бірі және бірегейі — театр өнері. Актёрларымыз сахнадағы. Біз өте қуаныштымыз. Бүгін Иассауи атындағы ХҚТУ-өнер факультеті кезінде көрнекті театр қайраткері, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Райымбек Сейтметов ағамыз құрған факультет, ашқан факультет, сол факультетте театр әртістерін дайындады. Қазіргі таңда осы облыс орталығының өзінде үш бірдей театр болса, соның көш басында Райымбек ағамыздың қолтаңбасы жатыр деп есептейміз.Сондықтан өте қуаныштымыз. Театрдың ең басты миссиясы да ,—рухани құндылықтарды дәріптеу.Қазақтың фольклорын, жыраулар поэзиясын, этнографиясын, барлығын, дүниелерін біртұтас көрсету. Сондықтан жүректері өнер деп соққан, шымылдықтың аржағында тұрған біздің болашақ актёрларымызға тек қана өнерде ақ жол тілегім келеді. Және Қ.А.Яссауи тек Түркістанға, ғана емес, бүкіл түркі дүниесіне ортақ тұлға . Сондықтан Иассауи туралы тек тарихи драмалар ғана емес, опера да жазу керек. Балет те қойылу керек. Тіпті жастардың жүрегіне жол табатындай мюзикл де сахналанып жатса , рухани кеңістігіміздегі тұлғаларды дәріптеу болып есептеледі. Және Яссауи бабамыз туралы бүгінгі осы бүгінгі симпозиумға арнайы қойылуының өзінде бір сенім бар. Қазақтың поэтикасын сақтап қалған. Осы шығарманы жазған белгілі драматург, жазушы, әрі ғалым Жолтай Әлмашұлы. Енді бір ұсыныс. Райымбек ағаның Түркістанға келіп, университеттің іргетасы қаланған кезде осы факультетті құрғандығы, актёрларды дайындағандығы белгілі. Мен өзім өнер саласында осы музыкалық театр актёрларын дайындайтын профессор ретінде айтамын, біздер үшін, актёрлар үшін оқу театры деген бір үлкен ұғым. Бұларда спектакльдер қойылады. Бұларда театрлық форма бар. Театрлық идея бар. Бұларда сахналық драматургиялық, шығармалардың сөйлеу тілін табамыз. Сондықтан бір ұсыныс театр, өнер қайраткерлерінің атынан. Осы ХҚТУ- дегі оқу театрына Райымбек Сейтметов ағамыздың есімін берсе екен деген үлкен ұсынысымызды айтқымыз келіп тұр. Ертең Райымбек Сейтметовтың туған күні. Сондықтан жастардың өнер аспанында қанаттары талмасын! -деген еді театр өнерінің қайраткері Асхат Маемиров. Алайда, сол тұста бүгінгі тұсаукесері жасалып отырған сахнаны жөндеу жұмыстары аяқталып, салтанатты ашылуға дайын тұрған еді. Жақсы мен жайсаңдардың, өнер мен мәдениет, білім өкілдерінің ойлары бір жерден шығып, сол күні Жанар Амангелдіқызының айтқан сөздің іске асқандығының куәсі болдық. Міне, сөз бен істің қабысуы! Міне, ұлыларды ұлықтаудың жарқын көрінісі. Сол күнгі іс- шараға қаншама жан тебіренді. Үш тұлғаның туыс- туғандары. Өнер сүйер көрермен қауым. Университет ұжымы. Баспасөз ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы дарын иелеріне жасалған құрметті оқып- білген әлеумет! Осынау ардақты жандармен жүздескенімді бақыт санаған бір менің ғана жүрегімде болып жатқан тебіреніс- дүрбелең!.. Міне, ұлыларын ұлықтаған оқу орнының жан- жағына шашқан шуағы!
Үш жүздің әнін айтатын керемет дарын иесі Қажыбек Бекбосыновтың сол жылдары Түркістанға келгені есіме түсіп отыр. Осындай тұлғаның қаламызға келіп, университетте сабақ беріп жүргенін кездейсоқ біліп қалып, «Тұран- Түркістан» телеарнасының «Руханият» айдарымен берілетін бағдарламаға шақырдым.Өте қарапайым, кішіпейіл алтын ағатайым — ай! Домбырасын алып, студияға келген күні есімде. Ұмытпасам, термоста дайындап алған шайы бар еді.»Дауысымызды күтіп жүрмесек болмайды бізге! Ара- арасында тамақ жібітіп отырайын. Сөзіңнің жобасына қарағанда біраз ән айтатын сияқтымыз ғой»- деп еді. Хабарымыз,, шынында да, бір сағаттан асып кетті.
«Ылдидан салса төске озған» дегендей,, әрбір әнді орындаған сайын бәйгеде бауырын жазған жүйріктей тынысы ашылып, керемет кқсіліп еді. Әрбір әннің тарихын баяндай отырып әрбір әнді орындағанда, дауысы біздің шағын студиямызға сыймай, кернеп бара жатты. Бұрыннан тыңдап жүрген, құлаққа сіңісті болған әндер орындаушы шеберлігінен бе, әлде ән тарихының әсерінен бе, ерекше өңмен өрнектелгені есімде. Әсіресе, Мұхиттың «Зәурешін» орындамай тұрып, отыз ұлдан қалып, ұзатылып кеткен қызының амандығын араға айлар салып, жер аяғы жіпсіген кезде білуге келген қарт әкенің жерленгелі жатқан жеріне кез болып, өкіріп жылағанын әнге салып:
Уа, Зәуреш, сенің үшін елден келдім,
Баяғы өзің көрген жерден келдім.
Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,
Иіскеп, бір сүйейін деген едім.
Қайыңның жазда көрдім жапырағын,
Құланның тауда көрдім шоқырағын.
Сен қалған отыз ұлдан Зәуреш едің,
Бір уыс бұйырмады топырағың.
Сақталмас болат пышақ қын болмаса,
Өтірік неге керек шын болмаса.
Зарланып саулы інгендей келгенімде,
Басыңды бір көтерші тым болмаса,-» деп шырқаған кезде әннен әсерленгенім сондай, көзімнен аққан жасымды тия алмай, түсірілімге біршама үзіліс жасаған едік. Қажыбек аға өзінің әнге сүйіспеншілігі, Талдықорған облысы,Қапал ауданы, Қоңыр ауылының Ұзынбұлақ бөлімшесінде өткен балалық шағы,шөп шабуға бара жатқан ат- арбаға шалқасынан жатып алып, кең аспанға қарап, қиялдап, ән шырқайтыны туралы, өнердегі ұстазы Ғарифолла Құрманғалиев жайында , Ұлттық ғылым академиясының академигі Рахманқұл Бердібайдың шақыртуымен келіп, «Спорт және өнер «факультетінде «Орындаушылық шеберлік» кафедрасында жұмыс жасап жатқандығын үлкен тебіреніспен әңгімелеп еді. Өкінішке орай, сол бейне таспалар сақталмады. Асыл ағаның өтінішімен көшірілген таспаның сапасы да нашарлау болып, сақтауға келмеді. Ол кезде кірпіш сияқты төрт бұрышты BHС кассета болатын.
Ағыл- тегіл ақтарылған әсерге толы бір ғана хабар ардақты ағамызбен екі араға сыйластық қарым- қатынас орнатып, көрген жерде жадырай амандасушы едік. Дарын иесінің атындағы аудиторияны аралай жүріп осы өткен күндер естелігі есіме түсті. Жарықтық Мәрия Мерешева апамызбен, ақын Есжан Айнабековтың жары Шәкизада Мырзалиевамен бірге ғалым Құлбек Ергөбек ағамыздың дүниеден өткен аяулы анасына көңіл айта барғанымызда , төрде отырған тау тұлға ағамызды соңғы рет көрген екенмін. Сол жолы да Баян жеңгеміздің жомарт көңілімен жайылған дастарханнан дәм тата отырып, Қажыбек ағаның әдемі әңгімелерінен сусындаған едік. Жақсымен өткен әр күнің арада қанша уақыт өтсе де шуағын шашып, көңілге себезгілеген сәулесін түсіріп тұрады екен.
Осы мақаланы жазу барысында ұлағатты ұстаз, қоғам белсендісі Несіпкүл Мейманханқызымен жүздесіп қалдық. Өнер, әдебиет, мәдениет десе ішкен асын жерге қоятын Несіпкүл Утебаева менің әсерленген әңгімемді тыңдап келе жатып, » 2022- ші жылы қала мектептерінде өткен өнер байқауларының бірінде Қажыбек Құдайбергенұлымен қатар отырып қазылық жасаған сәтін, ол кісінің жер жаратын құдіретті даусының дүние жүзін таңдандырған Әміре Қашаубаевты еске түсіретіндігін, кішіпейілділігі мен әділдігін тамсана айтты. Көрермен көзайымы деп осы бір ғана мысалды айтсақ болар.
Университет ұжымы ұлықтаған үшінші тұлға- Абай атындағы қазақ опера және балет театрында отыз төрт жыл еңбек етіп, «Біржан мен Сара», «Ер Тарғын»,Алпамыс», «Қамар сұлу», «Чио-чио-сан» сияқты атақты опералардың бас кейіпкерлерінің партиясын өте сирек кездесетін «лирико- драмалық сопрано» дауысымен орындап, кез-келген өнер иесіне бұйыра бермейтінрольдерді сомдаған Рахима Төлегенқызы Жұбатұрова.
Таңдайына бұлбұл қонған керемет дарын иесі сонау Ұлы Отан соғысы қызып тұрған 1943- жылы наурыз айында. Өзбекістан Республикасы, Әндіжан қаласында дүниеге келген, алапат заманның шет жағасын басынан кешірген ұрпақтардың бірі. Алайда, бақытын өнерден тапқан Рахима Төлегенқызы Алматы консерваториясында білім алып, әлемнің атақты өнер иелері Ирина Архипова, Фуат Мансұров, Бэлла Руденколардан тәлім алды. Ермек Серкебаев, Нариман Қаражігітов сынды өнер тарландарымен сахна сәнін кіргізді. 2004-ші жылы Райымбек Сейтметов ағамыздың шақыртуымен аталмыш университеттің» Вокалдық өнер мамандығының » кафедрасына меңгеруші болып, шәкірт тәрбиеледі. Қазіргі таңда сахна саңлағына айналған Оразкүл Дәулетова, Ерлан Жандарбай,Жұлдыз Мұсаева, Әйгерім Әлжанова сынды шәкірттерді тәрбиеледі. Өнер иесінің, ұстаз өмірінің жалғасы осындай дарынды шәкірттерінде болса керек.
Сол күнгі іс шара соңында көпшілік назарына ұсынылған Рахымжан Отарбаевтың «Айна ғұмыр» драмасын да университеттің төртінші курс студенттері сахналады. Ұлылар ғұмыры , ұлылар дарыны осылай ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек! Бүгінгі әңгімемізге өзек болған үш алыптың, үш тұлғаның ғұмыры!