Шымкентте жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім соңғы екі жылда 22 пайызға азайған. Дәрігерлер мұны жүректің ишемиялық және өткір коронарлық синдром ауруларында науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмектің көрсетілуімен байланыстырады.
Шымкент Жүрек Орталығы — Қазақстанның оңтүстік өңірінің көшбасшы клиникасы, халыққа кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті биік деңгейде көрсететін. Жас және өршіл кәсіби команда ашық жүректегі оталардын барлық түрлерін жасайды, сонымен қатар интервенциялық процедуралардың барлық түрлерін.
Мәселен, Шымкент Жүрек орталығы ангиографиялық бөлімшесінің меңгерушісі Исабек Керімқұловтың жетекшілігімен жылына 5000-нан астам адамға жүрек ауруларында коронаграфия жасау отасы яғни, қан тамырларының бүтіндігін зерттеу әдісі мен зақымдалуы кезінде стент орнату операциялары жасалуда. Қымбат бағалы ота түріне жататын коронаграфия әдісінің құны 400 мың және стент орнатудың бағасы 1,5 миллион теңгеге жуық тұрады. Күрделі ота дертке шалдыққан азаматтар үшін қолжетімді және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен қаржыландырылуда.
Шымкент Жүрек орталығының білікті дәрігерлер құрамы туа бітті немесе жүре пайда болған ауыр жағдайларда жүрек қақпақшаларын алмастырады. Жүрекке ашық ота жасау, стент қою және жүректің ишемиялық ауруларын анықтауда коронаграфиялық тексеру әдісі осылайша өлім-жітім санын азайтып, мыңдаған адамның өміріне араша болуда.
Мәліметке сүйенсек, былтыр аталмыш орталықта 4000-нан астам адамға жүректің ишемиялық аурулары мен өткір миокард инфарктісінде коронаграфиялық ота жасалып, 2500-ге жуық науқастың жүрек қан тамырларына стент орнатылған.