Алматыда дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың көшпелі оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Олар қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады.
Оқу-жаттығуға 12 спортшы қатысуда. Іріктеуден өткен 10 спортшы (6 ер адам, 4 қыз) көшпенділер ойындарының ережелеріне сәйкес жарыстарға қатыспақ. 2 спортшы резервте болады.
«Жаттығулар өте қарқынды жүріп жатыр, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына аз қалды. Сондықтан біз қазір жаттығуды күшейтіп, жаңа әдістерді үйреніп жатырмыз. Спортшыларымыз халықаралық деңгейде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бүгінде спорттың осы түрі бойынша Көшпенділер ойындарына қатысуға 35 ел тіркелген, бұл деген 300-ге жуық спортшы. Барлығы біздің спортшылармен бір аренаға шығып, бірінші орынға таласады. Осындай дайындық арқылы біз жақсы нәтижелерге қол жеткізе аламыз және спортшыларымыз тұғырда көк туымызды міндетті түрде көтереді», — деді дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы — Диас Ахметов.
Ал дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ербол Тапенов «Мен 5 жылдан астам уақыттан бері дәстүрлі садақ атумен айналысып келемін. Бұл ерекше спорт, өйткені ол зейінді, шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. Қазір V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықтан өтіп жатырмыз, іріктеуден өттік, ойынға қатысушылар құрамына кірдік. Өзімізді жоғары деңгейде көрсетеміз деп ойлаймын», — деді.
Естеріңізге сала кетейік, республикалық садақ ату федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар қауымдастық құрамына бәйге, көкпар, аударыспақ, асық ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, JORYQ федерациялары да бар. Ал қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.